Archive for the ‘Тұлғалар’ Category

«Болыс болдым, мінеки» немесе Абайдың билікке көзқарасы

 

Автор: Құбаш Сағидоллаұлы

Академик Салық Зимановтың пікірінше, замандастары Абай Құнанбайұлын елдің қамын ойлаған болыс, әділ би деп білді, алдына жүгінді, жақсылығын көрді, көсем тұтты. Тіпті оның жауларының өзі әділдік іздеп Абай бидің алдына барған. Тұрсын Жұртбай ағамыз мысалы еткендей, өз замандастары үшін Гете – сарай министрі, Омар Хайям – ғалым, Тютчев – елші, Салтыков – қазына бастығы ғана. Ауқатты, текті әулеттен шыққан ұлы Абай 14 жасынан бастап қараша халыққа әділ билік жүргізіп, қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрпын, үкім-кесімдерін жетік меңгерген дала биі, қабырғалы қайраткер болған еді.

 

Болыс боп елге болысқан…

1868 жылғы Ресей патшасы қол қойған «Жа­ңа низамнан» кейін болыс пен би қыз­меті патшалық Ресейдің мемлекеттік қыз­ме­тіне кірмей, ең соңғы дәрежедегі қоғамдық би­лік болып қалды. Сайланған бидің ше­шімін әскери сот кез келген уақытта бұза ала­­ды. Шамамен 10-12 ауылға билігін жүр­­гізетін болыс қызметі сиязда бекітілген. Би­лерге тек азаматтық істермен ғана ай­налысуға пұрсат берілді. Егер іс көлемі бел­гілі бір сомадан асқан жағдайда оны ше­ка­ралық сот, мировой соттар қарады. Сөйтіп, «Жа­ңа низам» қазақ халқын өзін-өзі билей ал­майтын бейшара күйге түсірді, бір қа­зақты «алты бақан, ала ауыз» етті. Абай өмір сүрген заман дәл осындай тұспа-тұс кел­ген еді. Патшалық басқарудың зы­миян­дық астарына, отарлық заңның сұр­қия­лы­ғына көзі жеткен Абай: «Қысқа күнде қы­рық жерге қойма қойып, қу тілмен қулық сауған заңы құрысын», – деп күйінеді. Қа­зақтың ру­хын, ділін, дәстүрін түбегейлі құр­туға ба­ғыт­талған аяр заңның астарын аңдаған Абай: «Қызмет қылма оязға, жан­бай жатып сө­нуге. Қалай сабыр қыларсың, жанбай жа­тып сөнуге?», – дейді. Абай Құ­нанбайұлы 18 жыл басқару ісіне ара­лас­қан. 12 жыл бо­лыс, екі кезек би болды. Шын мә­нінде, ояз­дық, болыстық билік Ресей отар­шыл­ды­ғының құралы болса да, Абай қа­зақ­тың мүд­десін, қарашаның теңдігін, әділ­дік пен туралықты үстем етті. Абай бо­лыс­тыққа, билікке атадан қалған мал үшін, ба­қуатты әулеттің мүддесі үшін емес, есесі кет­кен, теңдігінен айырылған қазақтың на­мысы үшін ғұмырын арнады, «жалғыз мың­мен алыс­ты». 1889 жылы жазған «Кү­лім­байға (Бо­лыс болдым, мінеки…)» деген өле­ң­інде «Бо­лыс болдым мінеки, Бар ма­лым­ды шы­ғын­дап. Түйеде – қом, атта – жал, Қалмады елге тығындап» деп болыс бол­ған пенденің ар­сыздығы мен, ұлыққа жа­ғымпаздығын, ха­лыққа безбүйректігін бей­нелеген. Болыс­тық мазасыз кезеңді «Бол­ды да партия, Ел іші жарылды, Әуремін мен тыя, Дауың мен ша­рыңды. Ќұрбыдай ќош тұттым, Жасың мен кәріңді» деп жазды Абай ақын. Үшінші қара сөзінде: «…Үш жыл­­ға болыс сай­ла­на­ды. Әуелгі жылы «Сені біз сайламадық па?» – деп елдің бұл­дан­ған­дығымен күні өтеді. Екінші жылы канди­дат­пенен аңдысып күні өтеді. Үшінші жылы сай­лауға жақындап қа­лып, тағы болыс бо­лып қалуға болар ма екен деп күні өтеді…», – деген Абай әлгі бо­лыс­тың халықтың қа­мын ойлайтындай ша­ма­сы болмайтынын қат­ты сынға алады. Абай заманындағы бо­лыс мінезі бүгін де өз­герген жоқ. Қазіргі әкім-қаралардың тір­лігі сол болыстарды ес­ке түсіреді. Бүгінгі ха­лық­тан өзін бөлектейтін шен-шекпенділер үшін Абайдың сая­сат­кер­лігі, сот-биліктік қай­раткерлігі, моральдық по­зи­циясы үлгі-өнеге болуы тиіс-ті. Болыс­тық бас­сыздыққа қар­сы күрескен Абайдың ойын­ша, ел бас­қа­ратын адам мансабына ла­йық, білімді қай­раткер болуы керек. Абай ата­мыз 37-ші қа­ра сөзінде: «Кісіге біліміне қа­рай болыстық қыл; татымсызға қылған бо­лыстық өзі адам­ды бұзады», – дейді. Па­рамен, таныстықпен келген билік қасиетсіз. Абай 28-ші қара сөзінде «сатып алған, жа­лы­нып, бас ұрып алған биліктің ешбір қа­сиеті жоқ» деген.

Қара сөздердегі саяси көзқарас сарыны

Саяси жүйеге қатысты Абай либералдық көз­қарасты ұстанды. Әрине, Ғарифолла Есім ағамыз жазғандай, өз заманының кө­се­мі болған Абай Ресейдегі озық ойлы, ағар­тушылар сияқты патша билігіне ашық қар­сы шығып, халықты көтеріліске ша­қыр­ған жоқ. Ол орыс отаршылдығы мен орыс ғы­лымын, мәдениетін екі бөлек қарастырды. Бәлкім, орыстың ғылым-білімінен үлгі алу­ға шақырған Абай қазақ орыстың отты қа­руы­на орыстан алған біліммен қарсы тұра ала­ды деген ойға келсе керек. Сол себепті ол им­периямен төңкерістік жолмен емес, ағар­тушылық жолмен күресуді құп көрді. Осы ой­ды Абай атамыздың 41-ші қара сө­зінен байқаймыз. «Қазаққа ақыл берем, тү­зей­мін деп қам жеген адамға екі нәрсе ке­рек. Әуелі бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі ке­рек. Үлкендерін қорқытып, жас ба­лаларын ері­к­сіз қолдарынан алып, ме­дре­селерге бе­ріп, бірін ол жол, бірін бұл жол­ға салу керек, дүниеде көп есепсіз ғы­лым­ның жолдары бар… Екінші – ол адам есеп­сіз бай боларға керек. Аталарын па­ра­лап, балаларын алып, бас­тапқы айт­қандай жолға салып, тағылым бер­се, сонда түзелер еді», – дейді.

Абай 8-ші қара сөзінде: «Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды? Бі­реу – болыс, біреу – би. Олардың ақыл үй­ре­нейін, насихат тыңдайын деген ойы бол­са, ол орынға сайланып та жүрмес еді…», – деген ақыл-кеңес айтады. Дана Абай әділ заңның үстемдігін аңсады, қоғамды, адам­ды түзеуге болатынына сендіреді. Мұны 37-ші қара сөзінде: «Мен егер заң қуаты қо­лым­да бар кісі болсам, адам мінезін түзеп бол­майды деген кісінің тілін кесер едім», – деген пікірінен аңғарар едік.

Абай бидің биліктері

«Келелі кеңес жоғалып, ел сыбырды қолға алып», төбе бидің орнын көде билер басқан заманда Абай болыс, би бола жүріп, отарлық әкімшілік-құқықтық реформалар­ды қазақтың ділі мен дәстүріне ыңғайлай білді. 1885 жылы мамыр айында Шар өзенінің бо­йындағы Қарамола деген жерде Семей­дің генерал-губернаторы Цеклинц­кий­дің бас­қаруымен Семей губерниясына қарай­тын бес уездің 100-ден астам би-болыстары бас қосқан төтенше съезі өтті. Осы съезде төбе би болып сайланған Абайға «Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережесін» әзірлеу тапсырылды. Абай баста­ған комиссия үш күн, үш түнде патша өкі­ме­ті­нің халықты қанауға, зорлық-зомбылыққа не­гіз­делген заңына ұқсамайтын, барлығы 93 баптан тұратын «Қарамола» ережесін жасап шықты. Бұл ереже қазақ ішіндегі мә­се­лелерді реттей алды. Жалпы қазақта Қа­рамола ережесі секілді 40-50-ге жуық ере­же қолданылған. Бірақ ішіндегі ең көлемдісі, ең мазмұндысы Қарамола ережесі болған. Заң ғылымының кандидаты Қазыбек Дау­та­лиевтің пікірінше, өз заманында Абай 70 шақты билік айтқан және оның үкім-ке­сім­дері кейінгіге жол болған. Бұл – бізге бел­гілісі ғана. Абай шешкен ең атышулы даулар ел аузында қалған.

Қазыбек Дауталиев, заң ғылымының кандидаты:

– Абайдың билік айту дәстүріндегі бір­неше ерекшелікті бөлік айтар едік. Біріншіден, Абай өз биліктерінде өз та­биғатына сай әйел теңдігіне ерекше кө­ңіл бөлген. Бұл жерде мынаны түсіну ке­рек, әйел теңдігі дегенде Абай ер мен әйелдің бірдей теңдігі емес, әйелге ла­йықты табиғи теңдікті қарастырған. Мә­се­лен, бір мәрте қалың малы төленген әйел екінші рет сатылмауы керек. «Бір сатылды, екі сатылмақ жоқ» дейді Абай. Әмеңгерлікке күштеп қосуға тыйым салған. Екіншіден, Абай сол заманда өр­шіп кеткен ұрлық-қарлықты тыюға ты­рыс­қан. «Шынын айтқан шығынсыз құ­ты­лады» деген Абайдың билігі бар. Жоқ­тықтан, амалсыздықтан ұрлыққа ба­ратын ұрылар, байлардың қолшоқ­па­ры болған ұрылар деген екі түрлі ұры­лар­дың барын білетін Абай оларға әр­қалай жаза кескен. Абай жоқтықтан ұр­лық жасағандарға кешіріммен қарап, же­ңіл жаза белгілеген, тіпті өз малын, інісі Оспанның малын ұрлағандарды «ен­­ді ұрлығыңды тый, ел қатарына қо­сыл» деп алдына мал салып берген. Абай бай-манаптың ұрыларына қатаң жа­за қолданған. Жалпы қазақта мал ұр­лы­ғына қатты жаза беретінін ескерсек, Абай дәстүрлі үкім-кесімге өзгеріс ен­гіз­ген. Үшіншіден, Абай ауқатты әулеттің өкі­­лі бола тұра, әлсіздің, кедей-кеп­шік­тер­­дің, жоқ-жітіктердің, жатақтардың сот­­тарына өзі сұранып барып, олардың қор­ғап отырған. Бұл – Абайдың сот-құ­қықтық қызметінің бір ерекшелігі. Әлем­дік сот тәжірибесінде формальды теңдік және формальды теңсіздік деген ұғым бар. Мысалы, белгілі бір дауда мил­лионер мен кедейдің мәселесі қаралады де­йік. Миллионердікі заңды, кедейдікі заң­сыз, бұл жерде миллионердің еш­те­ңесі кетпейді, ал кедейдің бүкіл тағдыры қыл үстінде тұрады. Осындай жайттарды ше­шуде басқаша бір тәсілдер қарау ке­рек. Осындай өзгеше билік айту дәстүрін Абайдан табамыз.

 

Шыңғыс Айтматов шуағы (Аға-дос туралы эсселер)

Мұхтар Шаханов   

Сексенбай мен Тоқсанбай тудыру проблемасы

2007 жылдың мамыр айында Малайзия мемлекетіне жүргелі тұрғанымда Бельгиядан Шікең телефон соқты.

Жолсапарға шыққалы жатқанымды білген соң: «Егер мүмкіндік тапсаң ол елдің қазір зейнетте жүрген бұрынғы Премьер-министрімен жолығуға тырыс. Өте парасатты адам. Қазір өзің жиі көтеріп жүрген ұлт, тіл проблемасын ол кісінің қалай шешкеніне назар аударып көрші», – деді.
Екі күн бұрын Астанада, Парламенттегі қабылдау бөлмеме жасы 83-ке көтерілген бір қарт кісі келген-ді. Қала маңындағы шаруашылықтардың бірінде тұрады екен. Маған әкелген қымыз толы месін парламенттің жіті көз сақшылары өткізбей жатқандықтан, ақсақалдың өтініші бойынша оларға телефон соғуыма тура келді. Қарт өте әбжіл қимылды, ұлтжанды адам екен. «Бәйбішем жеті жыл бұрын қаза тапты, – деп ол әңгімесін бастады. – Шыңғыс Айтматов екеуіңіз жазған кітапта Сіз жүзге жақындаған Жамбыл ақынның үйленбекші болғанын, оған облыс, республика басшылары қарсы шығып мүмкіндік бермей қойғанын, кейіннен Жамбыл ауырып қалғанда көңілін сұрай барған әлгі басшылардың өздері бір ыңғайсыз жағдайда қалып, өкінгенін суреттейсіз. Менің де денсаулығыма қарап, құрақ ұшқан келіндерім жоқ емес, бірақ әр қарт адамда науқастанған шағында тек жұбайы ғана араласа алатын мәселелер болады. Тура соған жақын оқиға өз басымнан өтті. Не керек, ері қазаланып, жесір қалған бір келіншекпен тағдыр қостым. Жылға жетер жетпес уақытта, қошқардай Шыңғыс атты ұлды дүниеге әкелді. Біреулер «бұл сексеннен асқанда көрген перзентіңіз, сондықтан нәрестенің аты «Сексенбай болсын» деген де ұсыныс айтты. Көнбедім. Жұбайым менен 46 жас кіші. Бірақ, құдайға шүкір, өзін менімен өте бақытты санайды. Алғашында әйелім егіз ұл туса бірінің атын Шыңғыс, бірінің атын Мұхтар қоямын деп жүргенмін. Келесі ұлымның аты сөз жоқ Мұхтар болады. Мұны Шыңғыс екеуіңізге деген үлкен құрметімнің белгісі деп қабылдағайсыздар. Ал, сонша жерден қымыз көтеріп әкелген себебім, күні бүгінге дейін терең мән берілмей келе жатқан қымыздың дара қасиетін сізге ұқтыра түссем деген ой еді. Өйткені ұлт, тіл жөнінде туған халқының ұлтсыздарымен кескілескен күрес жүргізіп жатқан адам, өзінің денсаулығы жағынан да қарсыластарынан әлдеқайда биікте тұруы керек деп есептеймін».
Шікең екеуіміздің есімімізді дүниеге жаңа келген егіз ұлдарына қатар қою Қырғызстанда да, Қазақстанда да бірнеше дүркін кездесті. Ол жөнінде газеттер де жарыса жазысты. Тіпті бір қырғыз ақынының:

«Екі халық достассын,
Қазақ пенен қырғыздай.
Екі жігіт достассын,
Мұхтар менен Шыңғыздай» деген жыры да қырғыз жұртына белгілі. Әрине, бұл арада Айтматовтың бүкіл әлемді мойындатқан дара даңқы, ал менің қазақ пен қырғыз арасындағы елдік, ұлттық мүдделерге дамылсыз ден қойғандығым әсер етсе, екіншіден, екеуміздің ел арасына кең тарап кеткен, бір-бірімізге деген шынайы бауырластық, достық ықыласымыз сеп болса керек.
Малайзияға жүрер алдында өзіммен сапарға бірге шығатын Марат Сәрсенбаев деген Қазақстандағы «Халал» комитетінің төрағасына, қымызды өзінің күнделікті тағамына айналдырып, 83 жасында Шыңғыс атты ұл тудырған қарт туралы айтып ем, ата-салтымызға ерекше құрметпен қарайтын ол Малайзиядағы Қазақстанның Елшісі боп қызмет атқаратын Мұхтар Тілеубердинге он литр қымыз ала барыпты. Өкінішке орай, біз Малайзияда болған шақта Шікең айтқан экс-премьер-министр шет елде жүр екен. Әйтсе де Малайзияның королімен және оның жұбайымен кездесуімнің, тіпті олармен Жетпісбайлар, Сексенбайлар тудыра алатын қымыз құдіреті жайлы әзілдесудің де сәті түсті. Енді сол кездесуіміздің негізінде қарттықты мойындамауға үндейтін, Малайзиядан оралғаннан кейін іле-шала жазылған «Қымыз және қарттық шақ, Малайзия королінің жұбайы немесе Айтматов неге өкпеледі?» деген әзіл өлеңді назарларыңызға ұсынайын:

«Бізбен жарқын амандасты Малайзия королі,
Қимылынан байқалғандай іскерлігі өрелі.
Ал әйелі ұшқын шашқан көзінен,
Әлдеқайда жастау екен өзінен.
Ұлттық тағам әрбір ұлттың мақтан тұтар еншісі,
Екеуіне қымыз құйды Қазақстан Елшісі.
Әдетінше биліктегі сан тәкәппар серінің,
Қымызды олар шетке ысырды, сәл тигізіп ерінін.

Мұндай сәтте ұзақ үнсіз, тілсіз қалу мәнді ме?
Екеуіне қарап тұрып бастадым мен әңгіме:
– Король мырза, біздің қазақ елінде,
Жолы дархан, орын алған сенім, құрмет төрінде
Жетпісбайлар, Сексенбайлар, Тоқсанбайлар тіптен көп.
Содан талай қартымыздың жастық-шағы біткен жоқ.
Шын еркектік көп қанатты, көп санатты, жоталы,
Ері сексен, тоқсан жасқа келген кезде тоқалы
Ұл туса оған Сексенбай деп, Тоқсанбай деп ат берген
Ұлтымыздың шалдарына құдай сондай бақ берген.
Бұл жағынан еліңізде үлгі етердей ғасырға,
Еркек бар ма ұл туғызған сексен-тоқсан жасында? –
Деп сұрап ем, екеуі де жарыса бас шайқады.
– Міне, – дедім, – мына қымыз басқаша әуен айтады.
Қымыз алпыс ауруға ем, дене мұңнан аршылар
Қымыз жалқау шалдардың да еркектігін қамшылар!..

Осы сәтте маған күле, оймен қарап шынайы,
«Кәне, іш» деп ерін түртті корольдің жас жұбайы.
Біраздан соң екеуі де үзгендей бір шідерді,
Қымыз толы нән кесені тартып-тартып жіберді…

Өмір – жарыс, болсын әркез шаттық ұзақ, мұң қысқа.
Қымыз, король жайлы айтып ем аға-досым Шыңғысқа:
– Сен қымыздың елден-ерек құдіретін сұрапыл,
Жетпісбайлар, Сексенбайлар тудыра   алар қуатын
Неге есіме салмағансың жеңгең  жастау кезінде?..
Енді ол істі жалғау жағын  қалдырамын өзіңе.
Қартаймауда жатыр біздің шын еркектік бағамыз, –
Деп көзінен жас аққанша  күлген еді ағамыз.

Жастық рухты сақтап қалу ерлікпен тең ұққанға,
Көп жыл бұрын  Айтматов жетпіс жасқа шыққанда:
– Шалым, қарттық-шақпен,  міне, келіп тұрсыз бетпе-бет –
Деп ем, үш күн сәлемдеспей жүрді маған өкпелеп.

Иә, қарттықты мойындамау ердің басты құралы,
Жастық кімде?  Бақыт соған қайсар мойнын бұрады.
Қайсар, шыншыл еркек қана елдік мүдде шынары.
Өмір мені Айтматовқа іні етіп сынады.
Қазір жасым ұлғайса да, сөнбей өрлік құмары,
Біреу «шал» деп айта ма деп  зәрем ұшып тұрады…»
Алматыда бір топ қонақтармен қымыз ішіп отырып және олардың қолқалауымен осы өлеңді оқығанымда, Шікең:
– Сен менен 14 жас кіші болсаң да қарттықты мойындамау идеясы ортақ мақсатымыз боп қала бергей. Ал мына жырың жұрттың қымызға деген ықыласын бұрынғыдан әлденеше есе арттыра түсіп, Жетпісбайлар мен Сексенбайлардың дүниеге келуін көбейтсін. Өлеңде айтылған ойымды қайталайын. Енді менен қайран жоқ. Бірақ келіндердің рұқсатымен қымызқұмар, қарттықты мойындамайтын қайсар еркектерге жол ашылғай! – деп әзілдеп еді. Сосын ол Бішкекте кейбір қымызқұмар қалталы кәсіпкерлердің едәуір бөлегі екі әйел алуды модаға айналдыра бастағанына тоқталды.
– Мәселен мен біздің Отырардан шыққан, қазір Шымкент қаласында тұратын Байбосын Зұлпыхаров деген жігітті білемін, – дедім оған. – Қайбір жылы өзіңіз Шымкентте болғанда сол азаматпен таныстырғым-ақ келді. Сәті түспеді. Жансұлу, Неля атты екі жұбайы бар. Екеуі де Байбосынға өлердей ғашық. Бір ғажабы екі әйелі де бір-бірін ерекше сыйлайды. Әрқайсысының жеке-жеке отауы болса да, бірінің үйіне Байбосын қонақ ертіп келсе, екіншісі сол арадан табылады және зыр жүгіріп қызмет етеді. Екі әйелден өрбіген перзенттерінің де бір-біріне деген ықыласы, құрметі ерекше. Өзім талай рет екі келіннің өз күйеуіне және ол қадірлеген, сыйлаған адамдарға, тіпті ол ұнатқан заттарға, тамаққа дейін жан сүйсінтер риясыз көңілін көріп риза болдым. Қалай десек те екі әйелдің бір еркекке жарыса ғашық болуы, оған еркек жүрегіндегі жауап сезім жаңғырығының үндесуі, әрі осы қуаттардың бір шаңырақ астында күш жинауы, әлі терең зерттелмеген сала.
– Қап, маған ол жігітті бекер таныстырмаған екенсің, – деп таңдана жымиды Шікең. – Бұл арада екі келіннің өзара ішкі достығы, бірлік қуатына деген ортақ мүддесі салтанат құруы ғажап емес. Екінші жағынан жігіттің өз жанұясын үйлестіру, бірлестіру идеясы іске жақсы қосылған сияқты. Әйтпесе әйелдер табиғатында дәл осындай бірлік өте сирек ұшырасатын жәйт.
– Мен сізге, өзімді таң-тамаша қалдырған бір оқиғаны әңгімелейін, – дедім Шікеңе. – Қызылордада бір еркектің, бір шаңырақ астында, бір-бірімен ерекше татулықта тұратын үш әйелі бар екен.
– Бұл әңгімең сәл-пәл қиял-ғажайып ертегіге ұқсап барады, – деді Шікең күлімсіреп.
– Әңгіменің ерекшелігі де сол қиял-ғажайып ертегіге ұқсауында, – дедім мен. – Нақ осы дәуірде үш әйелді қабат алу және оларды бір шаңырақ астында бірлікте, татулықта ұстап отыру мүмкін емес екені айдан анық. Әлгі жігіт мұндайда бірден алдыңғы қатарға шығатын әйел өзімшілдігі мен пенделігін тұқыртатын мынадай дөрекілеу әдіс қолданыпты. Алғашқы күннен-ақ үш әйелдің бірі күйеуіне өз күндесінің үстінен арыз айтады. Жігіт оны үнсіз тыңдап алады. Сосын үш әйелін қатар отырғызады. Арыз иесінің пікірін қалған екеуінің құлағына жеткізеді. Домбырасын қолына алып Құрманғазының «Кісен ашқан» күйін желдірте орындайды да, «Бірлікке тас ату – сатқындық» деген өзінің қанатты сөзін күй ырғағымен үстемелете қайталап, қамшымен үш әйелін бірдей сықпырта сабап шығады. Келесіде тағы да бір әйелі өзіне ұнамаған күндесінің бірін, немесе екеуін қатар жамандап арыз айтқанда, жігіт тағы да әлгі тәсілді қолданады. Негізінен арыз иесі айыпты болғанымен, қалған екеуінің сол тұста күнәсі жоқ қой. Бұл тек біреуі арыз айтса бітті, «Кісен ашқан» күйінің ырғағымен «Бірлікке тас ату – сатқындық» дей отырып, үш әйелін бірдей қамшының астына алады. Басты идея мынау: Жұбайлары қандай жағдайда болсын бір-бірін жамандап арыз айтпауы керек. Ақырында үш әйел қызғанудан, пендауи көре алмаушылықтан сап тиылып, бір-бірінің адамгершілігіне, рухани парасатына, басқа да жақсы қырларына назар аударып, өзара тату-тәтті күн кеше бастайды. Міне, осындай жанұя бүгінгі таңда Қызылорда қаласында ғұмыр кешіп жатыр. Бұған не дейсіз?
– Кейде қара күштің де бірлікке, ізгілікке, кейде тіпті махаббатқа да қызмет етер кезі болатынын мойындамасқа шараң жоқ, – деп ойлана жымиды Шікең. – Екеуміз бірлесіп жазған кітаптың «Біздің өміріміздегі әйелдер…» атты бөлімінде әлемнің түрлі-түрлі жерінде жұбайлық өмірдегі сан қилы толқулар мен шалқуларға тоқталмадық па? Бәлкім, өмір осындай қайталанбас қызықтарымен мазмұнды шығар… (Бұл арада кітаптың сол Шікең нұсқаған бөлімінен үзінді келтіргенді дұрыс көріп отырмын):
«Айтматов. …Махаббаттың басты тұғыры – тұрақтылық десек, оны өткен ғасырларда әр ұлт пен ұлыс өз түсінігі мен нанымының, діни сенімінің деңгейінде бағалаған. Бағзы дәуірлерден қалған жылнамалар мен тас, қағаз бетіне салынған гравюралардан, қара жер қойнынан табылған саркофагтерден ері өлген жесірлердің өз еріктерімен отқа өртеніп, махаббат құрбандығына айналғанын көреміз.
Тас ғасырының мұндай жантүршігерлік салты жер шарының қай ендігінде де болған. Мәселен, Қытайдың Гайнан аралының тұрғындары қайтыс болған ер-азаматтың үстін жібекпен немесе жылқы, сиыр, қой терілерімен бүркеп, жанына әйелін тірідей таңып, астынан от қойған. О дүниеге жұбайлар бірге қадам басса, жер бетіндегі бақытты тірлігі сол қалпы жалғасады деп сенген.
Мұндай таңғаларлық фактілерді Геродоттың және басқа да көне ғасырлық тарихшылардың жазбаларынан жиі кезіктіреміз.
Көп әйелі бар еркек өлсе, күйеуімен бірге о дүние есігін сүйікті әйелі ашу керек деген ұғым салтанат құрған. Сол үшін де жесірлерінің арасында бір-бірімен бет жыртысуға дейін барған дау-жанжал басталады екен. Өлген адамның достары марқұм тірлігінде қай әйелін қандай дәрежеде сүйіп, құрметтегенін дереу сарапқа сала қояды. Ақыры, таңдау бір әйеліне түседі. Ол әйелдің қуанышы қойнына симай, зор мақтанышқа кенеледі. Сол сәтте әлгі әйелді жақын туысқанының бірі өлтіріп, күйеуінің жанына жерлейді. Өзге тірі қалған жесірлер қызғаныштан іштері күйіп, пұшайман халге түседі. Өйткені оларға күйеуінің соңында тірі қалудан асқан қорлық жоқ болып саналған.
Ежелде Жаңа Зеландия тұрғындарының көсемі қайтыс болса, жиналған ел-жұрт бәйбішесінің қолына арқан ұстатады екен. Ол міндетті түрде орманға барып, өз еркімен асылып өлуге тиіс. Бұл оның махаббатқа деген адалдығын көрсетеді.
Осы тәрізді түсінік пен «ғашықтығын дәлелдеу» салты ертедегі скифтерде, гректер мен литвалықтарда да кеңінен өріс алғанын білеміз.
Ал Сүлеймен аралында тұратын тайпа басшысы көз жұма қалса, қарамағындағы халық оның әйелін тұншықтырып өлтірген. Сонымен қатар басшының жақын тұтқан ағайындары, қызметшілері жедел түрде улы өсімдіктің сөлін ішіп, есеңгіреп, басшы моласының жанына барып, асылған. Өйткені ел ардақтаған сыйлы адамды о дүниеге жалғыз жіберуге болмайды деген түсінік үстем түсіп отырған.
Тіпті кейбір тайпаның бойжеткендері болашақ күйеулері өле қалса, әзір тұрсын деп, тұрмысқа шықпас бұрын мойнына жіп орап жүрген. Ал Фиджи аралындағы сомо-сомо тайпасының атақты қолбасшысы Рамбити теңіз апатына ұшырап, суға кеткенде, соңында қалған он жеті жесірі түгелдей өлтірілген. Намен елді мекенінде біреудің сексен әйелі бірдей құрбандыққа шалынып, айнала қызыл қанға бөккенін жылнама беттері айғақтайды.
Шаханов. Бұл арада, сірә, махаббаттан гөрі, мистикалық консерватизм мен жан дүниенің көрсоқырлығы жайында айтқан жөн шығар, әрі өзі – жан шошырлық нәрсе ғой. Ертеде Африка тайпаларында көсемі, не көсемінің сүйікті әйелі өлсе, қызметші құлдарын да қоса көметін дәстүр болған. Құрбандыққа бас тіккен олар мұны өзіміздің қасиетті парызымыз деп білген. Осындай бір жабайы салт орындалар кезде қапияда жолыққан еуропалықтар өлгелі түрған құлдарға араша түседі. Сонда құлдар: «Көсемімізді о дүниеде кім күтіп-бағады?» – деп, ақ адамдарға наразылық білдіріпті.
Үндістанның найар атты көне тайпасының жұбайлық өмірі өзгелерден тіптен бөлек. Жігіт үйленгенмен, жұбайымен бір шаңырақ астында тұрмайды. Күйеу өз отбасында, әйелі де сол сияқты әке-шешесімен бір үйде тұра береді. Күйеуімен жолығысар сәтті зарыға тосқан әйелі жыл сайын бірнеше күнге ғана балаларын ертіп келіп, ер-азаматының қасында болып қайтуға еркі бар. Ал жиі кездесуге тайпаның дәстүрі, салты жол бермейді. Тіпті бұл масқарашылық болып есептелінеді. Және жұбайлар өмір бойы бір-біріне материалдық жағынан жауапкершілік жүктемейді. Әркімнің күнкөрісі өзінде. Бір қызығы, тайпада айырылысу деген өте сирек кездесетін құбылыс екен. Бәлкім, бұл ұзақ жылдар бір шаңырақтың астында тұрып, жұбайлық өмірдің күнгейлі-көлеңкелі шақтарын бастарынан жиі кешпегеннің әсері шығар.
Сол сияқты даяктардың үйленуі мен ажырасуы да өзгелерден ерекше. Бұл халықтың өмірін жете зерттеген Пьер Пфеффер былай деп жазады: «Мұнда еркектермен қатар әйелдер де ажырасамын деп талап қоюға ерікті. Бұл даяктар өмірінде ешқандай драма туғызбайды».
Бір таңғаларлығы, ерінен айырылысқан әйел екінші мәрте тұрмыс құрса, алғашқы күйеуі олардың құрметті қонағына, тіпті әйелдің кейінгі жарының досына, туған ағасына айналатын көрінеді.
Міне, шуда жіптей шатасқан әртүрлі наным, түсініктің төңірегінде қаншама ұлт пен ұлыстың жұбайлық ғұмыры, азапты махаббаты жасырынып жатыр!»
– Бірақ бір мәселе жөнінде пікіріміз айқын болуы шарт – деп әңгімесін жалғастырды Шікең. – Кейде біреулердің екі немесе үш әйел алғанына үдере қарағанымызбен олардан өрбіген, яғни ата-анасының мейірімін сезініп өскен сәби мен тастанды, ата-анасының мейірімін мүлде сезінбей есейген бүлдіршіннің арасында жер мен көктей айырмашылық болатынын терең пайымдай бермейміз. Бір мысал келтірейін. Жамбыл малдәрігерлік техникумында оқып жүрген кезім. «Коневодство» пәнінен сабақ беретін, Ленинградтан келген қарт ұстазымыз қала сыртына алып барды. Қалың ағаш арасындағы шағын көкорай алаңда арқандаулы тұрған бие мен құлынның табиғатына байланысты сұрақ жауап өрбітті. Сонан кейін демалыс сағаты жарияланды. Бір кезде жақын маңнан мысықтың жан ұшыра, булыға шыңғырған ащы дауысы естілді. Солай қарай бұрылсақ, бір курстас жігітіміз жабайы мысықты ұстап алып, төрт аяғын түгел матап, мойнынан қылқындыра тұзақтап, имек ағашқа асып қойыпты. Әрі өзі соған шаттана, масаттана қарап тұр екен. Қасымдағы бала қалтасынан бәкісін алды да: «Тіршілік иесіне осыншама азап беруге бола ма?» деді де жіпті кесіп жіберді. Мысық топ етіп жерге құлады. Жігіт көзі ақилана ызаланып, қасымдағы баланың алқымына қолын салып: «Бұл сенің әкеңнің мысығы емес қой. Біреудің ішкі шаруасына араласуға қандай хақың бар? Білгің келсе айтайын, кез-келген тірі жәндіктің азап шеккенінен өз басым ләззат аламын» деді. Мен ара түспегенде олардың бұл жағаласуы төбелеске айналып кетуі мүмкін еді. Кейіннен әлгі жітіттің «кез-келген тірі жәндіктің азап шеккенінен өз басым ләззат аламын» деген сөзі бізді сан-салалы ойға жетеледі. Сөйтсек ана жігіт ата-ана мейірімінен мүлде бейхабар, анасы ойнастан туып, көшеде қалдырып кеткен, қашан есейгенше жетім балалар үйінде тәрбиеленген адам болып шықты. Міне, ата-ана мейірімін көрмей өсудің осындай өзіндік қасіреті мен өшпенділігі қатар жүретініне сол жолы тұңғыш рет көз жеткіздім.
– Кеңестер Одағының кезінде мейрімсіздік пәрмені мемлекеттік саясатқа қызмет етті – дедім мен. – Новосибирск қаласында кілең ата-ана мейірімін білмей өскен, мүмкіндігінше тастанды балалардан құрылған әскери топ салтанат құрды. Әрі мұндай қаныпезер топтың бар екендігі жұрт назарынан мүлде жасырын ұсталды. 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы кезінде, билік «Метель» операциясын сынап көру мақсатында осы қаныпезер топты жасырын түрде енгізген еді. Алаңға қарусыз жиналған жастарды аяусыз соққыға жыққан да, олардың едәуір бөлігінің жанын жаһаннамға аттандырған да, қолға түскен жігіттер мен қыздарды алаң шетінде 20 градус аязда, мұз үстіне бірнеше сағат бойына етбетінен жатқызып қойған да, кейіннен оларды бірі шашынан, бірі аяғынан ұстап, үсті ашық мәшинеге, отынға әзірленген ағаш сияқты лақтырған да осы топ болатын. Ата-анасының жүрек жылуын, шуақты мейірімін көріп өскен солдаттар қанша жерден тапсырма алғанымен шектен шыққан зұлымдық қимылға бармайтыны белгілі. Ал мына топ керісінше, ондай жантүршігерлік қимылдан ләззат алады. Отыздан астам мәшинеге сықай тиелген жастарды қаладан 30-40 шақырым жерге алып барып, жігіттерді шетінен соққыға жығады. Есін жинаған еркектердің аяқ киімін шештіріп, кейбіреулерін тырдай жалаңаш күйінде 20 градустық аязда үйіне жалаңаяқ қайтуға рұқсат береді. Қыздарды түгелдей зорлап, «болашақта бала көтермесін» деген ниетпен бірнеше сағат бойына іш киімсіз мұз үстіне отырғызып қояды. Мұндай зұлымдық харекетке кезінде Гитлердің фашистері де бармаған. Себебі, олардың қарамағында Желтоқсанның рухани көтерілісі кезінде өз бетпердесін толық түрде ашқан, ата-ана мейірімінсіз, шуағынсыз, сәулетінсіз ержеткен, кілең жетімдерден құралған арнаулы топ жоқ еді. Қаншама ғасырлар бойына адам баласы онша мән бермей келген, әркімнің жеке шаруасы боп есептелетін, ата-ананың балаға деген мейірім шуағы төңірегінде осындай үлкен қауіпті мүдде бой тасалап жатады деп кім ойлаған?!
2008 жылдың желтоқсан айында Үрімші тұрғындарының шақыруына орай Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр автономиясында болып, үш мың адамдық үлкен залда поэзия кешін өткіздім. Жұрттың айтуынша билет жетпеген тағы сонша адам сыртта қалып кетіпті. Қытай полициясы лек-легімен ентелей ұмтылған жанкүйерлер арасымен әйелім Қаншайым екеумізді қонақ үйге апаратын көлікке дейін әзер алып барды. Үрімші қазақтарының поэзияма деген ықыласы таң қаларлық екен. Олардың арасынан бір емес бірнеше поэмамды сағаттап жатқа соғатын адамдарды кездестірдім. Тіпті поэзиядан хабары жоқ деген жұрттың арасынан бір шумақ жырымды жатқа білмейтін адам табу қиын сияқты. Келесі күні таң елең-алаңда, сағат 7-ге жақындағанда есік қағылды. Ашсам, есік алды топырлаған жұрт. «Аға, біз Қытайдың алыс аудандарынан келген 200-ден астам адам, кеше өзіңізге жақындау мүмкін болмағандықтан, қолтаңбаңызды алып кетейік деген үмітпен, түні бойы ұйықтамай, оянар шағыңызды күтіп тұр едік» деді біреуі. Жасыратыны жоқ, мұндай көзсіз ықыласты еш жерден, тіпті өзімнің туған ауылымнан да көрген емес едім. Амалсыздан поэзия жанкүйерлерін мені ертіп жүрген адамдар бір-бірлеп бөлмеге кіргізіп отырды. Көпшілігінің қолында Үрімшіде бірнеше дүркін басылған «Жаңа қазақтар», «Дәуір дастандары» атты өлең жинақтарым мен Шыңғыс Айтматовпен бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты сырласу кітабы. Бұл кітап мұнда алты рет басылып шығыпты. Кейбір басылымдары тіпті жүз мың данамен тарапты. Жанкүйерлер арасында екі-үш ұйғыр бауырлар да бар екен. «Құз басындағы аңшының зарының» ұйғыр тіліндегі аудармасын тұңғыш рет солардың қолынан көрдім.
Шікеңнің қаза болғанына 5 айдан аса уақыт өткен. Қолтаңба алушылардың басым көпшілігі: «Айтматов ағаңыз әрі досыңыз еді ғой, иманы саламат болсын. Ол кісіні жоғалту бәріміз үшін үлкен қайғы» деп көңілін білдіріп жатты. Шікеңнің барлық шығармалары қытай тілінде әлденеше рет басылыпты және осындағы өзге халықтардың тіліне де молынан аударылыпты. Бұл елде Айтматовты білмейтін адамды іздеп табу едәуір күшке түседі екен. Бір жоғарғы оқу орнындағы кездесуде екі-үш қытай ғалымы жолығып өзінің Айтматов шығармалары төңірегінде диссертация қорғағанын мақтанышпен айтты. Үрімшідегі аға-досыма деген риясыз құрметтің бүгінгі таңда ұлтсыздануға, рухсыздануға бет бұрған қырғыз жеріндегі ынта-ықыластан әлдеқайда жоғары екеніне көз жеткіздім.
Жергілікті халқы 21 миллионнан асатын Шыңжаң Ұйғыр автономиясы өлкелік саяси кеңесінің төрағасы Асхат Керімбайұлы мен Халық Үкіметі төрағасының орынбасары Тілепалды Әбдірешитұлының қабылдауынан кейінгі қонақасыда Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер вице-министрі қымыз толы кесемен қасыма келіп: «Мұхтар мырза, жұмыс барысында араласып жүретін бір-екі қазақ пікірлесім болса да олар маған қымыздың мынандай дара қасиетін айтқан емес. Сіздің өлеңіңіз менің қымызға деген мүлде жаңа құлшынысымды оятты» деді де менімен кесесін соғыстырды.
Өзім қызмет істейтін «Жалын» журналына бір қария келді.
– «Жас Алаш» газетіне жарияланған өлеңіңізді оқыдым. Мен де қымызшылмын, әрі сіздің аға-досыңыз Шыңғыс Айтматов сияқты біреу шал десе өкпелейтін адаммын, – деді ол қулана жымиып. – Жасым сексенге мінсе де жақында нәрестелі болдым. Соны сізге айтып мақтанайын деп әдейі келген бетім еді.
Журнал редакциясында белгілі қаламгер Құдияр Біләл екеуміз Шакизада Сүлейменова деген ұлтжанды қарындасымыздың қолымен қарияға арнап дастархан жайдырдық, нәрестеге «жол болсын» айттық.
– Аға, – дедім біраздан соң қарияға бұрылып. – Қарттар арасында Сексенбайлар, Тоқсанбайлар тудыру дәстүрі кейінгі жылдары шегініске түсіп тұр. Асанәлі Әшімов деген атақты әртіс ініңіз осыдан екі-үш жыл бұрын бір Жетпісбайды дүниеге әкеліп еді, соның өзі еркектер арасындағы үлкен жетістік санала жаздады. Бірақ біз жуырда ол ініңіздің алдына Сексенбай тудыру міндетін қойдық. Енді Сізге де қояр талабымыз бар.
– Егер қолымнан келсе орындауға әзірмін, – деді қария құлшынып.
– Келеді, – дедім мен сеніммен. – Сіз, міне Сексенбайды дүниеге әкелдіңіз. Біздің қазақта Жүзбай деген де есімдер аз кездеспеген. Оның не үшін қойылғанын өзіңіз жақсы білесіз. Енді Сізге жүктелер талап, Сексенбаймен шектеліп қалмай, тоқсан жасыңызда Тоқсанбайды дүниеге әкелсеңіз, сол қуанышқа арналған үлкен тойыңыздың шығынын түгелдей мен көтерер едім.
– Әйелім қаза болғаннан кейін үйленген жеңгең, яғни Сексенбайдың анасы – қазір 36-да. Он жылдан кейін 46-ға шығады, – деді қария басын сипап ойланып. – Бәлкім, жарап қалар. Келістік!
Сөйтіп екеуміз қол алыстық.
Әттең, Шікең тірі тұрғанда ризалықтан әрі шаттықтан бұл әңгімеге көзінен жас аққанша күлер еді.

«…Құдай сақтасын, Қырғызстанның президенті боп кете жаздадым»

Мұхтар ШАХАНОВ   

1991 жыл. Мәскеуден Шыңғыс Айтматов телефон соқты.
– Құдай сақтады, – деді ол амандық-саулықтан соң. – Сәл болмағанда Қырғызстанның Президенті боп кете жаздадым. Қазат досың айтты ма?


– Иә, айтты. Бүкіл Парламент бір жарым сағат бойы Сіздің келісіміңізді күтіп тұрыпты. Мақұл дегеніңізде Қырғыз Республикасының Президенті боп шыға келер едіңіз. Бұл шешіміңізбен Сіз әсіресе маған көп залал жасадыңыз, – дедім мен өкпелегендей дауысымды қатайтып.
– Неге, қалай? – деді ол ештеңеге түсінбей.
– Қалайша түсінбейсіз? Сіз мені қырғыз еліне барғанда Қырғыз Президентінің іні-досымын деп шалқып жүру бақытынан айырдыңыз. Енді қырғыз бен қазақта ғана емес, бүкіл әлемде Сіз сияқты Президенттіктен нақ бір жылан көргендей үркіп, бойын ала қашатын адам табылмасы айқын, – дедім бағзы әзілқойлығыма басып.
– Мүмкін. Бірақ әркім өзінің елдік, ұлттық, халықаралық мүмкіндігін есептеуі керек қой, – деді ол.
– Қайдағы мүмкіндікті айтасыз? Қазіргі көсемсымақтар арасында елдік, ұлттық рухани парасаттан жұрдай, тек қарын мүддесі үшін қызмет етіп жатқандар аз ба? Бәлкім, Сіз жиырмасыншы ғасырдың пендешіліктен ада, материалдық жеке мүдде қазанының күйесі жұқпаған ең таза Президенті болар едіңіз. Тым құрыса, осы жағынан үлгі көрсетуіңіз әбден мүмкін еді…
– Жоқ, сен бір мәселені есепке алмай отырсың, – деді ол сабырмен. – Қазіргі рухсызданған дәуір талабы басқаша мінез қалыптастырды. Ашқарақтанбаған, қанағатсызданбаған, ұлтсызданбаған және шындығы өтіріктенбеген адам толыққанды Президент бола алмайды…
Енді қырғыздың дарынды жазушысы, сол жылдардағы Қырғызстан демократиялық партиясының төрағасы Қазат Ақматовтың естелігіне жүгінелік:
«Жаныма Төлеміш Өкеев пен Барпы Рыспаевты алып, Шікеңе хабарласып ем, үйінде екен.
Айтқан жаңалығымды әбден тыңдап алған Айтматов: – Менің Президент болуға дайындығым да, ықыласым да жоқ. Ниеттеріңе мың да бір рақмет, бұл – өте жауапты әрі мәртебелі орын. Сондықтан оған экономист, заңгер немесе ауыл шаруашылығының маманы лайық. Жазушылық өнерімді лауазымға айырбастағым келмейді. Ойымда жүрген көптеген дүниелерім бар, соны іске асырсам да, жетер, – деп азарда-безер болды. Келісіміңізді берсеңіз бітті, Президент болып сайланып тұрсыз дедік. Расында да, бұл сөзімізде үлкен шындық жатыр еді. Егер Айтматов: «Жарайды, өздерің біліңдер», – дегенде, парламенттің оны Президент етіп сайлайтынына титтей де күмән жоқ.
– Өзіңіз кімді ұсынар едіңіз? – дедік, ақыры көнбейтініне көзіміз анық жеткен соң.
– Бәрекелді, жөнге енді келдіңдер, – деді ол жұмсарып. – Мысалы, мен президенттікке Асқар Ақаевтың кандидатурасын ұсынар едім.
– Сіздің атыңыздан парламентке осылай деп ұсыныс түсіруге бола ма?
– Иә, парламентке менің атымнан сәлем айтыңдар. Асқарды сайласа, елге де, өздеріңе де дұрыс болады.
Сөйтіп… Асқар Ақаев Қырғыз Республикасының тұңғыш Президенті боп сайланды».
1996 жылғы сәуір айының басы. Бельгияға, Шікеңе телефон соғып:
– Біріккен Ұлттар Ұйымының болашақ Бас хатшысына жалынды сәлем! – деп әзілдедім.
– Осы қауесетті кім шығарып жүргенін білдің бе? – деді ол таңданғанын жасыра алмай.
– Оған ренжуге болмайды. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының босаған орнына әр ел өз арыстандарын ұсынып жатыр. Ал Қырғызда әлемдік деңгейде мойындалған Сізден үлкен арыстан бар ма? – дедім мен. – Кеше кілең Елшілер бас қосып едік, олардың көпшілігі өз мемлекеттерінің Сіздің кандидатураңызды қолдайтынын әңгімеледі. «Мақұл» деп ықылас білдірсеңіз бүкіл жер шарына билік жүргізетін көсем боп шыға келуіңіз әбден мүмкін.
– Әзіліңді қоя тұршы, – деді Шікең дегбірсізденіп. – Бұл қауесет бүкіл Қырғызстанға тіпті шетелдерге де тарап кетіпті ғой. Әркім көрпесіне қарай көсілуі керек емес пе? Осы өсекті қалай тоқтатамыз?
– Президент болудан бас тартқа­ныңыз сияқты ғаламдық деңгейдегі көсем болғыңыз келмесе өзіңіздің Сыртқы істер министріңізге телефон соғыңыз немесе Ақаевқа айтыңыз.
– Бұл идеяң дұрыс екен – деді Шікең.
Арада екі-үш күн өтпей-ақ «Слова Кыргызстана» газетінде (11 сәуір, 1996 ж.) Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы У.Ботобековтың мынадай мәлімдемесі жарияланды:
«В последнее время в обществе усиливаются слухи, что кандидатуру известного писателя, посла Кыргызской Республики в Королевстве Бельгия Чингиза Айтматова собираются выдвинуть на пост генерального секретаря ООН. Некоторые народные депутаты с высокой трибуны парламента заявили об этом, даже внесли в повестку дня очередного заседания Совета народных представителей Жогорку Кенеша.
Как пресс-секретарь МИДа Кыргызской Республики я уполномочен заявить, что эти высказывания не соответствуют действительности. У нашего известного земляка нет никакого намерения и желания баллотироваться на пост генерального секретаря ООН. По словам самого Ч.Айтматова, он никогда и нигде не высказывал таких намерений, и это не входит в его жизненные планы».

Міне, нағыз Айтматовтық мінез, яғни Айтматовтың адами, табиғи феномені.

Жат көріндім демеймін…

Дүйсенбек АЙБЕКОВ   

 

Ауыл мектебін бітірген бойы Алматыға аттандық. Арманымыз – ҚазҰУ-ге түсу.
Жақсы дос боп кеткен жас ақын Есенғали Раушанов екеуміз бір күні «Алатау» кинотеатрының алдындағы газет-журналдар сататын дүңгіршектен Олжас Сүлейменовтің қазақ тіліндегі «Атамекен» кітабына үңіліп тұрғанбыз.

Ту сыртымыздан шыққан:
– Балалар, ана кітапты кім аударған екен? – деген сөзге жалт қарадық.  Еңгезердей екі кісі төбемізден төніп тұр. Екеуі де қара көзілдірік таққан, жеңі шолақ ақ көйлек киіпті. Есенғали жұлып алғандай:
– Бұл кітапты қазақтың шөпке тышар ақыны Қадыр Мырзалиев аударыпты, –деді. Әлгі екі кісінің бірі:
– Ой, бәтшағар, қалай-қалай сөйлейсің, – деп көзәйнегін қолына алып, бізге күлімсірей қарады.
Ол адамның өзіміз газеттерден суреттерін көріп, өлеңдерін жатқа айтып жүрген Мұқағали екенін екeуміз де бірден біле қойдық. Жалма-жан сәлем беріп, ағаға ілтипат жасадық. Мұқаңның жанындағы кісі қазақтың белгілі ақыны Бекен Әбдіразақов екен.
– Шамасы, өлең жазатын балалар болды бұлар. Жүріңдер, былайырақ шығып сөйлесейік, – деді Бекен аға.
Ақын ағаларға қосыла жаяу аяңдай отырып «Алматы» қонақүйінің артындағы бес қабатты ескі үйдің алдына келдік. Ол әлгі қонақүйдің қосымшасы екен. (Бүгінде бұл үй бұзылып кетті, орнына «Қазпоштаның» зәулім ғимараттары салынған).
Мұқаңдар әлгінде ғана «Жазушы» баспасынан шығыпты. Келер жылы жарық көретін «Аққулар ұйықтағанда» деген кітабының қолжазбасын соңғы рет қарап көруге шақырған екен. Енді соны алып келе жатқанда біз жолығыппыз.
– Бүгін бір сәтті күн болды. Мына үйдің үшінші қабатындағы буфеттен біраз шәй ішейік, – деп Мұқаң бәрімізді сонда бастады.
Буфетте ұзақ отырдық. Ағалар бізге өлең оқытты. Есенғали екеуміз жарыса оқимыз. Ара-арасында Мұқаң да, Бекең де өз өлеңдерін жатқа айтады.
Мұқаң қолындағы қолжазбадан бірнеше өлеңді оқып берді. Есімде жатталып қалған кейбірі әлі  күнге көкейімде сайрап тұр:
Ақ көңілмін, демеймін жат көріндім,
Жат көріндім, демеймін ақ көңілмін.
Өмір деген біреу бар билік құрған,
Мен соның билігіне қақ бөліндім, – деген шумақтағы «өмір» сөзінің орнына сол кездегі белгілі ақын, бір үлкен газеттің басшысының атын айтты. Көкірегіндегі запыранды ақын жүрек жайып салған сыңайлы.
Жалғасы бар жырымның, жалғасы бар,
Жырларым, жылдарыммен жалғасыңдар, – деп басталатын керемет өлеңін кейін ақынның еш кітабынан кезіктіре алмадым.
Ақын ағалармен болған уақытымыз, айтары жоқ, тамаша өтті.
– Талаптарың жақсы екен, балалар. Өлеңді жаза алатын болсаңдар ғана жазыңдар. Күшеншек өлеңшіден ақын шықпайды, – деп Мұқаң өзінің аузына қарап отырған екеуміздің бетімізден сүйіп қойды.
Ымырт жабыла далаға шықсақ, Алматының ақ жауыны төпеп тұр екен. Көшедегі үлкен талдың астына паналап, ағаларды жеткізіп салатын көлік іздей бастадық.
Буфеттен шығарда Мұқаң «Аққулар ұйықтағанданың» қолжазбасын маған ұстатып еді. Енді сыртына су тие бастаған соң мен оны көйлегімнің ішіне салып алғам. Бір қалтарыста соны байқап қалған Мұқаң өзінің кең құшағын жайып, мені бауырына басты. Іштен шыққан өлең-перзенттеріне жанашырлық жасаған жігіттің болар-болмас әрекеті ақын көңілін елжіретіп жіберсе керек. (Кейінірек мен «Ақын құшағы» деген баллада жазып, ол «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында жарияланды).
Алғашқы таныстықтан соң, біз Мұқаңмен жиі жүздесетін болдық. Қасында көбіне ақын Тоқаш Бердияров, жастардан Дәуітәлі Стамбеков, Серік Ақсұңқарұлы ұшырасып қалатын. Көбіне өлең оқимыз. Шындығында, оқитын біздер де, Мұқаң жақсы таңдаушымыз, қатал сыншымыз еді.
– Түбі сенен нағыз ақын шығады, – деді бір кездесуде Есенғалидың арқасынан қағып, – бірақ дандайсып кетпе, даңғойлық дарақыларға тән қасиет.  Сен өзіңді сақта, бала…
Сол кездерде Жазушылар одағының әдеби қоры қаржыдан қысылған жас талапкерлерге қолма-қол көмек көрсетіп отыратын. Бір жолы Одаққа барсақ, бірінші қабатынан Мұқаңды жолықтырып қалдық. Біздің жүдеу түрімізді көрген ол кісі:
– Тез арыз жазып, жоғарыдағы ағаларыңның біріне қол қойдырып келіңдер, – деді. Үшінші қабаттағы «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында мен ақын Әбубәкір Нілібаевқа, Есенғали жазушы Оразбек Сарсенбаевқа барып, кепілдікке қолдарын қойғызып алдық.
– Екеуіңе екінші кепіл мен боламын, – деп Мұқаң бізді қорға алып барды.
Әне-міне, дегенше, қолымызға әжептәуір ақша түскен біз де енді Мұқаңды сыйлау жағын ойластыра бастадық.
– Жоқ, – деді Мұқаң, – өз әжеттеріңе жаратыңдар. Сырт жерде сендерге ақшасыз жүруге болмайды. Оның үстіне мен қазір бір шаруамен айналысып жатырмын…
…Мұқаңды  соңғы рет 1975 жылдың күзінде көрдім. Зоовет институтының жоғарғы курсында оқитын ауылдас ағай және екі-үш жігіт бар, бәріміз асыға Коммунистер (қазіргі Абылай хан) даңғылымен төмен қарай заулап келе жатқанбыз. «Алматы» мейрамханасының алдынан өте бергенде байқадым, жол жиегіндегі орындықта Мұқаң отыр екен. Жолдастардан бөліне сала ол кісінің жанына бардым. Ала көлеңкеде менің бетіме қараған Мұқаң бірден таныды.
– О, бәтшағар, келіп те қалдың ба? Кел, отыр, – деп қолымнан тартып қасына отырғызды. Көңіл-күйі болыңқырамай тұрған сияқты.
– Ал, айта отыр, қайда қашып барасың, тым суытсың ғой? – деді Мұқаң.
– Мына «Столичныйға» үлгерсек пе деп келеміз. Стадионнан жаңа шығып едік, – дедім асығыстығымызды білдіріп.
Осы кезде қастарындағы «күлшелі бала» – менің жоқ екенімді біліп, қайта қайтқан ауылдас ағай жанымызға жүгіріп келді.
– Әй-шәй жоқ:
– Ой, сен де мылжыңдап тұра береді екенсің! – деп маған дүрсе қоя берді.  
– Бар, – деді Мұқаң. 
Ақын ағаны қимасам да, аялдап тұра беруге болмайтын еді. Дігірлеп  тұрған ауылдас ағайға алара қарап, артынан ілесе бердім…
Құдайдың құдіреті көп жылдар өткен соң, сол ауылдас ағайдың сәл масайып қалса болды, Мұқағалидың өлеңдерін жатқа оқып, өзімен-өзі мұңайып отырғанын талай көрдім.
Мұқаңның айналасынан адам үзілмеуші еді. Әсіресе, әдебиетті сүйетін жастар жиі төңіректейтін. Солардың арасында өзімнің де жүргенімді, асыл ағаның ақын жанын өзі тірі кезінде түсінуге тырысқанымды бүгіндері мақтаныш сезіммен еске аламын…

Жастарда тұмау бар..

Авторы :  Ардақ Құлтаи

  Ғабит Мүсірепов:

Оқу залдары мен кітапханалардан қазақтың біртуар ұлдарының бірі – шешен сөз, шебер ойдың пірі, академик, жазушы, Ғабит Мүсіреповтің «Күнделік» атты еңбегінде өзекті мәселелер көтеріліпті. Оқырманымыздың көкейінде жүрген біраз мәселенің шешімін таба біледі деген ойда, алдарыңызға сұхбат ретінде ұсынғым келді.

Әсіресе, жастар құлақ түрсе, дананың өз заманында шертілген тылсым сырларға кенеледі деген сенімдемін. Әлқисса!
– «Әуелі келісіп алайық: сіз ешнәрсе жасырмаңыз, мен ешнәрсе қоспайын.
– Жоқ, сіз ешнәрсе қоспаңыз, мен ешнәрсені жасырмаймын…
Уәдеміз осы болды…»

Сұрақ: Ғабит ата, елу мың сан-белесті асып, бүгінде, көріп отырсыз, дамушы елу елдің қатарына қосылғалы тұрмыз. Тәубе делік, кезінде сіздер армандаған, жасаған еңбектеріңіздің нәтижесі шығып, ұлтымыздың ұлылығын көксейтін жағдайға да жеттік. Он сегіз жылда бозбала атқа бекем отырып, бойжеткен етегін жинайтын кезіндей Қазақстанның бүгінгісі кешегісінен озық келіп, ертеңгісі бүгінгіден де жоғары деңгейге көтеріліп отырған шағымыз осы. Әрине, «Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, самарқау кеткен тұстар: әдебиет пен дінімізге, сонымен қатар теңдессіз бай салт-дәстүріміз бен мәдениетімізге келген ауыртпалықтардың әсерінен ұлттық құндылықтарымыз кейіндеп қалғандай көрініс алғаны тағы бар. Әсіресе, ащы тілдің ызасынан шығатын ақтаңылдақ жылдардағы қазақ ұлтының өз зиялыларынан айырылуы – ұлттың қалыптасуындағы теңдесі жоқ зардаптар болып қала береді. Бүгінгі жағдайдағы жас Қазақстанның әлі де жетіліп, дамуына қанша жылдар немесе қанша ғасырлар керек, – деп ойлайсыз?
Жауап: Жаңа қазақ мемлекетінің биік туы менің көз алдымда көтерілді. Бүгінде күллі әлем назары ауған іргелі елге айналдық, бірақ әдебиет пен өнер ұлы болмаған жағдайда ұлт ұлы болып есептелмейтінін ұмытпайықшы. Адам ойының ер жетуі жас баланың ер жетуінен анағұрлым ұзаққа созылады. Ал енді тұтас бір қоғамның, не болмаса, ұлт ойының ер жетуі ғасырларға кетеді.
Сұрақ: Рас айтасыз, ұлт  дамуы үдерісінің кезеңдерге бөлініп, екшелеп, әбден сауыты мен сайманы бекемделіп, төрт құбыласы тең болған жағдайда ғана дамушы елдердің модельмен теңесе аламыз. Десе де, мынау, ғаламдық яки болмаса, жеке бір ұлттық деңгейдегі проблемалардың қаншалықты дәрежеде еліміздің даму үдерісін табандап, артқа қарай шегіндетеді?
Жауап: Ұсақ ұлттарды ықтата берсең, иықтай берсең жүн болып кетеді. Өзіндік тоқсан тоғыз жақсы қасиетінен айырылып, өзгенің тоқсан тоғыз түрлі кемшілігін үйреніп, оның биік ойларына өресі жетпей, ит әуре болады. Ендігі ол халықтың беті «хош, есен болғай».
Сұрақ: Отанымыздың болашағы, жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне, рухани біліктілігіне, адами қасиетіне селқос қарай алмайтын рухы жоғары жастардың қолында екені мәлім. Көкірегінен от тербеп, сөзінен нұр бойлаған жас ұрпақ өкілінен қандай үмітіңіз бар? Немесе жастардың қазіргі тәрбиесінің барынша көрініс табуы, талданып, тарамдарға бөлінуі нендей нәтижелерді күттіреді?
Жауап: Жастарда тұмау бар, түшкіру керек. Жастарда қарсылық емес, бір кезде үлкендердің өз басынан өткен, бірақ қазір тиылған (Лоре Шпукені еске алу керек!) қалыптарына, жастарды ерте қартайтуға себеп боларлыққа наразылық бар.
Айыру болса ішке түсірмеу керек! Ішке, ішке! Жастарда тымау бар, үшкіру емес, түшкіру керек. Барлық бактерия атып шығатын болсын! Кеңсірікке сіңбірік жиналмасын. Сіңбірік – сірә да, оған қорланып жинала берген бактерия үлкен ауруға шалдықтырады. Ақыл айтып, Алламен қорқытып үшкіру керек емес, оларға түшкіру керек. Ойдағысын айтатын болсын.
Бұл қалай болғаны?
Күн күркіреді. Дүние бұға қойғандай болады. Мысық шыға келеді, тышқан жыма жөнеледі. Әкімдер келеді, ауыл тыншыға қояды.
Түсінбедім…
Айтқың келген ойың мен айтқан ойыңның арасында айырма бар, айтқың келген ойың мен қалай айтқаныңның арасында да сол айырма.
Сұрақ: Сіз шерткен әңгіменің қыры беймәлім сырды алға ой етіп жетелейді. Қазірде жас буын өкілінің жолы, бағыт бағдары қандай болу керек? Шымылдығы ашылмай жатып, шаңырағы шайқалатын жас отбасыларының соңы осы іспеттес қасіретті жағдаятқа әкеліп отырғанының себебі неде деп ойлайсыз?
Жауап: Адамда «совесть» (ар-ұят) деген болады шырағым… Ол қазір көзіңе көрсете қоятын, қолыңа ұстата салатын жайда емес, бірақ өседі, сонда көресің де білесің… «Басқа бәле тілден».
Тізесін тым ашып қойған қыздың өзі көрінбей қалады. Бұдан екі түрлі қайшылық шығады:
1) Тізеге қызыққан жігіттің ойына үйлену келмейді, тізенің төңірегі ғана келеді.
2) Қыздың ойы – сол тізесімен ғана барлық өмірлігін шешіп алмақшы. Бұл екеуінен өрбитін көңілсіздіктердің ұшы-қиырына көз жетпесе керек. Ар жағы белгілі – екеуі де сорлы болады.
Сұрақ: Тәрбиенің қай тұсында қателік көресіз?  
Жауап: Адамның көзі, құлағы, мұрны, тілі, терісі арқылы сезінетін құбылыстардың бәрі де адам тәрбиесіне жатады.
Болашақтың адамын тәрбиелейміз дегенде адамның барлық мүшелері арқылы сезілетін, танылатын, білінетін, көрінетін, естілетін дүниенің бәрі де адам тәрбиесіне кіреді, бірде-бірін ескермеуге болмайды деп есептеу керек.
Біз ақыл-ой, сана-сезім, материалдық жаңару, тәрбие дегенде жоғарыда айтылғандарды түгел осы екі элементке жатқызамыз да, жіктемейміз, сараламаймыз, көрнекті бір қате осында.
Сұрақ: Расында, болашақ ұрпақтың танымы, ұлттық ділге деген көзқарасы, тәрбиесі бірқалыптанбаған. Сай-салада тарам-тарам болған игі қасиеттер бір шоқ болып түзіле алмайтынын ескеру керек. Айтылған сөз жүзеге асуы керек. Талпыныс болуы керек. Сонда ғана келешектің кереметіне қол жеткізуіміз әбден мүмкін деген ойдамыз. Әр кезде де сырыңызға тағай салар оқырманыңыз бар бұл өмірмен, жастармен нендей сөздеріңізбен қош айтысасыз?
Жауап: Ал қасиетті елім, қиыспас дос-жаран, ағайын-туыс, сәулелі жас ұрпақ, хош, хош болыңдар!
Сұхбатыңызға көп рақмет, Ғабит ата!

%d bloggers like this: