Archive for 2011 Қыркүйек

Қара өлеңнің Хантәңірі

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Ақтамберді болып ақтарылып, Махамбет болып кектенген, Абай болып терең күрсінген, Жамбыл болып жырлаған, Мағжан болып мұңайған, Қасым болып от кешіп, Төлегендей сағынышқа енген қасиетті қазақ өлеңінің төрінде ақиық Мұқағалидың алатын орны алабөтен. Қарасаз атты қараша ауылда туып-өсіп, Хантәңірінің етегінен түлеп ұшқан мұзбалақ ақынның жырлары бүгінде әр қазақтың көкірегінде сайрап тұр. Ол өлең өлкесіне өзінің ерекше үнімен келіп, қарапайым да асқақ болмысымен, шыншыл да шымыр өлеңдерімен жадымызда мәңгі қалып қойды.

Талайлы тағдыр маңдайынан сипай қой­маса да, қазақтың қара өлеңін кие тұтқан ақын ағынға қарсы жүзіп, түптің түбінде жұл­дызының биіктен жарқырап тұратынын жан-жүрегімен сезіп, сәулелі санасымен бол­жай білді.

Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін,

Алынбаған ақым бар сенде менің… – деп, ақындық жолындағы қиын кедергі­лер­ге қасқайып тұрып қарсылық білдірген ақын­ның жұдырықтай ғана жүрегі қаншама бат­пан салмақты көтере білді! Ақын жырла­ры негізінен лирикаға құрылғанымен, он­да­ғы нәзік қалтарыстардан салмақты ой мен сіз бен біздің кеуде тұсымызды шымыр­лат­пай қоймайтын ауыр бір мұң сезіліп тұра­ты­ны сөзсіз. Ақын шығармаларына үңіл­ген са­йын әркім өзін танып жататыны және аян. Ен­деше, оқырман Мұқағалиды емес, Мұ­қа­ға­ли оқырманын өзі тауып алатын сияқ­ты. Мұн­да әлдебір тылсым күштің әсері сезі­ле­тін­дей. Расында да, «махаббатпен басталып, па­ра­сатқа ұласқан» Мұқағали поэзиясы еш­кім­ге ұқсамайтын мазмұн-сипатымен тым ер­ек­ше, әр сөзі сондай анық әрі жүрекке жақын.

Ол өзі өмір сүрген заманның сұр­қия­лы­ғы мен әділетсіздігін жан сүзгісінен өт­кізіп, қаймана қазақтың сөзін сөйледі. Мұ­қа­ғалидың тағы бір ерекшелігі, ол, шын мә­нін­де, ұлттың ақыны ғана болып қалмай, төр­т­кіл әлемде болып жатқан түрлі құбы­лыс­тарға бейжай қарай алмайтын қалам иесі ретінде ғаламдық тұрғыда ой толғаған кең тынысты талантқа ие болды. Өлеңге құ­былыс болып келген ол адамзатты тол­ған­дырған тақырыптарға барды. Төл әде­бие­т­імізден нәр ала отырып, әлем клас­сик­терінің туындыларымен тамыр жал­ғас­тырды.

Ғаламды санасымен құша отырып, ол ақ қағазға өз мұңын төгу арқылы қазақтың ішкі дертіне шипа іздеді, жетімін желеп-жебеп, жесірін жұбатуға жылы сөзін сарп етті. Сұрапыл соғыстан кейін ұлт басына төнген ауыр жылдар, кеңес заманының қызыл саясаты тудырған зауал мен ұмыт қала бастаған тамырлы ата дәстүріміз бен иманымыз Мұқағалиды да толғандырмай қой­мады. Ұлтымызды құрсауда ұстап, ба­сы­мызға бұғалық салған кеңестік идео­ло­гия Мұқағали музасын мазасыз күйге тү­сір­ді. Алайда ноқтаға басы сыймаған ақын­­ның жүрегі аласұрып, ақ жолдан адас­пай, ақиқат іздеуден тартынбады. Ол өзі жырға қосқан үш бақытын – Халқын, Тілін, Отанын аялап өтті. Қазақтықтан ажы­ра­ған қоғамда өмір сүрген ақын азаттықты аңсады. Қай өлеңін алсаңыз да, оның аста­ры­нан бостандыққа ұмтылыс пен еркіндікті аңсау бар. Мысалы, ақынның сәбиіне ар­на­ған мына бір өлеңінің кейбір тұсына зер салып көрсек:

Бұлқынып жатыр,

Келмейді-ау құрғыр шамасы.

Бұлқынып жатыр,

Таусылды-ау айла-шарасы.

Сәулемнің менің аяқ пен қолын матамай,

Бостандық берші,

                              бостандық берші, мамасы.

 

Қарашы мынау қабаржып

                                                   жатқан пішінге,

ЬІза мен ашу қайнайды келіп ішінде.

***

Мамасы, босат, еркімен өссін тал шыбық!

Ауа мен күнге,

                               ай менен нұрға малшынып.

Бұлқынып жатыр,

                               ұмтылып жатыр, қарашы:

Кішкентай жүрек көрсетіп

                                                жатыр қарсылық.

Бір деммен оқып шыққанда-ақ, бұл өлең кішкентай сәбиге арналғандығы айқын аңғарылып тұрады. Бірақ қайыра оқып, астарына үңілсеңіз, басқа ойдың ұшқынын аңғарасыз. Өлеңде айтыл­ғандай, бұлқынып жатқан сәби – кеңестік құрсаудағы қазақ қоғамы. Сол қоғамда Отан-Ана біз үшін Ресей еді. Ақынның «аяқ пен қолын матамай, бостандық берші, мамасы» деп жан ауырта жырлауы да тегін емес. Иә, сол кездегі алып им­перияның қол астында «ыза мен ашуға» булығып, басылып қалған қазақ қоғамы бостандыққа ұмтылуға бұлқынып, қар­сылық көрсетуге талпынып жатқан кіш­кентай жүрек иесі еді. Ал «Жаным-ай» деген бір өлеңінде:

«Басымыздағы бақыттардан да күсеміз,

 Қазылған орға өзіміз іздеп түсеміз.

 Қайтеміз енді?!

 Ұлы бола алмай ішеміз…» – деген жолдар бар. Иә, Мұқағали ғұмыр кешкен қоғамда қазақ ұлтын бақытты өмір сүрді дей алмаймыз. Орыстың арағына уланып, ататегімізді «ов, ев» деп жаздыртып, тіліміз мен дінімізден ұрпағымызды без­дірген саясаттан енді-енді арыла бастадық емес пе?! Қазір ғой орысша жалғауды алып тастап, «ұлы», «қызы» атанып жүр­ге­німіз… Мұндай мысалдарды көптеп кел­тіре беруге болады.

Ақынның бай шығармашылық мұрасы бүгінде көптеген ғылыми-зерттеу еңбекке арқау болып отыр. Солардың ішінде «Мұқағали және Тәуелсіздік» ұғымына айрықша көңіл бөліне бастауына негіз жоқ емес. Қалай десек те, бүгінгі заман  Мұ­қағали поэзиясын өзге қырынан тал­дап-тануға серпіліс тудырып отыр. Абай да­налығының нәрінен сусындап, Махам­бет­тің өршілдігіне қаламын жонып, Қасым жы­рынан от алған Мұқағали бүгінде адам­заттың ақынына айналды. «Күпі киген қазақ­тың қара өлеңіне шекпен жапқан» Қара­саздың қара баласы миллиондарды мойындатып, рухты поэзия тудыра алғаны анық.

Ақын өзі жазып қалдырған күнделігінің бір тұсында: «Айналып келгенде, поэзияда рух үлкен рөл атқаруға тиіс. …Кімде рух бол­­маса, ол поэзиядан аулақ жүруі керек…» – деп ой толғапты. Бұл мәртебелі өлең­ге шын жанашыр ақынның кесімді сөзі іспетті. Қазақ поэзиясына бояуы қанық ұлттық реңк пен сананы сілкінтер рух ала келген ақын шығармаларын қайта-қайта парақтаған сайын тың ойларға тап болып, көкейді тескен сан сауалға жауап таба­ры­мыз анық. «Тау алыстаған сайын ас­қақ­тайды» деген даналыққа сенсек, Мұқағали поэзиясының Хантәңірі де ғасырлар ал­ма­сып, жылдар жылжыған сайын биік­тей бермек.

Ғалым Жайлыбай, ақын, Халықаралық«Алаш» сыйлығының иегері:

– Ұлы Абай айтқан «тілге жеңіл, жү­рекке жылы» өлеңдер Мұқағали Ма­қа­таев поэзиясының негізгі тіні екені дау­сыз. Мұқағали – қазақ халқы­ның бі­р­не­ше буын ұрпағын тәрбиелеп келе жат­қан шын мәніндегі ұлт ақыны. Бүгінде Алтай мен Атыраудың, Жетісу мен Арқаның арасында Хантәңірінің мұз­балағы атанған ақиық ақынның жыр­ларын жатқа айтып, оның сөзде­рі­не жазылған әндерді білмейтін жан жоқ шығар. Мұқағали табиғи таланты мен үлкен білімінің арқасында қазақ­тың қара өлеңін жаңаша түлетіп, заң­ғар биікке көтере білді. Ақынның өміріне қатысты әрқилы алыпқашпа пікірлер айтылып жүргенімен, Мұқа­ға­ли көзі ті­рі­сінде-ақ мойындалып, өз қатар­лас­та­рынан оқ бойы озық тұрып, көп оқыл­ған. Біз де бала кезімізде Мұ­қаң­­ның «Қар­лығашым, келдің бе?», «Мавр», «Да­риға жүрек» сынды кітап­та­рындағы жыр-дастандарды жатқа оқып өстік. Өз басым Мұғағалимен бір күн­де туға­ным­ды мақтан тұтамын. Осы­­­ны жақсы ырым­ға балап, 15 жа­сым­­да:

Ір­кілмеген, дүркіндеген

                             жыр кімге,

Өлеңдетпей ғұмыр кешу

                           мүмкін бе?!

Туған екем мұзарттағы мұзбалақ –

Мұқағали ағамызбен бір күнде, – деп өлең жазып едім. Сондықтан да маған Мұқағали ерекше ыстық, бас­қа­лардан бір табан жақын секілді сезі­леді. Жыл сайын 9 ақпанда мен ең ал­ды­мен көпшілікпен бірге Мұқа­ға­ли­дың тойын тойлап, кештеріне қатысып, өз туған күнімді одан кейін атап өтемін. Қазақ деген елі барда, қара өлеңнің қа­дірін түсінетін оқырманы барда Мұ­қа­­ғали есімі де өшпек емес. Керісінше, оның соншалық қарапайым, соншалық мөл­­дір поэзиясы ұрпақтан-ұрпаққа, ға­сы­р­дан-ғасырға үздіксіз жалғасын таба бере­тініне бек сенемін.

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, ақын, «da Қазақстан» халықаралық журналының бас редакторы:

– Мұқағалидың алуан қыры мен сыры бар, адалдығы мен адамгершілігі мол, шығармашылық мүмкіндіктері ба­рын­ша толысып, кемелденген, өте бір ғажайып ақын екендігіне заманның өзі куә. Ол өзі­нің өткен ғасыр мен осы ға­сыр­­дың және бұдан кейінгі ға­сыр­лардың да құрдасы болатын­дығын түй­сігімен се­зіп, айтып кеткен. Бүгінде ақын­­ның айт­қа­ны ақи­қат­қа айнал­ғанын көріп отыр­мыз.

Қазақ өлеңінің тарихында, тұла бойын­­да әр пендеге тән кейбір кем­ші­ліктердің болуына қарамастан, жүре­гіне иман ұялатқан ақындар көп болған емес. Мұқағалидың басты қасиеті – атеис­тік қоғамда өмір сүрсе де, Алланы хақ деп танып, асыл дінінен айны­ма­ған­дығында. Мысалы, Абай «Алланың сөзі де рас, өзі де рас» десе, Мұқа­ға­ли:

Бәрі рас айтқанының ақ Алланың,

Күн менен топырақтан жарал­ған­мын.

Тәнімде түйірі жоқ арам қанның… – деп ағынан жарыла келе, «күллі әлем­­нің ……………….» деген үндеу тастайды. Мұқаңның осы бір имандылық қыры мен Абай дәс­тү­рімен сабақтастығы турасында белгілі ақын Құл-Керім Елемес кезінде үлкен зерттеу мақала жазған. Өз өлеңінде «Пайғамбар Мұхаммедтің үм­бе­тімін» деп жаһанға жар салған ақын ті­рісінде-ақ Хақ жолын мойындаса, бү­гін­де Алла тағала Мұқағалидың мәр­те­бе­сін көтеріп жатыр. Ұлылар өмірі қа­шан­да бір-бі­рімен сабақтас келеді. Мы­салы, Ма­хам­беттің (батыста Мұхаммед пай­ғам­ба­рымызды Махамбет деп те атаған) аты да, Абайдың шын есімі Иб­раһим мен Мұқағалидың азан шақырып қойылған аты Мұқаметқали – үшеуі де нұрлы есім. Махамбет – Қаройда, Абай – Қарауыл­да, Мұқағали Қарасазда туған. «Қара» сөзі қазақта қасиеттілік пен ұлы­лықты біл­діреді. Демек, осы қа­сиет­ті үш Қараны қазақ руханиятының үш тұғыры деп та­нып білуге болады.

 

Ғарифолла ЕСІМ, философия ғылымының докторы, академик:

– «Дін – ғылымның анасы». Бұл – Мұқағали Мақатаевтың өткен ғасыр­дың 70-жылдары жазған өлеңінің алғашқы жолы. Ол заманда атеизм (дінсіздіктің идеологиясы) мемлекеттің саяси қызметін атқарғаны көпші­лік­ке белгілі. Дінді ғайбаттап сөз сөйлеу кеңестік мәдениеттің бір өлшемі болатын. Қоғамдағы саяси ағымға сай, ақындар да дінді сынап жазуды дәстүрге айналдыра бастаған. Сол «Құдайсыз заманға» тап болған ұрпақ­тың өкілдерінің бірі ақын Мұқағали Мақатаев еді, бірақ оның сөзі өзге­ше болды. Жоғарғы жақтағыларға дінді қаралап жазса ұнайтынын, марапат­тарға ие болатынын ақын білді. Алайда Мұқағали ол жолға түспеді. Жаны жаралы  болып,  дүйім жұрттың  ішінде жалғызсы­рап, сер­гел­деңде жүр­ген­де тұла бойына табиғи болмысымен енген мұсылмандық нұрын шаш­пай-төкпей сақтап, ешкімге ұқсамайтын дін туралы өзінің формуласын ұсынды, оның дінді ғылымның анасы дегені даналықтың үлгісі еді.

Әбіш КЕКІЛБАЕВ, Қазақстанның Халық жазушысы:

– Мақатаев жырларындағы майда қоңыр саз бен жарқ-жұрқ көзге ұрмайтын жұмсақ нұрдың өзі де оның терең тебіреністі гуманистік мәнін айқындай түседі. Жас ақын зор адамгершілікті, биік гуманизмді елден ерек төтен ерліктерден емес, адамдардың бір-біріне деген мейір­-­пейілінен іздейді. Оның өлеңіндегі адамдар – шетінен жүзі игі, жүрегі жұмсақ жандар. Бірақ ақын өмірді май тозғысыз идиллия қылып сурет­теуден аулақ. Ол әре­кет­шіл, мейірімді, өзгенің бақыты мен қуанышына тек тілектес қана болып қоймай, сол үшін бел шешіп күресе­тін белсенді, қайырымды адам ту­ра­лы жырлайды. Ол сонау ұлы шай­қас, Ұлы Жеңіс жылдарын­да жар­қы­рап көрінген моральдық сапаны дәйім биікте ұстауға үндей­ді. Ол қазіргі қылығымыз бен құлы­ғы­мыз­ды да сол жылдардағы мораль­дық биігіміздің деңгейімен өлшейді.

                                                     «Дәуірмен бетпе-бет» кітабынан. 1972 жыл

Автор: Алмат Исәділ

«Болыс болдым, мінеки» немесе Абайдың билікке көзқарасы

 

Автор: Құбаш Сағидоллаұлы

Академик Салық Зимановтың пікірінше, замандастары Абай Құнанбайұлын елдің қамын ойлаған болыс, әділ би деп білді, алдына жүгінді, жақсылығын көрді, көсем тұтты. Тіпті оның жауларының өзі әділдік іздеп Абай бидің алдына барған. Тұрсын Жұртбай ағамыз мысалы еткендей, өз замандастары үшін Гете – сарай министрі, Омар Хайям – ғалым, Тютчев – елші, Салтыков – қазына бастығы ғана. Ауқатты, текті әулеттен шыққан ұлы Абай 14 жасынан бастап қараша халыққа әділ билік жүргізіп, қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрпын, үкім-кесімдерін жетік меңгерген дала биі, қабырғалы қайраткер болған еді.

 

Болыс боп елге болысқан…

1868 жылғы Ресей патшасы қол қойған «Жа­ңа низамнан» кейін болыс пен би қыз­меті патшалық Ресейдің мемлекеттік қыз­ме­тіне кірмей, ең соңғы дәрежедегі қоғамдық би­лік болып қалды. Сайланған бидің ше­шімін әскери сот кез келген уақытта бұза ала­­ды. Шамамен 10-12 ауылға билігін жүр­­гізетін болыс қызметі сиязда бекітілген. Би­лерге тек азаматтық істермен ғана ай­налысуға пұрсат берілді. Егер іс көлемі бел­гілі бір сомадан асқан жағдайда оны ше­ка­ралық сот, мировой соттар қарады. Сөйтіп, «Жа­ңа низам» қазақ халқын өзін-өзі билей ал­майтын бейшара күйге түсірді, бір қа­зақты «алты бақан, ала ауыз» етті. Абай өмір сүрген заман дәл осындай тұспа-тұс кел­ген еді. Патшалық басқарудың зы­миян­дық астарына, отарлық заңның сұр­қия­лы­ғына көзі жеткен Абай: «Қысқа күнде қы­рық жерге қойма қойып, қу тілмен қулық сауған заңы құрысын», – деп күйінеді. Қа­зақтың ру­хын, ділін, дәстүрін түбегейлі құр­туға ба­ғыт­талған аяр заңның астарын аңдаған Абай: «Қызмет қылма оязға, жан­бай жатып сө­нуге. Қалай сабыр қыларсың, жанбай жа­тып сөнуге?», – дейді. Абай Құ­нанбайұлы 18 жыл басқару ісіне ара­лас­қан. 12 жыл бо­лыс, екі кезек би болды. Шын мә­нінде, ояз­дық, болыстық билік Ресей отар­шыл­ды­ғының құралы болса да, Абай қа­зақ­тың мүд­десін, қарашаның теңдігін, әділ­дік пен туралықты үстем етті. Абай бо­лыс­тыққа, билікке атадан қалған мал үшін, ба­қуатты әулеттің мүддесі үшін емес, есесі кет­кен, теңдігінен айырылған қазақтың на­мысы үшін ғұмырын арнады, «жалғыз мың­мен алыс­ты». 1889 жылы жазған «Кү­лім­байға (Бо­лыс болдым, мінеки…)» деген өле­ң­інде «Бо­лыс болдым мінеки, Бар ма­лым­ды шы­ғын­дап. Түйеде – қом, атта – жал, Қалмады елге тығындап» деп болыс бол­ған пенденің ар­сыздығы мен, ұлыққа жа­ғымпаздығын, ха­лыққа безбүйректігін бей­нелеген. Болыс­тық мазасыз кезеңді «Бол­ды да партия, Ел іші жарылды, Әуремін мен тыя, Дауың мен ша­рыңды. Ќұрбыдай ќош тұттым, Жасың мен кәріңді» деп жазды Абай ақын. Үшінші қара сөзінде: «…Үш жыл­­ға болыс сай­ла­на­ды. Әуелгі жылы «Сені біз сайламадық па?» – деп елдің бұл­дан­ған­дығымен күні өтеді. Екінші жылы канди­дат­пенен аңдысып күні өтеді. Үшінші жылы сай­лауға жақындап қа­лып, тағы болыс бо­лып қалуға болар ма екен деп күні өтеді…», – деген Абай әлгі бо­лыс­тың халықтың қа­мын ойлайтындай ша­ма­сы болмайтынын қат­ты сынға алады. Абай заманындағы бо­лыс мінезі бүгін де өз­герген жоқ. Қазіргі әкім-қаралардың тір­лігі сол болыстарды ес­ке түсіреді. Бүгінгі ха­лық­тан өзін бөлектейтін шен-шекпенділер үшін Абайдың сая­сат­кер­лігі, сот-биліктік қай­раткерлігі, моральдық по­зи­циясы үлгі-өнеге болуы тиіс-ті. Болыс­тық бас­сыздыққа қар­сы күрескен Абайдың ойын­ша, ел бас­қа­ратын адам мансабына ла­йық, білімді қай­раткер болуы керек. Абай ата­мыз 37-ші қа­ра сөзінде: «Кісіге біліміне қа­рай болыстық қыл; татымсызға қылған бо­лыстық өзі адам­ды бұзады», – дейді. Па­рамен, таныстықпен келген билік қасиетсіз. Абай 28-ші қара сөзінде «сатып алған, жа­лы­нып, бас ұрып алған биліктің ешбір қа­сиеті жоқ» деген.

Қара сөздердегі саяси көзқарас сарыны

Саяси жүйеге қатысты Абай либералдық көз­қарасты ұстанды. Әрине, Ғарифолла Есім ағамыз жазғандай, өз заманының кө­се­мі болған Абай Ресейдегі озық ойлы, ағар­тушылар сияқты патша билігіне ашық қар­сы шығып, халықты көтеріліске ша­қыр­ған жоқ. Ол орыс отаршылдығы мен орыс ғы­лымын, мәдениетін екі бөлек қарастырды. Бәлкім, орыстың ғылым-білімінен үлгі алу­ға шақырған Абай қазақ орыстың отты қа­руы­на орыстан алған біліммен қарсы тұра ала­ды деген ойға келсе керек. Сол себепті ол им­периямен төңкерістік жолмен емес, ағар­тушылық жолмен күресуді құп көрді. Осы ой­ды Абай атамыздың 41-ші қара сө­зінен байқаймыз. «Қазаққа ақыл берем, тү­зей­мін деп қам жеген адамға екі нәрсе ке­рек. Әуелі бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі ке­рек. Үлкендерін қорқытып, жас ба­лаларын ері­к­сіз қолдарынан алып, ме­дре­селерге бе­ріп, бірін ол жол, бірін бұл жол­ға салу керек, дүниеде көп есепсіз ғы­лым­ның жолдары бар… Екінші – ол адам есеп­сіз бай боларға керек. Аталарын па­ра­лап, балаларын алып, бас­тапқы айт­қандай жолға салып, тағылым бер­се, сонда түзелер еді», – дейді.

Абай 8-ші қара сөзінде: «Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды? Бі­реу – болыс, біреу – би. Олардың ақыл үй­ре­нейін, насихат тыңдайын деген ойы бол­са, ол орынға сайланып та жүрмес еді…», – деген ақыл-кеңес айтады. Дана Абай әділ заңның үстемдігін аңсады, қоғамды, адам­ды түзеуге болатынына сендіреді. Мұны 37-ші қара сөзінде: «Мен егер заң қуаты қо­лым­да бар кісі болсам, адам мінезін түзеп бол­майды деген кісінің тілін кесер едім», – деген пікірінен аңғарар едік.

Абай бидің биліктері

«Келелі кеңес жоғалып, ел сыбырды қолға алып», төбе бидің орнын көде билер басқан заманда Абай болыс, би бола жүріп, отарлық әкімшілік-құқықтық реформалар­ды қазақтың ділі мен дәстүріне ыңғайлай білді. 1885 жылы мамыр айында Шар өзенінің бо­йындағы Қарамола деген жерде Семей­дің генерал-губернаторы Цеклинц­кий­дің бас­қаруымен Семей губерниясына қарай­тын бес уездің 100-ден астам би-болыстары бас қосқан төтенше съезі өтті. Осы съезде төбе би болып сайланған Абайға «Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережесін» әзірлеу тапсырылды. Абай баста­ған комиссия үш күн, үш түнде патша өкі­ме­ті­нің халықты қанауға, зорлық-зомбылыққа не­гіз­делген заңына ұқсамайтын, барлығы 93 баптан тұратын «Қарамола» ережесін жасап шықты. Бұл ереже қазақ ішіндегі мә­се­лелерді реттей алды. Жалпы қазақта Қа­рамола ережесі секілді 40-50-ге жуық ере­же қолданылған. Бірақ ішіндегі ең көлемдісі, ең мазмұндысы Қарамола ережесі болған. Заң ғылымының кандидаты Қазыбек Дау­та­лиевтің пікірінше, өз заманында Абай 70 шақты билік айтқан және оның үкім-ке­сім­дері кейінгіге жол болған. Бұл – бізге бел­гілісі ғана. Абай шешкен ең атышулы даулар ел аузында қалған.

Қазыбек Дауталиев, заң ғылымының кандидаты:

– Абайдың билік айту дәстүріндегі бір­неше ерекшелікті бөлік айтар едік. Біріншіден, Абай өз биліктерінде өз та­биғатына сай әйел теңдігіне ерекше кө­ңіл бөлген. Бұл жерде мынаны түсіну ке­рек, әйел теңдігі дегенде Абай ер мен әйелдің бірдей теңдігі емес, әйелге ла­йықты табиғи теңдікті қарастырған. Мә­се­лен, бір мәрте қалың малы төленген әйел екінші рет сатылмауы керек. «Бір сатылды, екі сатылмақ жоқ» дейді Абай. Әмеңгерлікке күштеп қосуға тыйым салған. Екіншіден, Абай сол заманда өр­шіп кеткен ұрлық-қарлықты тыюға ты­рыс­қан. «Шынын айтқан шығынсыз құ­ты­лады» деген Абайдың билігі бар. Жоқ­тықтан, амалсыздықтан ұрлыққа ба­ратын ұрылар, байлардың қолшоқ­па­ры болған ұрылар деген екі түрлі ұры­лар­дың барын білетін Абай оларға әр­қалай жаза кескен. Абай жоқтықтан ұр­лық жасағандарға кешіріммен қарап, же­ңіл жаза белгілеген, тіпті өз малын, інісі Оспанның малын ұрлағандарды «ен­­ді ұрлығыңды тый, ел қатарына қо­сыл» деп алдына мал салып берген. Абай бай-манаптың ұрыларына қатаң жа­за қолданған. Жалпы қазақта мал ұр­лы­ғына қатты жаза беретінін ескерсек, Абай дәстүрлі үкім-кесімге өзгеріс ен­гіз­ген. Үшіншіден, Абай ауқатты әулеттің өкі­­лі бола тұра, әлсіздің, кедей-кеп­шік­тер­­дің, жоқ-жітіктердің, жатақтардың сот­­тарына өзі сұранып барып, олардың қор­ғап отырған. Бұл – Абайдың сот-құ­қықтық қызметінің бір ерекшелігі. Әлем­дік сот тәжірибесінде формальды теңдік және формальды теңсіздік деген ұғым бар. Мысалы, белгілі бір дауда мил­лионер мен кедейдің мәселесі қаралады де­йік. Миллионердікі заңды, кедейдікі заң­сыз, бұл жерде миллионердің еш­те­ңесі кетпейді, ал кедейдің бүкіл тағдыры қыл үстінде тұрады. Осындай жайттарды ше­шуде басқаша бір тәсілдер қарау ке­рек. Осындай өзгеше билік айту дәстүрін Абайдан табамыз.

 

%d bloggers like this: