Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ: Даланың атқа мінген баласымын


Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, ақын-журналист Дәулетбек Байтұрсынұлы – халықаралық «da Қазақстан» журналының бас редакторы. Осыған дейін «Халық кеңесі», «Ислам және өркениет» газеттерінде тілші, Қазақстан Жазушылар одағынан шыққан «Әдебиет айдыны» газетінде бас редактордың орынбасары, «АнАрыс» баспасында бас редактордың орынбасары болып жұмыс істеді. Өлеңдері 1988 жылдан мерзімді баспасөзде жарияланып тұрады. «Жас толқын» топтамасына енген. «Күнәсіз мекен», «Мәңгілік мекен», «Ләтипа лүпілі» жыр жинақтары жарық көрген кейіпкеріміз «Әріптестер әлемінің» бүгінгі қонағы.

– Ғасырлар қойнауына көз жүгіртер болсақ, менің туған жерім де қазақ даласының айырылмас бір бөлігі. Шығыс пен батысқа көсіліп жатқан Тянь-Шань тауының бөктері. Қытай Халық Республикасының Іле қазақ облысы Монғолкүре ауданында 1964 жылы 8 наурызда өмір есігін ашқанмын. Туған жерім – 2000 жыл бұрынғы Үйсін мемлекетінің ту тігіп, орда салған Шаты қаласының ежелгі жұрты. Ес білгенде көргеніміз – қаз-қатар тізілген үйсін обалары, қираған қаланың қиқымдалған қалдығы. Бабалар рухы көңілге медет болған шығар, «жат өлкеде жаралыппын» деп өкінген емеспін. Қазақстан деген елдің бар екенін байыптап өссек те ораламыз деген ой үш ұйықтасақ, түсімізге кірген емес. Тек 1991 жылғы 16 желтоқсан оқиғасы заманды да, саясатты да, шекараны да түбірінен өзгертті. Сонымен бірге жан-дүниеміз жаңарып, көзқарасымыз күрт өзгеріп, күркешеден шығып, күллі әлемге қарайтын қасиетке ие болдық.
Мен негізі бұзықтар мен қиқарлардың санатынан емеспін. Табиғатым жуас болғандықтан, тәртіпті тәрк еткен кезім болған жоқ шығар. Кәдімгі көшпенді қазақтың көлік мініп, көсіліп шапқан бір баласымын. Малды ауылдың, қайнаған қазақы өмірдің ортасында өскендіктен, ат мініп, мал қайырудан басталған әуесқойлық шабандоз болып, бәйге атына мініп, аламан жарыстың қою шаңынан сытылып шығып, алға ұмтылған сәттерге жалғасты. Әкемнің бажасы Хамидулла ақсақалдың баптаған жүйрік аттарына мініп, әлденеше рет жүлделі орындарға жеткенім бүгінгідей көз алдымда. Мені өзіне ілестіріп, дала заңына тәрбиелеген нағашы ағам Бекмұхамет өзімен бірге көкпардың додасына да, қуғынына да көп салды. Жалпы, балалығым ат үстінде жорға мен жүйріктің тізгін ұшында өтті.
2-сынып оқып жүргенде, бір күні өрістен мал айдап келе жатыр едім, ши түбінен пыр етіп ұша жөнелген торғайдан тор құнаным жалт беріп, үркіп кетті. Абайсыз келе жатқан мен толқып барып, құнанның бір қапталына ауып кеттім. Аяғым үзеңгіден өтіп кетіп, құнанның қапталына салақтап, малмен бірге үйге келіппін. Құдай сақтағанда, құнан тепкілемей, аман қалғанымның өзі сенер-сенбестей. Осы оқиғаны досым Құл-Керім Елемеске егжей-тегжейлі айтып берген едім, ол кісі балаларға арнап, «Тәңір сыйы» деген әңгіме жазып, «Балдырған» журналына жариялады. Сондағы бала кейіпкер мен едім.
Ендігі бір естен кетпейтін оқиға, бір жолы дода десе, арқасы қозатын ағалар көкпарды топтан шығарып, менің алдыма өңгертті. Жүйрік Қарагермен ойқастап жүрген мен көкпар қолға тиісімен ауыл қайдасың деп аңыраттым-ай келіп… Жүздеген кісіні артқа тастап, суырылып шығып, жүйткіген қызыққа еліріп кеткен болуым керек, алдымдағы Жіңішкесудың жарына тура келгенімді бір-ақ көрдім. Бұра тартуға аттың басы көнбейді. Тоқтауға екпіні ерік бермейді. «Нар тәуекел» деп тізгінді қымтай ұстап, қамшыны осып жібердім. Арғы жағаға дік ете түстім де, ердің басына қыса ұстаған көкпарымнан айырылмаған күйімде ауылға тарта бердім. Артыма бір қарағанымда, жұрттың бәрі өткел іздеп екіге жарылып, жағада шауып жүр екен. Сонда ғана ат қарғытқан жерімнің арнасының кең екенін сезгендей болдым.
Бірнеше жыл бұрын Жамбыл ауданы Көкбастау бәйге алаңында ақындар Бауыржан Жақып, Мұрат Шаймаран үшеуіміз алдымыздан шауып бара жатқан жүйріктерді сынағанымыз бар. Бір қызығы, сол жолы мен белгілеген 13-нөмірлі Тарғаптың тор аты бірінші келді. Соны көрген Бақытжан Майтанов сияқты үлкен кісілер дәл менің атым озып келгендей қол беріп, құттықтап еді.

ЖАНБОЛАТТЫҢ МЕКТЕБІ

– Біздің балалық шағымыз Қытайдың мәдениет төңкерісіне тұспа-тұс келді де, ертегі-әңгіме, қисса-дастандар, ұлттық жәдігерлер шектеуге ұшыраған кез еді. Әкем Байтұрсын «Нүсіпқан зарлы», «Қыз Жібек», «Сайрам аңызы» секілді жыр-дастандарды қолдан көшіріп әкеліп, отбасында өлеңдетіп бізге оқып беретін. Үйге сыр шашпайтын көне көз қариялар, сыйлас ағайындар, құда-жекжаттар келгенде, әлгі дастандарды қайталап оқудан жалықпайтын. Біз де қанша рет оқыса, сонша рет тыңдай беретінбіз. Ести-ести жаттап та алған кезіміз болды. Енді ойласам, ертегі-аңыздарды шешем айтатын да, дастан-толғауларды әкем оқып беретін. Мектептен бұрынғы әдебиеттегі ұстазымыз осы кісілер секілді.
Бастауышта көшпелі мектепте оқығандықтан, мұғалімдер көп ауысты. Дегенмен еңбегі сіңіп, есімнен шықпайтыны – Батырбай және Сатыбалды деген ұстаздарым. Ылғи да сағынышпен еске алатыныма қарағанда, оңды тәрбиелеп, ойландырған сәттері көп болған шығар.
Ал әдебиетке ақын ретінде келгендіктен, алғашқы өлеңім 9-сыныпта оқып жүрген кезде жазылған сатиралық туынды. Сын-сықақ, мінеу, шенеу сипаты басым еді. Олай болатыны хат танығаннан бастап, қолдан-қолға көшірілген Көдек Маралбайдың өлеңдері өнерге деген қызығушылығымды оятып, поэзия әлеміне құмар етті. Көдек жырлары көркем және сыншылдығы басым болатын. Менің өлеңдерімде ол кісінің үлгісі көрініс таба беретіні сондықтан. Алайда батылым жетпеді ме, өзіме сенбедім бе, өлеңдерімді басылымдарға 24 жасымда ғана ұсына бастадым. Ал жоғары оқу орнын физика мамандығы бойынша бітіргенмін. Қытайда жүргенде 30 жасыма дейін физика пәні бойынша ұстаздық міндеттер өтеп келдім. Ол жақта газет-журналда істеу ойда болғанымен, қолым жетпеді. Алайда өлеңдерім, кейіндеп мақалаларым үздіксіз жарияланып тұрды. Бірте-бірте қимасам да, физикадан алыстап, әдебиетке жақындай бердім. 1994 жылы Қазақстанға өткен күннен бастап, үзілді-кесілді шешім қабылдап, бұл жақта мұғалім болмауға, тек қана газетте жұмыс істеуге ниет еттім. «Шын жыласа, соқыр көзден жас шығады» дегендей, позициямды айқындап алғандығымнан белімді бекем будым. Менің журналистикаға келуіме сол кездегі «Ауыл» газетінің бас редакторы Ділдар Мамырбаева әпкеміздің себебі күшті болды. Алла қолдап, «Халық кеңесі» газетінің бас редакторы Жұмабек Кенжалин, бірінші орынбасары Жанболат Аупбаев, жауапты хатшы Қыдырәлі Қойтаев ағалар алдымнан кездесіп, қол ұшын берді. Бүгінде ««Егемен Қазақстанның» елге белгілі бас редакторы Жанболаттың мектебінен өткем» деп айтып жүремін. Бұл кездердің сабағы менің кейінгі «Әдебиет айдыны» газетінде бір кісідей жұмыс істеп кетуіме үлкен пайдасын тигізді. Оның үстіне мейірімді, жылы жүректі жазушы Талаптан Ахметжанға кез келуім «жақсымды асырып, жаманымды жасырып» қолдаушылық танытты.
Жұбайым екеуіміз 5 жастағы ұлымыз Өркен мен 3 жастағы қызымыз Нұркенді жетелеп, шекарадан өткеміз. Одан бері де 17 жыл… Өркен жоғары оқу орнын бітіріп, жігіт болды. Қызым КазҰУ-дың студенті. Олар мен секілді жартылай адам емес, Тәуелсіз Отанның өз түлегі ретінде өсіп келеді. Таза қазақы тәлім-тәрбиемен қазақ мектебін оқып бітірді, сонымен бірге менің тісім батпаған орысшаны меңгеріп алды. Осыларды сезінген сәттерімде алғашқы қиын кезде елге жеткенімді мақтаныш сезінемін.
КҮНДЕЛІККЕ СЫР АЙТҚАН КҮНДЕР
– Жұртқа жария ете бермейтін сүйікті ісім – 30 жылдан бері күнделік жазып келемін. Күнделік жазу менің қаламнан, қағаздан алыстап кетпеуіме септігін тигізіп, жазушылық деген жағалауға байлап ұстады. Ол нағыз көркем әдебиет болмағанымен, көңіл түкпіріндегі көп ойдың ортаға шығуына себепші. Күнделік арқылы іш босатып, жүрекке түскен салмақтан жеңілдеп отырдым. Өзгелерге өсек айтып кетуден сақтанып, ақ қағазбен сырласып, алдағы күндерден үміт күттім. Соңғы кезде сол күнделіктерден «арғы бет пен бергі бетті» толғайтын 25 дәптерді реттеп, қайта тергізіп қойдым. Қарап отырсам, небір қызық оқиғаларға кездескенімді енді білім жүрмін. Бұл күнделігім алыстағы ағайынның Отан құшағына оралудағы арман-тілектері, бұралаң жолдары, кездескен қиындықтары, шектелген шекарадан өткен өмір іздері екен. Тәуелсіз елге табан тіреген алғашқы сәттердің әурелеңі, орыс тілін білмей опынған кездер, баспанасыз жатақхана жағалап жан сақтаған сәттер көрініс тапқан екен. Әлем тілдері университетінің сол кездегі ректоры, бүгінгі мәжіліс депутаты Әділ Ахметовтің жылы қабағы мен сияқты сергелдеңге түскен сегіздің басына пана болған кездері де күнделік бетінен көрінеді…
КӨРКЕМ МІНЕЗ – АДАМДЫҚТЫҢ АЙНАСЫ

– Оңашада болсын, көптің арасында болсын, бір ғана ой – адам боп, келген соң, адам боп өмір сүру, құл екенімді мойындап, бір құдайға құлшылықтан танбау. Алғашқы кезде жазған бір шумақ өлеңім есіме түсіп тұр:
– Тарта берем, мен алға, тартып келем,
Ажал атты қорғанға қамалғанша.
Ел тағдыры жолында артық көрем –
Өмір сүру, өлуді адамдарша…
Аллаға мың шүкір, бастан қандай бір істердің өткеніне қарамастан, өкінішім жоқ. Алла өмір берді, өсірді, ойлаған ойға, жүрген жолға жеткізді. Осының өзі – баға жетпес байлық. Әрбір атқан күнді көру, мынау ғажайып дүниенің хикметін сезіну, иемді танып, иелігіне кіргенім – сарқылмас қуаныш.
– Ақын деген – ағыл-тегіл төгілу,
Қажет болса, қан майданда тіліну.
Адамдардың көңілінде көмілу,
Әрбір атқан таңдар сайын тірілу!
Бес күндік сынақ өмірде сақтаушымның назарынан тыс қалмауға бекіндім. Біреу мені жақсы көрсін десем, алдымен оны жақсы көруім керектігін, біреу мені сыйласын десем, алдымен оны өзім сыйлауым керектігін түйдім. Өзгеге өзіңе тілегендей жақсылық тілемейінше, шынайы сүйіспеншілік ешқашан қалыптаспайды. Ынтымақ пен ырыстың бастау көзі – көркем мінезде, ал көркем мінез – адамдығымыздың айнасы.

Қаншайым Байдәулетова

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s

%d bloggers like this: