Archive for the ‘қазақ әдебиеті’ Category

Қара өлеңнің Хантәңірі

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Ақтамберді болып ақтарылып, Махамбет болып кектенген, Абай болып терең күрсінген, Жамбыл болып жырлаған, Мағжан болып мұңайған, Қасым болып от кешіп, Төлегендей сағынышқа енген қасиетті қазақ өлеңінің төрінде ақиық Мұқағалидың алатын орны алабөтен. Қарасаз атты қараша ауылда туып-өсіп, Хантәңірінің етегінен түлеп ұшқан мұзбалақ ақынның жырлары бүгінде әр қазақтың көкірегінде сайрап тұр. Ол өлең өлкесіне өзінің ерекше үнімен келіп, қарапайым да асқақ болмысымен, шыншыл да шымыр өлеңдерімен жадымызда мәңгі қалып қойды.

Талайлы тағдыр маңдайынан сипай қой­маса да, қазақтың қара өлеңін кие тұтқан ақын ағынға қарсы жүзіп, түптің түбінде жұл­дызының биіктен жарқырап тұратынын жан-жүрегімен сезіп, сәулелі санасымен бол­жай білді.

Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін,

Алынбаған ақым бар сенде менің… – деп, ақындық жолындағы қиын кедергі­лер­ге қасқайып тұрып қарсылық білдірген ақын­ның жұдырықтай ғана жүрегі қаншама бат­пан салмақты көтере білді! Ақын жырла­ры негізінен лирикаға құрылғанымен, он­да­ғы нәзік қалтарыстардан салмақты ой мен сіз бен біздің кеуде тұсымызды шымыр­лат­пай қоймайтын ауыр бір мұң сезіліп тұра­ты­ны сөзсіз. Ақын шығармаларына үңіл­ген са­йын әркім өзін танып жататыны және аян. Ен­деше, оқырман Мұқағалиды емес, Мұ­қа­ға­ли оқырманын өзі тауып алатын сияқ­ты. Мұн­да әлдебір тылсым күштің әсері сезі­ле­тін­дей. Расында да, «махаббатпен басталып, па­ра­сатқа ұласқан» Мұқағали поэзиясы еш­кім­ге ұқсамайтын мазмұн-сипатымен тым ер­ек­ше, әр сөзі сондай анық әрі жүрекке жақын.

Ол өзі өмір сүрген заманның сұр­қия­лы­ғы мен әділетсіздігін жан сүзгісінен өт­кізіп, қаймана қазақтың сөзін сөйледі. Мұ­қа­ғалидың тағы бір ерекшелігі, ол, шын мә­нін­де, ұлттың ақыны ғана болып қалмай, төр­т­кіл әлемде болып жатқан түрлі құбы­лыс­тарға бейжай қарай алмайтын қалам иесі ретінде ғаламдық тұрғыда ой толғаған кең тынысты талантқа ие болды. Өлеңге құ­былыс болып келген ол адамзатты тол­ған­дырған тақырыптарға барды. Төл әде­бие­т­імізден нәр ала отырып, әлем клас­сик­терінің туындыларымен тамыр жал­ғас­тырды.

Ғаламды санасымен құша отырып, ол ақ қағазға өз мұңын төгу арқылы қазақтың ішкі дертіне шипа іздеді, жетімін желеп-жебеп, жесірін жұбатуға жылы сөзін сарп етті. Сұрапыл соғыстан кейін ұлт басына төнген ауыр жылдар, кеңес заманының қызыл саясаты тудырған зауал мен ұмыт қала бастаған тамырлы ата дәстүріміз бен иманымыз Мұқағалиды да толғандырмай қой­мады. Ұлтымызды құрсауда ұстап, ба­сы­мызға бұғалық салған кеңестік идео­ло­гия Мұқағали музасын мазасыз күйге тү­сір­ді. Алайда ноқтаға басы сыймаған ақын­­ның жүрегі аласұрып, ақ жолдан адас­пай, ақиқат іздеуден тартынбады. Ол өзі жырға қосқан үш бақытын – Халқын, Тілін, Отанын аялап өтті. Қазақтықтан ажы­ра­ған қоғамда өмір сүрген ақын азаттықты аңсады. Қай өлеңін алсаңыз да, оның аста­ры­нан бостандыққа ұмтылыс пен еркіндікті аңсау бар. Мысалы, ақынның сәбиіне ар­на­ған мына бір өлеңінің кейбір тұсына зер салып көрсек:

Бұлқынып жатыр,

Келмейді-ау құрғыр шамасы.

Бұлқынып жатыр,

Таусылды-ау айла-шарасы.

Сәулемнің менің аяқ пен қолын матамай,

Бостандық берші,

                              бостандық берші, мамасы.

 

Қарашы мынау қабаржып

                                                   жатқан пішінге,

ЬІза мен ашу қайнайды келіп ішінде.

***

Мамасы, босат, еркімен өссін тал шыбық!

Ауа мен күнге,

                               ай менен нұрға малшынып.

Бұлқынып жатыр,

                               ұмтылып жатыр, қарашы:

Кішкентай жүрек көрсетіп

                                                жатыр қарсылық.

Бір деммен оқып шыққанда-ақ, бұл өлең кішкентай сәбиге арналғандығы айқын аңғарылып тұрады. Бірақ қайыра оқып, астарына үңілсеңіз, басқа ойдың ұшқынын аңғарасыз. Өлеңде айтыл­ғандай, бұлқынып жатқан сәби – кеңестік құрсаудағы қазақ қоғамы. Сол қоғамда Отан-Ана біз үшін Ресей еді. Ақынның «аяқ пен қолын матамай, бостандық берші, мамасы» деп жан ауырта жырлауы да тегін емес. Иә, сол кездегі алып им­перияның қол астында «ыза мен ашуға» булығып, басылып қалған қазақ қоғамы бостандыққа ұмтылуға бұлқынып, қар­сылық көрсетуге талпынып жатқан кіш­кентай жүрек иесі еді. Ал «Жаным-ай» деген бір өлеңінде:

«Басымыздағы бақыттардан да күсеміз,

 Қазылған орға өзіміз іздеп түсеміз.

 Қайтеміз енді?!

 Ұлы бола алмай ішеміз…» – деген жолдар бар. Иә, Мұқағали ғұмыр кешкен қоғамда қазақ ұлтын бақытты өмір сүрді дей алмаймыз. Орыстың арағына уланып, ататегімізді «ов, ев» деп жаздыртып, тіліміз мен дінімізден ұрпағымызды без­дірген саясаттан енді-енді арыла бастадық емес пе?! Қазір ғой орысша жалғауды алып тастап, «ұлы», «қызы» атанып жүр­ге­німіз… Мұндай мысалдарды көптеп кел­тіре беруге болады.

Ақынның бай шығармашылық мұрасы бүгінде көптеген ғылыми-зерттеу еңбекке арқау болып отыр. Солардың ішінде «Мұқағали және Тәуелсіздік» ұғымына айрықша көңіл бөліне бастауына негіз жоқ емес. Қалай десек те, бүгінгі заман  Мұ­қағали поэзиясын өзге қырынан тал­дап-тануға серпіліс тудырып отыр. Абай да­налығының нәрінен сусындап, Махам­бет­тің өршілдігіне қаламын жонып, Қасым жы­рынан от алған Мұқағали бүгінде адам­заттың ақынына айналды. «Күпі киген қазақ­тың қара өлеңіне шекпен жапқан» Қара­саздың қара баласы миллиондарды мойындатып, рухты поэзия тудыра алғаны анық.

Ақын өзі жазып қалдырған күнделігінің бір тұсында: «Айналып келгенде, поэзияда рух үлкен рөл атқаруға тиіс. …Кімде рух бол­­маса, ол поэзиядан аулақ жүруі керек…» – деп ой толғапты. Бұл мәртебелі өлең­ге шын жанашыр ақынның кесімді сөзі іспетті. Қазақ поэзиясына бояуы қанық ұлттық реңк пен сананы сілкінтер рух ала келген ақын шығармаларын қайта-қайта парақтаған сайын тың ойларға тап болып, көкейді тескен сан сауалға жауап таба­ры­мыз анық. «Тау алыстаған сайын ас­қақ­тайды» деген даналыққа сенсек, Мұқағали поэзиясының Хантәңірі де ғасырлар ал­ма­сып, жылдар жылжыған сайын биік­тей бермек.

Ғалым Жайлыбай, ақын, Халықаралық«Алаш» сыйлығының иегері:

– Ұлы Абай айтқан «тілге жеңіл, жү­рекке жылы» өлеңдер Мұқағали Ма­қа­таев поэзиясының негізгі тіні екені дау­сыз. Мұқағали – қазақ халқы­ның бі­р­не­ше буын ұрпағын тәрбиелеп келе жат­қан шын мәніндегі ұлт ақыны. Бүгінде Алтай мен Атыраудың, Жетісу мен Арқаның арасында Хантәңірінің мұз­балағы атанған ақиық ақынның жыр­ларын жатқа айтып, оның сөзде­рі­не жазылған әндерді білмейтін жан жоқ шығар. Мұқағали табиғи таланты мен үлкен білімінің арқасында қазақ­тың қара өлеңін жаңаша түлетіп, заң­ғар биікке көтере білді. Ақынның өміріне қатысты әрқилы алыпқашпа пікірлер айтылып жүргенімен, Мұқа­ға­ли көзі ті­рі­сінде-ақ мойындалып, өз қатар­лас­та­рынан оқ бойы озық тұрып, көп оқыл­ған. Біз де бала кезімізде Мұ­қаң­­ның «Қар­лығашым, келдің бе?», «Мавр», «Да­риға жүрек» сынды кітап­та­рындағы жыр-дастандарды жатқа оқып өстік. Өз басым Мұғағалимен бір күн­де туға­ным­ды мақтан тұтамын. Осы­­­ны жақсы ырым­ға балап, 15 жа­сым­­да:

Ір­кілмеген, дүркіндеген

                             жыр кімге,

Өлеңдетпей ғұмыр кешу

                           мүмкін бе?!

Туған екем мұзарттағы мұзбалақ –

Мұқағали ағамызбен бір күнде, – деп өлең жазып едім. Сондықтан да маған Мұқағали ерекше ыстық, бас­қа­лардан бір табан жақын секілді сезі­леді. Жыл сайын 9 ақпанда мен ең ал­ды­мен көпшілікпен бірге Мұқа­ға­ли­дың тойын тойлап, кештеріне қатысып, өз туған күнімді одан кейін атап өтемін. Қазақ деген елі барда, қара өлеңнің қа­дірін түсінетін оқырманы барда Мұ­қа­­ғали есімі де өшпек емес. Керісінше, оның соншалық қарапайым, соншалық мөл­­дір поэзиясы ұрпақтан-ұрпаққа, ға­сы­р­дан-ғасырға үздіксіз жалғасын таба бере­тініне бек сенемін.

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, ақын, «da Қазақстан» халықаралық журналының бас редакторы:

– Мұқағалидың алуан қыры мен сыры бар, адалдығы мен адамгершілігі мол, шығармашылық мүмкіндіктері ба­рын­ша толысып, кемелденген, өте бір ғажайып ақын екендігіне заманның өзі куә. Ол өзі­нің өткен ғасыр мен осы ға­сыр­­дың және бұдан кейінгі ға­сыр­лардың да құрдасы болатын­дығын түй­сігімен се­зіп, айтып кеткен. Бүгінде ақын­­ның айт­қа­ны ақи­қат­қа айнал­ғанын көріп отыр­мыз.

Қазақ өлеңінің тарихында, тұла бойын­­да әр пендеге тән кейбір кем­ші­ліктердің болуына қарамастан, жүре­гіне иман ұялатқан ақындар көп болған емес. Мұқағалидың басты қасиеті – атеис­тік қоғамда өмір сүрсе де, Алланы хақ деп танып, асыл дінінен айны­ма­ған­дығында. Мысалы, Абай «Алланың сөзі де рас, өзі де рас» десе, Мұқа­ға­ли:

Бәрі рас айтқанының ақ Алланың,

Күн менен топырақтан жарал­ған­мын.

Тәнімде түйірі жоқ арам қанның… – деп ағынан жарыла келе, «күллі әлем­­нің ……………….» деген үндеу тастайды. Мұқаңның осы бір имандылық қыры мен Абай дәс­тү­рімен сабақтастығы турасында белгілі ақын Құл-Керім Елемес кезінде үлкен зерттеу мақала жазған. Өз өлеңінде «Пайғамбар Мұхаммедтің үм­бе­тімін» деп жаһанға жар салған ақын ті­рісінде-ақ Хақ жолын мойындаса, бү­гін­де Алла тағала Мұқағалидың мәр­те­бе­сін көтеріп жатыр. Ұлылар өмірі қа­шан­да бір-бі­рімен сабақтас келеді. Мы­салы, Ма­хам­беттің (батыста Мұхаммед пай­ғам­ба­рымызды Махамбет деп те атаған) аты да, Абайдың шын есімі Иб­раһим мен Мұқағалидың азан шақырып қойылған аты Мұқаметқали – үшеуі де нұрлы есім. Махамбет – Қаройда, Абай – Қарауыл­да, Мұқағали Қарасазда туған. «Қара» сөзі қазақта қасиеттілік пен ұлы­лықты біл­діреді. Демек, осы қа­сиет­ті үш Қараны қазақ руханиятының үш тұғыры деп та­нып білуге болады.

 

Ғарифолла ЕСІМ, философия ғылымының докторы, академик:

– «Дін – ғылымның анасы». Бұл – Мұқағали Мақатаевтың өткен ғасыр­дың 70-жылдары жазған өлеңінің алғашқы жолы. Ол заманда атеизм (дінсіздіктің идеологиясы) мемлекеттің саяси қызметін атқарғаны көпші­лік­ке белгілі. Дінді ғайбаттап сөз сөйлеу кеңестік мәдениеттің бір өлшемі болатын. Қоғамдағы саяси ағымға сай, ақындар да дінді сынап жазуды дәстүрге айналдыра бастаған. Сол «Құдайсыз заманға» тап болған ұрпақ­тың өкілдерінің бірі ақын Мұқағали Мақатаев еді, бірақ оның сөзі өзге­ше болды. Жоғарғы жақтағыларға дінді қаралап жазса ұнайтынын, марапат­тарға ие болатынын ақын білді. Алайда Мұқағали ол жолға түспеді. Жаны жаралы  болып,  дүйім жұрттың  ішінде жалғызсы­рап, сер­гел­деңде жүр­ген­де тұла бойына табиғи болмысымен енген мұсылмандық нұрын шаш­пай-төкпей сақтап, ешкімге ұқсамайтын дін туралы өзінің формуласын ұсынды, оның дінді ғылымның анасы дегені даналықтың үлгісі еді.

Әбіш КЕКІЛБАЕВ, Қазақстанның Халық жазушысы:

– Мақатаев жырларындағы майда қоңыр саз бен жарқ-жұрқ көзге ұрмайтын жұмсақ нұрдың өзі де оның терең тебіреністі гуманистік мәнін айқындай түседі. Жас ақын зор адамгершілікті, биік гуманизмді елден ерек төтен ерліктерден емес, адамдардың бір-біріне деген мейір­-­пейілінен іздейді. Оның өлеңіндегі адамдар – шетінен жүзі игі, жүрегі жұмсақ жандар. Бірақ ақын өмірді май тозғысыз идиллия қылып сурет­теуден аулақ. Ол әре­кет­шіл, мейірімді, өзгенің бақыты мен қуанышына тек тілектес қана болып қоймай, сол үшін бел шешіп күресе­тін белсенді, қайырымды адам ту­ра­лы жырлайды. Ол сонау ұлы шай­қас, Ұлы Жеңіс жылдарын­да жар­қы­рап көрінген моральдық сапаны дәйім биікте ұстауға үндей­ді. Ол қазіргі қылығымыз бен құлы­ғы­мыз­ды да сол жылдардағы мораль­дық биігіміздің деңгейімен өлшейді.

                                                     «Дәуірмен бетпе-бет» кітабынан. 1972 жыл

Автор: Алмат Исәділ

Жалғыздық биі

Аягүл МАНТАЕВА   

– Үйден жалғыздықтың исі шыға ма екен?
– Гүлдің және француз әтірінің исі шығады.   
– Жігіттен соңғы рет қашан гүл алғанымды ұмытып қалыппын. 
Көзіне түскен кекілін қайтарып, суық жымиды. 

 

Оның өз сұлулығын мақтан ететінін сезем.
– Жігіттердің жабайы сезімін салқынқандылығым үркітсе керек. 
– Жаңбыр астында жалаңаяқ жүгіреміз бе?
–Жылы жаңбыр емес. Суықтап қаласыз.
– Түсінесіз бе, көктемнің  келгенін сезінбей жазды өткердім.
– Шаршасаңыз, билейік.
– Музыкасыз қалай билейміз?
– Естисіз бе, сіздің де, менің де жүрегімде  жалғыздық ән салады.
Екі қолымнан ұстаған актриса шыр көбелек айналдыра бастады.
–  Егер қараңғылық құшағында мүлгіген әр түнде «Жалғыздық биін» билеп жүрген адам сұлбасын байқасаңыз, ол – менмін. Түнді жаңғыртып, біреу­ді жоқтаған адамдай  жылаған қыз даусын естісеңіз –  ол да мен.    
Оның сөзін ары қарай естімедім. Көз алдым қарауытып, басым айналды.
«Жалғыздық биін» билеуден шаршады білем, қасыма келіп, терезеден жаңбырлы далаға көз салды.  
– Өткеннен есімде ештеңе жоқ. Өзіме қол жұмсамақ болғаным, ажалмен бетпе-бет келгенде, адамның бір тамшы да көз жасына тұрмайтын жалған өмірді қия алмай, жанталасқаным еміс-еміс есімде. Сонда не себепті өлгім келгенін де білмеймін.   
– Өзіңізді өлімге не үшін қиғаныңыздың себебін білесіз, тек оны іштей болса да мойындау өте ауыр.       
– Пәтерден пәтерге көшіп жүрген кезімде жалғызбасты кемпірдің құжырасын паналадым. Қазымыр кемпірдің өлімін мысықтілеумен күттім. Ұйықтап жатқан кемпірді жастықпен тұншықтырып өлтіргім келетін. Кемпірмен бірге дастарқан басында шай ішіп отырғанда да оны өлтіру туралы ой басымнан шыққан емес. Байғұс кемпір өз ажалымен өлді. Сол күні кемпірді емес, өзімді өзім жоқтап жыладым. Америкадан немере қызы мен негр күйеу баласы келіп, пәтерді сатты. Немересі әжесінің зиратының басына да барған жоқ. Сіз болсаңыз, қоқыстан утопия іздеп, қиялмен өмір сүресіз. Шынайы өмірде ойлағаныңыз іске аспай, жаныңыз қиналады, –  деп мұңлы жымиды.
–  Күзді ұнатам. Күзде мен де, сіз де, ол да бетпердесін шешеді.
– Қарапайым өмірді сіз секілділер тым күрделендіріп жібереді. Сосын өзіңізді-өзіңіз адастырып, «Мен күзбін!» деп мұңаясыз. Мұңнан арылғыңыз келсе, өлім жайлы ойлаңыз. Өз ажалыңызбен өлесіз бе, әлде, қастандықпен ажал құшасыз ба, қысқасы, қалай өлетініңіз туралы ойланыңыз.
– Далада аппақ қар жауып тұрған кезде ұйықтап жатып оянбай қалам. Тәнім ұйықтап, жаным аппақ қардың ұлпасына шомылып, рухым мәңгілікпен сұхбаттасып жатады.
– Сіз ажалыңызды күліп қарсы ала алмайтын өте әлсіз жансыз, –  деп мысқылдай күліп, темекісін тұтатты. – Сіздің жүйкеңізбен «психологиялық соғыс ойынын» ойнаған қызық екен.
Темекісін құшырланып сорып, түтінін маған қарай үрледі. Ызам келді.
–  Сіз өзіңізді тым ақылды санайды екенсіз.
Ол мүләйімси күлді.
–  Темекі шекпейсіз бе?
Темекісі құрғырға әуестігім болмаса да ол ұсынған бір талын тұтатып, түтінін жай үрлеп тұрдым. Түтінін аузыма толтырып, екі-үш рет жұтып жібергенде қақалып-шашалып, басым айналды. 
– Сіз тіпті темекіні қалай ұстауды да білмейсіз ғой. Күрделілікке ұмтылып, қарапайымдылықты ұмыт қалдырыпсыз, – деп мүсіркей қарап, жымиды.
– Өмірде кімнің рөлін ойнауды білмей жүрген адам сахнада ешқашан шынайы образ жасай алмайды. Себебі…
–  Себебі, мен рухани мүгедекпін. Сүйгенімді қиялыммен өлтіріп, бетіне мүсіркей қарадым. Бірде бір аяғын тізеден кесіп, мүгедек, мүсәпір етіп,  оны аяп, көзіме жас алдым. Түсінесіз бе, ол маған сол мүгедек қалпымен де қымбат еді. Сіздің мөлдір әлеміңізді кірлетіп жібермедім бе? –  деді мысқыл араласқан мұңлы үнмен. 
–  ?..
–  Үндемейсіз. Жанарыңызда бір үрей бар.  
– Сіз маған шынайылығыңызбен ұнай бастадыңыз. 
– Шынайылық? Қайдағы шынайылық? Менің бүкіл болмысым тек қана жасандылықтан тұрады.
Көзінен мөлт-мөлт жас аққан ол ерекше сұлуланып кетті.
– Алғаш рет он алты жасымда әкеме өлім тіледім. Әкем өлсе, біздің отбасы бақытты өмір сүретіндей көрінді. Жиырма жасымда болашаққа деген үмітімді сөндірген анамды жек көрдім. Себебін сұрамайсыз ба? – деп көз жасын сүртті.
– Маған адамдар құпиялығымен ұнайды. Құпиясын ашып қойған адамдардан тез жалығып кетем.
– Күнделік жазбаймын. Көзімнен аққан жас күнделігімді сарғайтып жібергеннен кейін жазуды доғарғам. Жүрегіме сурет салған қасірет пен үміттің  айқасы күнделігімде бейнеленді. Бала кездегі армандарым тізілген тырналарға айналып, биікке қарай қанат қаққанымен, әлі күнге дейін жылы мекендерін таба алмай адасып жүр, –  деп күрсінді.
–  Балаға ең алғашқы әділетсіздік ата-анасы тарапынан жасалады.
–  Уақытты айтпайсыз ба?
Сағат тақпайтын болған соң сөмкемнен ұялы телефонымды іздедім.
– Сізде мен секілді уақытты сағынасыз, білем ғой. Уақытпен бет-бет келсеңіз, оны үркітіп алмаңызшы, – деді сыбырлай сөйлеп.  
Онсызда күңгірт бөлме ішін қараңғылық құшағына орады.
Пальтомды киіп, қолшатырымды алып, онымен қоштастым.
– Қайда асығасыз? 
– Автобус тоқтап қалады.
–Уақытпен жүріп, уақыттан бәрібір қалып қойдық. Кафеге барайықшы, еңсемізді басқан мұңнан сергіп қайтамыз.
Ол менің келісімімді алмастан, киіне бастады. 
– Біздің үйге «Алтын бұзау» жақын.
Оның ұсынысынан бас тарта алмадым. Бүгін жалақымды алғанмын. Мардымсыз ақша. Қарыздарымды қайтардым. Ертең пәтерақысын төлейтін күн.
Актриса секілді мен де күнделік жазбаймын. Егер күнделік жазып, құпиямды ішіне бүккен дәптер  әлдекімнің қолына түсе қалса, «ақшадан қиналдым» деген жазуды көзі жиі шалар еді.
– «Алтын бұзау»… алтын құлын… Бала кезімде қазақ ертегілерін көп оқитынмын. Бір ертегіде патшаның жыл сайын алтын құлын табатын биесі болады. Бие құлындағанда төлін белгісіз бір алып күш иесі әкетіп қала береді. Биенің құлындайтын күні жақындағанда патша: «Алтын құлынды құтқарған ұлыма тағымды мұра етем», – деп шарт қояды.
– Түнгі күзетте тұрған патшаның үлкен екі ұлы қалғып кетеді. Кіші ұлы да өзін қанша күштегенімен көзі жұмыла бастайды. Бір кезде аспаннан түскен дүлей күштің алтын құлынды әкетіп бара жатқанын көріп, құйрығынан ұстап үлгергенімен құтқара алмайды. Патша ұлының қолында үзілген алтын құйрық қалып қояды.
– Бұл ертегіні сіз де оқыған екенсіз ғой, – деп күлімсіреді. – Ертегінің соңында патшаның кіші ұлы үйіне бір үйір алтын жылқымен оралып, ай десе – аузы бар, күн десе – көзі бар сұлуға үйленіп, бақытты ғұмыр кешеді. Шынымды айт­сам, ертегінің соңын ұмытып қалыппын. Бірақ ертегі осылай аяқталуға тиіс. Себебі, ертегі ғой.  
– Біздің әрқайсысымыздың өміріміз – ертегі.  
Екеуміз кафеге кіріп, терезеге таяу орынға жайғастық.
Актриса:
– Шарап ішесіз бе? –  деп бетіме сұраулы жүзбен қарады. 
– Қызыл шараптан ұрттап отыруға қарсы емеспін.
Ол қызыл шарапты қанағат тұтпай, коньякқа тапсырыс  берді.  
–Табиғатымнан жезөкшемен ұқсастық байқаған ба, кинорежиссер «түнгі көбелектің» рөлін ұсынды. Мен жезөкшеге ұқсаймын ба? – деп қол айнасына өзін жаңа көргендей үңілді. 
–  Голливудттық әйгілі актриса Джулия Робертс  те «Сұлу бикеш» фильмінде жезөкшенің образын сомдайды.
–  Біз – күнә мен қателіктің жемісіміз. Біздің әрқайсысымыздың болмысымыз  –  жалаңаш. Тек жалаңаш болмысымызды «киіндіргіміз» келетіні күлкілі.  
Күлгенде көзінің астындағы ұсақ әжімдер тіпті қалыңдап кетеді екен.
– Сізге болмысыңызды ақ түспен киіндірген ұнайды екен, – деді сайқал күлкі иесі.
Бойымды мұң басып, әңгімеге зауқым соқпады. 
– Билейік, – деді ол.
– Билегім келмейді. 
– Өзімді тобырдың ортасында ғана бақытты сезінем, – деді шаттанып.  
Ол жеңіл ырғақты ағылшын әніне иықтарын жұлқылап билеп жүрген топқа барып қосылды. Қас-қағым сәтте қысқа қызыл көйлекті актрисадан көз жазып қалдым.
Терезені жаңбыр сүйіп жатты. Өзімнің сезімсіз жүрегімді аяп, жылағым келді. Жалғыздық мұңына қамалып, торыққан жанымды тек қана жаңбыр түсінетіндей. 
– Көп күттің бе?
Қылымсыған актриса тақырбас жігітіне төрден орын ұсынып, өзі қатар отырды. Қысық көз жігіт сөзге тым сараң екен. Есесіне қомағайлау. Кәуапты таусып, балықтан жасалған салатты сүйсініп жеп отырған тақырбас айналасында адам барын ұмытқан секілді.
– Сіз бизнеспен айналысамын дедіңіз бе?
– Иә.
– Құпия болмаса, қандай бизнес?
– Көтерме бағамен жеміс-жейдек сатамын.
Актриса сызданып, үнсіз қалды.
Бизнесмен балық салаты салынған ыдысты босатып, қызанақ салатына қол салды.
Актриса тақырбасқа қарап:
– Тағам мен салатқа тапсырыс берейік пе? – деді.
– Қалауларыңыз білсін, – деген ол актрисаның алдындағы қарыннан жасалған салатқа қол созды.    
– Сіздің кететін уақытыңыз болмады ма? – деді актриса тақырбастың жанарына жанарын қадап.
– Сізді үйіңізге шығарып саламын, – деді тақырбас еш абыржымастан.
– Рақмет! Үйімді сізсіз де таба аламын.
Тақырбас орнынан тұнжырай тұрып, көңілсіз езу тартып, қоштасты.
Тақырбасты көзімен шығарып салған актриса: – Ұятсыз! – деді тістеніп. – «Бизнесменмін» дейді ғой. Өтірікші. Қалтасында көк тиыны жоқ. Жеміс-жейдек сатушы.
– Болмысыңызды қара түспен киіндіргенде өзіңіз ғана жапа шегесіз.
– Театрға оралып, Қаралы сұлудың бейнесін сомдауды армандаймын, – деді ол. – Қаралы сұлу күйеуі өліп жесір қалса, мен сүйгенімді қиялымда көміп тастап, өзімнің ар-ұятыммен арпалысып келемін.
–?..
– Сізді жалықтырып жібердім бе? Кешіріңіз, менің өмірім –  сіздің өміріңіз емес екенін ұмытып кетіппін. Біздер бір-біріміздің өмірімізге соншалықты немқұрайлы қарайтындықтан бақытсызбыз, –  деді ол зілді үнмен.
– Керісінше, біздер бір-біріміздің өмірімізге жиі араласатын себепті көп-көп қателікке жол беріп жатамыз.
– Әр адамның болашағын өткені қалыптастырады. Өмірде құрақ көрпе секілді, өзіңнің қайғың мен қуанышыңды үйлесімді етіп, құрастыруың керек.
–  Бұл кафеде бал қосылған көк шай бар ма екен?
– Мен даяшы емеспін, – деп жасанды жымиды. –Кинорежиссермен кездесетінімді ұмытып кетіппін. Кешір,  кетуім керек.
Ол асығыс жиналып, кафеден шығып кетті. Даяшымен есеп айырысып, қалтамдағы тиын-тебенімді санасам, сексен бес теңге ғана қалыпты.
Көңілім құлазулы. Бірақ мені ренжіткен күз емес еді…

Ұлылар үндескенде немесе сыр мен жырдың үйлесімі жайлы сөз

                  Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ

                                 (жазушы )  

  Осыдан 165 жыл бұрын  Шыңғыс тауында  Абай дүниеге  келсе, арада  алты-жеті ай  өткен соң, Жамбыл  тауының бөктерінде  Жамбыл туды.  Екеуі кейін  қазақ деген ұлы халықтың  екі  алыбына – поэзиядағы  піріне айналды.  Абай  мен Жамбыл  екеуі  әлемге  қазақты  танытты. 

Абай мен  Жамбыл  – біреуі мына әлемдегі  ал­уан толқынды  алып  мұхит десек, екіншісі  сан түрлі  бедер-белгісі  бар құрлық  секілді. Екеуі  де алып та  биік, айдынды да, айбынды!
Дегенмен  осы тұлғалардың  шығармаларын  үңіле оқығанда, қадала қарағанда, ой, Алла-ай, екеуінде өзара үндестік, жағымды жарастық, бір -бірінің  айтарын екіншісі үстеп, қуаттандырып, нұрландырып тұратын  өлеңдеріне қарап қайран қаласың. Өйткені,  олардың  жыры да, сыры да  мәңгілік тақырып –  ТІРШІЛІК және АДАМТАНУ  жөнінде! Олар мұраға нені  қалдырыпты, неге  үндеді?  Қарап, байқап  көрейікші.
Абай атам айтады:
Аяғыңды аңдап бас, ей, Жақсылық,
Өз басыңда  жаның  бар бір  бақсылық.
Борышқорлық адамға  қиын нәрсе,
Әрқайда  өткізеді мал тапшылық.
Немесе?
Жамантайдың баласы Көжек деген,
Әркімге өсек тасып,  безектеген.
Досын келіп досына  жамандайды.
Шіркінде ес болсашы сезед деген.
Осындай  бір шумаққа сыйғыза түйреп тастар, өткір, қанын  тамшылатқан уытты сынды «Күмісбайға», «Дүйсенқұлға», «Рақым шалға», «Назарға» және  басқа  да өлеңдерінен көреміз.
Жамбыл атам да  көңіліне ұнамағанын  бет-жүзің бар демей, түйреп-түйреп  айтып кете берген, ол  ауыздан-ауызға көшіп, ел арасына  тез тарайды.  
«Көкімге» деген  өлеңінде:
Бері отыршы, Көкімім,
Қандай  екен өкімің?
Елді билеп алуға
Қай арадан бекідің?
Әлде бекіп келдің бе?
Арын сатып  бетіңнің.
Бір тояйын  дедің бе?
Ақысын жеп жетімнің.
Әлде ғаріп  көз жасын
Көрейін деп бекіндің.
Ашып жауап қайыршы
Көкім сенен  өтіндім, – дейді.
«Мәмбетке», «Өлеңші Омарға», «Есенәлі мешкейге»  және басқа  да көптеген  өлеңдерінен  Жәкеңнің  жүрек  жұтқан,  өткірлігіне  тәнті боламыз. «Иіні келген  жерге  түйе де шөгеді» демекші, сөз ұғарлары  өздері  келіп,  кешірім сұрап, сын  тезінен  оң  шешім қабылдайды. Туа біткен  көрсоқырды  мола ғана  түзетер.
Абай мен  Жамбыл  жай қайбана  қазаққа  сын тағып қойса бір сәрі, қолында  билігі бар, әмірі  күшті, дүмі мықтылармен  ашық  майданға шығып, аяусыз әшкерелейді.
Абай  Күлембай  болысқа  былай  дейді:
Болыс  болдым мінекей,
Бар малымды  шығындап,
Түйеде  қом, атта жал.
Қалмады елге тығындап.
Сөйтседағы елімді,
Ұстай алмадым мығымдап.
Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап.
Әлсіздің сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын  қырындап.
Сияз  бар  десе  жүрегім,
Орнықпайды  суылдап.
Сыртқыларға  сыр бермей,
Құр күлемін  жымыңдап.
Ал, Жамбылдың  Мәңке  болысқа айтқаны:
Жанғойлық  болысы  пысық келеді,
Мұрындары пұшық келеді,
Екі арадан ептеп жерінде,
Көздерін қысып келеді.
Сөздерін ұзарта келеді.
Өңешін қызарта келеді.
Өнімі азырақ жерде,
Үстіне тұз арта  келеді.
Ыңыранып отырып алады,
Әр алуан қырға салады.
Ақыры  Құдай жарылқап,
Қалталарын толтырып  алады.
Міне, бұл дегенің  алпыс  мың  жауға қарсы  шапқан  баһадүр батырдың  ерлігін  көз алдымызға  әкеледі.
Ақындар – елінің  еркесі, қиын-қыстау  кезде  ел бастайтын  серкесі, әділін айтар ақжол жандар. «Бас кеспек болса да,  тіл кеспек жоқ». Атақты  Сүйінбайдың  алты  атасынан  бері хандық  үзілмеген, азуын айға білеген  Тезек төрені  ықтыруы асыл сөзінде, ақындық  киесінде. Ұлы ұстазынан  өнеге  алған  Жамбыл да бір ғасырға жуық ғұмырында  ешкімнен  тайсалып көрмеген, сол  биік  тұғырдан  түспей кеткен  ақиық ақын.
Абай мен Жамбыл шығармаларын қайта бір зерделеп қарап шыққанымда  кенен ойлар, философиялық  толғамдар, ұлағат болар  сом-сом алтын сөздер кеніне  кенелдім! Біз бұл  ұлыларды  қайта-қайта  оқуымыз керек, ұрпақтарымызға  үзбей  оқытып отыруымыз керек.  Оқыған сайын  жаңаға, жаңалыққа жолығасың!
Данышпан Абайдың  ғақлиялық  қарасөздері  өз алдына  бөлек бір әңгіме! Өлеңдерін  алып қараңдаршы,  бұдан бір XX ғасыр бұрын да өнеге, бүгінге  де сабақ,  болашақ ұрпаққа   да, салиқалы  аманат!
Жаман  адам қазады өзіне ор,
Оған енсең, бір күні боларсың қор.
Ары бар, ұяты бар үлкенге сен,
Өзі зордың болады ығы да зор.
Немесе:
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек бекер мал шашпақ.
Бес дұшпаның  білсеңіз.
Талап, еңбек терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой.
Бес асыл сөз көнсеңіз.
Абайдың  осындай  философиялық ойға  тұндырылған  қанатты  сөздерін, әр оқу орнының  кіре берісіне  іліп қойып, ұлағатты  тұжырым-пікірлерін  жастар санасына  ұдайы  сіңіре білсек қой,  шіркін!… Айтылмаған  жай, қамтылмаған  іс жоқ тәрізді. Тек, өзіңе  қажеттісін жадыңа  түйіп ал, теріп ал. Абайды  қайта  оқы, түсініп  оқы, тереңіне жете біл!
Ғұмыр деген  қамшының  сабындай келте  өмірді  парықтай  білейік десек, Абай мен Жамбыл кітаптарын парақтайық, ағайын!
Жамбыл атам былай деп өсиетнама қалдырыпты:
Жігіттіктің кезінде,
Жігерлі болса ер болар.
Тұрмаса жігіт сөзінде,
Нәсілі оның кем болар.
Қажырлы болса майданда,
Халыққа сөзі ем болар.
Елі үшін туған ерлердің,
Алды-арты дария кең болар.
Бірлігі  кетсе ағайын,
Әркімдерге жем болар.
Білімсіз болса жолдасың,
Қылған қайырың сел болар.
Артықша туған азамат,
Халыққа үлкен бел болар.
 Мына бір ұқсастыққа зер салыңызшы.
Абай өзі жанындай  жақсы көретін, елдің алдына шығарам деп ерекше үміт күтіп жүрген сүйікті ұлы Әбдірахман жастай қайтыс болғанда күндей күңіренді, түндей түнерді.  Қайғы уытына малынып, аһ ұрды, мың сан қасіреті өлең болып ақ қағазға түсті.
Жиырма жеті жасында,
Әбдірахман көз жұмды.
Сәулең болса басыңда,
Кімің көрдің бұл сынды, – деп қайғы жұтып, ілім-білім жолына түскен перзентінің мәңгілік бақилыққа аттанғанына сарыуайымға түсіп, қалың мұңын айтады.
Жамбыл да сүйікті ұлы Алғадайды  әскерге  шығарып салып тұрып,  «Әке атына сын келтірме» деп ақ батасын  беріп,  аттандырды.  Жамбыл өзінің  жанындай жақсы көретін  ұлы  Алғадайды  соғысқа  жібермей алып қалуға  құдірет-күші жетер еді.  Жоқ,  ол өзінің  ұлын  өз қолымен  соғыс өртіне  аттандырды.
«Қош, қош, балам, қош айттым, қолымды  міне, шошайттым» дейді. Елің үшін соғыс, топырағың  үшін қан төк деп батырлар  сияқты  ажал аузына  жіберді. Бұл – ерлік! Бұл – қаһармандық! Мыңдаған боздақтармен бірге қантөгіс соғыста  Алғадай  да мерт болды.  Мұны естірткенде  «Алғадай өлгенше мен өлгенім жөн еді» деп қарт  жырау  теріс қарап жатып ап,  қатты қапаланады,  қабырғасы қайысып,  бүк түсіп,  шөгіп, сартөсек  тартып қалады.
Ел-жұрт, азаматтар  жиылып,  ақын үзіліп кетпес үшін не істейміз деп ақылдаса келе Кененді алдыртады.  Кезінде  егіз ұлынан айырылған, бірақ кейін тәубешілдік  жасағаннан кейін  артынан  ұрпақ ерген  Кенен  ұлы  ұстазына  жырмен  тоқтау  айтады,  сабырға шақырды. Сонда ғана  Жәкең басын  көтеріп,  тоқсан  жыл серігі  болған  домбырасын алып көзінен аққан жасы  аппақ сақалынан  бұлақтай тамшылап,  Алғадайын  сағынып,  аңсап,  зарлап жоқтайды-ай…
Алатауды айналсам,
Алғадайды табам ба?
Сарыарқаны сандалсам,
Саңлағымды табам ба?..

Терең тебіреніс,  зарлы  күрсініс,  запыран  өкініш!..  Олар да ет пен сүйектен жаралған жан. Ақын жүрегі – нәзік, тым  сезімтал! Тағдыр  артқан  осындай  батпан  қайғы  екеуіне  де  егізден  қатар  елгенін қараңызшы.
Иә,  жақсының көлеңкесі де ыстық.  Абай мен Жамбыл  тек өздері  ғана  ұлы ақын  болып қалған жоқ. Соңдарында  өздері  тіккен  шыбықтар  қара  ормандай  боп өсіп-өнді, үлкен таланттар шоғырын тәрбиелеп кетті.
 «Шәкіртсіз ғалым тұл», – дейді ұлы Абай. Абайдың  үлкен  ақындық  мектебі  бар. Кәкітай, Көкбай, Тайыр Жомартбайұлы, Б.Айтқожаұлы, Халиолла, Әсет, Әріп  сияқты  ақындар  Абай төңірегіне  шоғырланып,  оның  ақындық  дәстүрінен  нәр алды, тамырланды, кәусар бұлақты  сусындады. Інісі Шәкәрім, балалары Ақылбай мен Мағауия, немересі Әубәкір  басқа да  талантты  үлкен  топқа  ақылшы  ұстаз  болып  қанаттандырды, бағыт-бағдар  берді.
«Халық поэзиясының алыбы болып  жаңғырған  жастықтың  мол сұлу  жырларын  төккен  Жамбылдың  өз өмірі  де талай әсем сөз,  әдемі  аңыз болуға  татиды», – деп  Мұхтар  Әуезов атап айтқандай, Жәкең жырының  алтын жылға  жалғасы  үзілмей келе  жатыр. Ұлы жыраудың жанына топтасқан, үлгі алып,  бағын сынаған, серіктес серігі, әдепті шәкірті болған  шоғыр-шоғыр  таланттар  есімін ерекше  атауға болады. Кенен, Үмбетәлі, Әбдіғали, Есдәулет, Жартыбай, Өтеп, Өмірзақ және  басқа  да ақын-жыршылар  Жәкеңді  ұстаз тұтты.
Олар  Жәкең  дәстүрін  жалғастырып, жүз жыл  жырлаған  ұлы жүректі  әдемі  аңызға  айналдырды. «Гүл өскен жерге гүл өседі» деген осы емес пе?!

АШ БӨРІ

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ

Таң атқалы жорытқаны жұртсыз жон. Тек жаңа ғана тастақ сайдың басындағы жалғыз құдыққа тап болып, ат суарып алды. Көптен бері бұл маңайға ел жуымапты. Құдық маңайының құмалағы қуаң. Астауы да қақсуға айналыпты. Дегенмен көлденең керуен, бейсаубат жолаушылар көп соғады екен, астаудың астына тыққан көн қауға бар боп шықты.
            Құдықтың түстігі тырбық тікенек бұталы қатқыл, терістігі біраз жерге дейін ұры жыраланып барып құздата құлайтын аңғар сай. Жаңа сол аңғар сайдың қалтарыс-қалтарысын тінтіп жүріп, қолқат түбінен өрге тырмысқан жіңішке соқпақ көріп еді, осы құдықтан шығарды. Сайдың ұры мен бөріні қапы қалдырмас қатқабаты мол сияқты. Бірақ, көзіне ештеңе шалынбады.
            Қою жал, жуан тілерсек жатаған қара атқа дөңкие жайғасқан қара сақалды жолаушы атын сауырлата сипаған қамшысына ілесіп артына бұрылды. Құдық басы құлазыған қалпы. Қиығы қанталай қызарған үлкен ала көздерін айырмай біраз қадала қарады. Өңге жерден гөрі әнтек қарауытқан тебін ортасындағы ағарған тас әйкел барған сайын  бұлдырай түсті. Жолаушы жүзін аударып әкетті.
            Қара аттың сол баяғы  бүлкек жүрісі. Осынша көл-көсір даланың жолы неткен құрдым. Құдықтан шыққан жіп-жіңішке көмескі буалдыр қалың боздың ішіне сіңген соң зым-қайым жоғалып, адастырып кетті. Көптен салауатты шеру көрмеген мына қырдан арнасы бар жол тауып болмайды. Азғантай тұяқтың ізі әр көденің түбіне шашырай түсіп, бүгінде түгел өшіп бітіпті.
            Жақында жаңбыр өтіпті. Жаздай шаң тұтып, күн жеп, сарала етек боп қалған далаға сыздықтап көгіс тарапты. Жер тістеп қалған кесіртке өң тарамыс жусан қайтадан бауыр көтеріп келеді. Ындыны әбден қанған қылтанақ кешелі-берлі күн ашылып, өнденіп қапты.
            Жолаушы атынан түсіп ауыздығын алды. Ерінің артындағы қара домбыраны шешіп, былайырақ апарып шөп үстіне тастады. Күн көзі қазір мейірлі. Қарашаның қара суығының алдында аз күн күле қарап иман жимақ. Жолаушы домбырасының қасына барып, шалқасынан жата кетті. Қара ат анда-санда бір пысқырып күрт-күрт шөп үзеді. Жолаушы күректей қолын иегіне апарып, тізгін қажап ісіне қызарып тұрған етті, ұзын салалы саусақтарымен самайдан алқымға дейін ұйысып біткен тып-тығыз қара сақалын көсіп-көсіп алды. Сосын ніл көк аспанның бір пұшпағында мүжіліп таусылуға айналған қаймыжық ақша бұлтқа көзі түсіп кетті. Қазір бар дүниені бауырына әкеп тыққан алдамшы сағым жоқ. Көкжиек көл-көсір шалқып, қашықтап кеткен. Тар қамаудан мынандай бостанға шыққан кісінің көңілі өсіп шыға келеді екен.
            Боз бетеге мол далаға аяғы жеткен соң шиырыққан жүйкесі жазылып, терісі кеңіп сала берген. Жүрісі де өнікті сияқты. Қиырдағы еліне, ел шетіне үркесоқ паналаған үш қанат күркесіне асықты. Баяғыда ат үсті аласапыран жүрісте жүргенде сол үйде не бар, не жоғын да байқамапты. Алыста айдауда жүріп, аңсары ауып ойлағанда Азғырдың айнатаз ақ шағылдары, Еділ мен Қиғаш екі араның желіндеп тұрған көк желең өлең шөбі, Үстірт үстінің қара жусанды қатқылы — бәр-бәрі қаз қалпында көз алдына келеді. Бірақ өз үйінің бау-шуы, жамылғы-төсеніші, ыдыс-аяғы — ештеңесі елес бермейді. Бала-шағасымен күбірсіп-күңірсіп отырған бірде бір күні болмаған сияқты.
            Сібірге айдаларда қоштасуға келген ағайын-туманың ішінен шекелігі шығыңқы, бадырақ көз қара баланы көргенде өзінің Қазиы екенін таныды. Оның осынша өсіп кеткеніне қайран қалды. Бақса бұл, жұрт құсап, баласының қай уақытта жүріп, қай уақытта тілі шыққанын да байқамапты. Талай айлап-жылдап шет жүріп, сағынтып келгенде, алдына алып маңдайынан сипамаған да екен.
            Осыны ойлағанда әншейіндегі қаттылығынан айырылып, бойын әлдеғайып әлсіздік билейді. Ең бір жұмсақ етіне ашы тырнақ тигендей іші дуылдайтын долы ашуы да емес. Еңсесі түсіп, жанары жасып, көзге ұрып тұрсын деп елден ерек жаратылған кесек тұлғасы да көмескі тартып, шөгіп қалады. Шарасы зор ала көзі оқыс кішірейіп, сонау жер түбіндегі желбегей күркені осы қазір көріп отырғандай тесіле қарайды. Ештеңе есіне түспейді. Құлағын тосады. Сібірдің тымырсық аязы жарық жалғанның бар дыбысын жұтып жібергендей. Елеңдетер бірдеңесі болсайшы. Қарқ-қарқ еткен қарғасы да жоқ. Ағаш барақтың қабырғаларындағы шұрқ тесік саңылаулар да сарнамайды. Жел жоқ. Шәңкілдеген жандармдар таңның атысы, күннің батысы ауыз жаппайды. Бірақ, мұндағы жұрттың оған да еті өліп болған. Не айтып жатыр дел ешкім елең етпейді.
            Осында келген соң жасап алған қарағай домбырасы бұрышта тұр. Қолына көп алмайды. Бірақ, оған қараса, сыбыс-сыбдыры жоқ мына өлі дүние былай серпіліп, көкірегінде үн қоздайды, көмескі тартқан көп елестер қайта тіріледі. Ондайда бұның етіне көк тырнағын шанши сала жан тәсілім болған өлі аязға да жан бітеді. Жаңа ғана аяғының астында тыныш жатқан ақ ұнтақ кенет шаңытып, жапалақ-жапалақ боп бетін осқылайды. Құлағында суыл оянады. Жапан түзде жел өтінде қалған шіліктің суылы. Қапталдағы қабақ астынан шыққан аш қасқырдың ұлығаны… Кіжіне тиген сойылдың дік-дік дыбысы… Жылқы шұрқыры… Ию-қию көп дыбыс. Бұл соның бәрін құныға тыңдайды. Аппақ қар, мүлгіп тұрған қалың самырсын, қарағай да біресе көкті жауып, сел себелеген жабағы  бұлтқа, біресе қара түнде жау тиіп опыр-топыр жөңкіген қара құрым жылқыға ұқсап кетеді. Селтеңдеген құрықты, селтиген қыраулы мұртты, алара қараған ашулы көзді де көріп отырғандай. Әлгі ды-быстар біресе жаппай жабыр-жүбыр араласып, біресе жұлына бөлініп шыққан оқшау әуез, оқшау ызың қүла-ғына келеді. Мүлгіп көзін жүма түседі. Көзін жүмған сайын әлгі шым-шытырық елес, қым-қуыт ызың айқындала, саралана түседі.
            Бұл оңаша қалса-ақ осындай әр тарапқа алып қашқан ойға беріледі. Ал, енді көп тұтқын ағаш кесіп орманнан қайтып, кешкілік бараққа жиылғанда бүдан аруақты ешкім жоқ. Иығы қайқайып, көмір қара сақалы шоңтай жылтырап, қарқ-қарқ күліп қалжың айтатын да сол. Бұрышта аяз қармап, үні қарлығып тұрған қарағай дом-бырасын біраз уақ қойнына тығып отырады. Сосын ауыз ашпай өзімен өзі боп домбырасының күйін келтіреді. Бөрене барақтың төбесіне қарап үнсіз жатқан көп түт-қын домбыраның даусы шыққанда бәрі де аунап түседі.  бұл әуелі домбыраны күмп-күмп сабап алады. Қара ша нақтың көмейі әуезге толып күмпіп шыққан соң барып, ұзын мойнын қыжырта бұрып, дауыс кенейді. Домбырасының мойнын бірер ырғап қойып, әлгі күмбірлеген мол дыбысты кілт іркіп, қос ішекті саусағының ұшымен шеки қағып, безеп-безеп алады. Мынадай тұлғалы кісінің ересен үлкен саусақтары тигендей қара домбыра белі майысқандай қайқаңдап кетеді. Дірдектеп үн төгіледі. Домбыра көмейінен шыққан жақсы әуезді үркітіп алармын дегендей күйші баяулата ән бастайды. Толқына шыққан осы бір майда дауысты естігенде тыңдап отырғандарға алдарындағы алапат алып кісі еріп, мүжіліп кеткендей көрінеді. «Әй, Арқаның қызыл изені-ай!» Әншінің не айтып отырғанына біреу түсініп, біреу түсінбесе де қабақтар түнжырап, көздерді күңгірт кіреуке шалады. Ашы махорканың иісі аңқыған суық барақта сес жоқ. Әнші әлі сілтеп отыр. Бір уақытта әншінің өзі тынып, домбырасы сөйлейді.
            Мұндайда ол әуелі көзін жұмып, онсыз да одырайып оқшау біткен жалбыр қабағын түйіп ап, қос ішекті баппен қағады. Бір күрсініс сазды сонау түптен тартып, күңіренте толғайды. Толғаған сайын түйілген қабақ жазыла түседі. Кірпік әлі жұмық. Дөң маңдайдағы күн санап көбейіп келе жатқан шұбыртпа әжім, самайдағы көк қылтанақ, екі ұртының суалғаны көзге енді түседі. Саусақтарын самарқау сілтейді. Тамыры адырайып, терісі қалталанған ұзын тұра қолы әбден әлі кетіп, тап қазір сылқ құлайтындай сылбыр. Кенет күйші жұмулы көзін сығырайтып ашады. Мұртының қиығына қуақылық ілігеді. Сүлесоқ саусақтарға да серпін бітіп, қос ішектің бойын қунақ қуалайды. Мойнын жұлқына бұрғанда өндіршегі сорайып, тамағының астындағы күре тамырдың бәрі күдірейіп шыға келеді. Аумақты ала көзі шоқтана түскен. Үн ширап, жалбыр қабағы желк-желк етеді. Шекесінен қарап, көзіне не іліксе де жанарымен өртеп жіберердей жеп барады. Күмпиген-күмпиген нән саусақтар долы дыбысты көсіп-көсіп төгіп жатыр, төгіп жатыр. Бір уақта жын қаққандай дедектеген жылдам саусақтың аяғына тағы да жем түседі. Самайдың қырауы мен маңдайдың әжімі тағы да көзге ілігеді. Күйші домбырасын ішіне жаңқа толтырған төсегінің үстіне сылқ еткізіп тастай береді. Күйге құлақтарын төсеп отырған көп тұтқынның дәл жүректерінің басына бармақтай-бармақтай бір-бір тамшы құлап-құлап түскендей болады.
            Күйші сығырайма май шамның қасында сүлесоқ отырып қалады. Қолына домбыраны желпінейінші деп алып еді, бай-бай күй ойсыратып кетті. Шытына ширатқан қою бұйра сақалы шытыр-шытыр етеді, әлгі бір есірік дәме күй оятқан ашу-ызадан сытыр-сытыр күйреп жатқан сияқты.
            Анада осындай бір кештен кейін түс көріпті. Өзінің үйінің көлеңке беті. Анасы айран құйып беріп отыр. Айран ашытқан қос құлақты емен күбі шелектің өңез исі аңқиды. Қасына Қазиы келіпті. Маңдайындағы жалбыраған кішкене кекілін тұмсығына апарып еді. Ыңғай жалаң бас жүретін баланың басы күн иістеніп күңсіп кетіпті. «Құлыным-ай»,— деп бауырына қыспақ боп, ұмтылып еді, үстіне жамылып жатқан қара тоны сусып барып түсті. Тұла бойы оқыс шіміргіп, көзін ашты. Түс кеткен тонын ап, қайта жамылды. Қара тонның сауыс-сауыс жағасынан күңірсік тер исі шығады екен.
            Содан соң көкірегіне сағыныш ұйып, ылғи мең-зең күйде жүрді. Одан осы бостанға шыққан соң ғана айықты. Даланың көзге қанық қоңырқай күйі бұрын таусылтып тастайтын. Қоңыр дала, одан да қоңыр отар-отар қой, қапелімде қой ішінен қоңырайып көзіңе түсе қоймайтын момын қойшы. Сергімейтін, серпілмейтін сартап тіршілік. Қоңыр далада құлақ елеңдетер үн мен әуез сарқылғандай. Анда-санда бір есетін қыр самалы да талықсып, таусылып есетін. Сонда бұның көкірегін ашу бұлыққан арсы-күрсі күй буатын. Елден осынша іргегесін шеттетіп, ізіне аңдушы түсірген де сол күйлер еді.
            Тұрмеден шыққалы көкірегі желденіп келеді. Біра баяғыдай алабұртып алып бара жатқан жоқ. Күзгі даланың селеуінің суылын да, ат тұяғынан күрт-күрт күйрген қураған қау шөптің күтірін де, ақырғы шуақтар арқасын қыздырған дала тышқандарының шық-шық үнін де ап-анық естіп келеді. Сұлқ қырдың індігешіне дейін сықылықтаған үн шығарады екен. Дала тірлігінде әлі де мол үн, мол әуез барын жаңа аңғарғандай болды. Бұған дейін соны өз көкірегіндегі сарын тұншықтырып естіртпей келіпті. Суға шұбырып өткен жылқыда да, баурайға бытырай жайылған қойда да, қой шетінде қаздиып тұрған жалғыз атты қойшыда да бұрын бұл байқамаған кербез қимыл, қозғалыс бар. Жап-жазық даланың жатысы да кербез. Тіс тимеген дала шөбінін басындағы толқымалы қыбыр да қылықты.
            Жолға шыққалы төңірегінен көз алған жоқ. Кеше түс қыңа бұрын бұл естіп,  бұл тебіренбеген бір тосын әуен түледі. Бұрынғы саздарындай шапшаң шарықтап, шарт өзгеретін тепсінген үн емес. Делебеңді қоздырмайтын ашу тырнап тастаған ащы өзекті баппен сипаған байсалды әуез. Ақтарыла-төгіле салмай, шым-шымдап шымырлап өнеді. Құбыла жағына көз салып еді, күн бойы буалдырланып тұрған көк мұнар күн кештете сейілейін депті. Сол селдір буалдырдың арасынан әлдене ағараңдады. Біреу-екеу емес. Кейбірі ойдым-ойдым үзік-үзік болса, кейбірі тым аумақтылау. Ағарғандардың астындағы көкшіл мұнар тұп-тұтас. «Е, мынау тау болды-ау. Алатау осы болды-ау,— деп ойлады ол. Ішінде «Әзіретінің Алатауы» айтылатын көне дастандарды жастайынан көп естіген. Сонау қалың мұнар арасында басына мұнар да шығартпаған асқақ тауға көзі буланып ентелей қарады. Көкірегінде енді-енді өрби бастаған әлгі бір әуез де үзіліп қалды. Қапталынан көз алмады.
            Со күйде біраз жер жүріп тастапты. Бір уақытта бойын жиса көл-көсір көкжиек бауырын жиып келеді екен. Тау жақтың мұнары қалыңдай түсіпті. Ағараңдаған ақ бас шыңдар да ғайып болған. Күн ұясына әлдеқашан қоныпты. Қапталдап келе жатқан қалың мұнар қараңғылыққа ұласа бастады. Күйші күрсініп қойды. Қаумалаған ойды үркіткісі келмей, жүрісі өнбей қойған атына да қамшы сілтеген жоқ. Қас қарайып кеткен соң қара ат өз-өзінен жүрісін ширатты. Кешкі салқыннын лебі де білінді. Суыл шықты. Бағанағы үзіліп қалған ызың көкірегіне қайта оралды. Дәл манағысындай жаймашуақ емес,  бұл жолы сәл-сәл күрсіне шығатын тәрізді. Бірақ бәрібір бұрынғысындай екі иығын жұлып жеп кіжінген әуез емес, ақжарма үн. Бұрылып, ерінің артына бектерген домбырасына қарады. Қолына алуға асықты. Бірақ, қоналқы түскен жерімде тартармын деп ойлады. Күн батарда осы маңның бір жерінен бір отар қой көрінгендей болып еді. Осы төңіректе ауыл болса керек.
            Алдындағы жалдың басына асыға шығып, айналаға көз салды. Қара ат та қайта-қайта пысқырып елеңдей береді. Ештеңе көрінбейді. Үрген иттің де дыбысы жоқ сияқты. Қазір далаға ертеп от та жақпайтын кез. Түтін исі келер ме екен деп жел жаққа мұрнын тосып еді. Ондай да ештеңе сезілмеді. Кенет қара ат қаттырақ пысқырып қалды. Алдынан әлдене қараңдағандай болды. Қара аттың сескеніп жалтақтай бергеніне қарамастан жақындай түсті. Түйе. Мойнын бұрып бұған қарап тұр. Жақын келіп үн шығарды, жануар үңіле бір қарады да жүріп кетті. Соңынан бұ да ерді. Күңіреніп барады. Сауын түйе екен.
            Үш-төрт үйлі кішкене ауыл қара жалдың күнгей бауырына шуақтай қоныпты. Кез өркеш аруана ортадағы бүйірлі боз үйдің қасына барып талтайып тұра қалды. Бұ да сол үйдің ту сыртынан кеп:

  1.             Е, хабарласқандай кім бар? — деп дауыстады.

            Үйде күңгір-күңгір дауыс бар. Соның арасынша сықырлауық сылдырап, үйден біреу шықты. Колында шелегі. Аруананың бауырына бара беріп, жолаушыдан барыс сұрады. Жолаушы құдайы қонақ екенін айтты. Әйел:
            —  Онда түсіңіз, қоныңыз,— деді.
            Киізі құрымдана қоймаған боз үйдің іші күмбіреп кең көрінеді. Қақ ортадағы үш бұт ошақтың оты бықсып, қапелімде ештеңе көре алмай есік алдында тұрып қалды. Сәлеміне төр жақтан бір-екі адам жарыса жауап берген соң, қамшысын босағаға қыстыра салып, төрге озды. Домбырасын өзінің тұсына іргеге сүйеп қойды. Белін шешіп, жайланып отырғанша, үй ішіндегі ашқылтым буалдырға көзі де үйренді. Төңірегін шола қарады. Жоғарғы жағында артына құс жастық қойып тағы біреу шалқалап жатыр. Одан әрі барқыт тақиялы ақсақал адам бұған барлай қарап қапты. Біреу қазанның астындағы кешегі жауыннан әлі кебе қоймаған су бұта бықсып болмаған соңжалпылдақ тастап еді, жалыны қазанның қақпағын шарпып, айнала жарқ ете қалды. Қазан-аяқ жақтан жаулығы қарқарадай бәйбішені көрді. Ол аржағындағы әбден тозып әшекейінің бәрі өшіп, сұп-сұр сұлбасы қалған кебежеге қарап, тұқшыңдап кетті. Ошақтың оң жақ бұтында, бүйірін отқа тыққан қара шәйнектің қасында он бір-он екілер шамасындағы бала отыр. Балағын тізесінен асырып, ширата қайырып алыпты. Босағаға нығыздап үйген отынды шетінен отқа сүйрейді. Бәйбіше кебежеден басын көтеріп, қазанның қақпағын ап, лап көтерілген буды үріп жасқап, әлім-берім қоныр топатай толы бірдеңені шылп еткізіп тастап жіберді.
            Қария қозғалақтап:

  1.             Е, жолаушым, жөніңді айта отыр, — деді.

            Сырттан туйе сауып қайтқан әйел кірді. Шелегін бәйбішенің қасына қойып, құман ап, шылапшын әкеп қолға су құйды. Жолаушы алдына келген шылапшынға тізерлеп беті-қолын жуды. Сүртініп жатып жөнін айтты. Алдарына дастархан келді. Қарияның қалған сауалына шай іше отырып жауап берді. Шалдың бергі жағындағы қара мұрт бұның әңгімесіне үнсіз құлақ тігіпті. Шайын анда-санда бір ұрттап, қарап қояды. Ашық омырау, қынама бел қара мауыт бешпет, шашақты тақия ауыларасының қазағы емесін танытады.  Бұл келгелі жақ ашқан жоң. Отырысы мығым. Көз тастасы да кербез. Жолаушы тұтқыннан келе жатқанын айтқанда, кесесінен бас көтермей отырған сары бәйбіше елең ете қалды. Көзіне түсе берген кимешегін кейін бір ысырып, бұның жүзіне бажырая қарады. Елім сонау күн батыста дегенде ернін бір сылп еткізіп қойды. Жаңа қолға су құйған әйел осы үйдің келіні екен. От жағып отырған баланың орнын ап, шай құйып отыр. Жүзін қырын салып, әңгімеден қалыс қалған жаңғыз сол. Бала бәйбіше жаққа шығып кетіпті. Үюлі отыннан бір бұтаны ошаққа сүйреп келе жатып о да бұған таңырқай қарап қояды. Өне бойына сары кенеп киген бұндай жолаушыны бұрын-соңды көрмеген сияқты. Ала көзін аудармай қарап отырады да, пыс-пыс етіп жанбай жатқан отына енкейіп, су бұтамен жарыса пысылдап жата қалып үрлейді.

  1.              Өздеріңізден де жөн біле отыралық— деді жолаушы.
  2.              Е, біз де осы елдің бір шалы,— деп мырс етті шал, дастарханнан сарсу ап тістеп жатып.

            Мұртты қара сөзге енді араласты.
            —  Бұл кісінің есімі — Дөңбай. Біздің еліміз Дөңбай би дейді. Еліңіз алыс екен,  сіз естімеген шығарсыз,— деді.
            Шал тағы да мырс етті. Басын қолындағы кесесінен көтеріп ап:
            —  Бір кезде ауыл арасының жаяу жанжалында ағайыншылық айтқанымыз бар. Ол кезде түз кісісі едік, бүгінде көсеумен жолдас, қатынмен мұңдас үй кісісі болдық,— деп күлді.
            Жолаушы шалға көзін тоқтата қарады. Кезінде келбетсіз болмаған ақсұр шал. Көк буырыл қабағы, селдір мұрт, ұзынша сүйқылт сақалы беталдын буалдырландырып жіберген. Көзінің астындағы бірер қыртыс болмаса, жүзін әжім алып жарымапты. Ылғи назарын тіктемей бейтарап қарайтын қоңырқай көзі ештеңе аңғартпайды. Анда-санда өзінен-өзі бір мырс етіп қояды. Өңінде ұзақ уақыт ел үстінде жүріп, енді тұғырдан танып шетқақпай қалған кісіге тән салқын қабақ салғырттық бар. Қимылының бәрі керенау. Кесесін де ерніне енжар апарады. Бірақ, осқырынбайды. Зілді отырыс. Қасындағы мұртты қара қайта-қайта қозғалақтап, ту сыртындағы құс жастыққа қарай ығыса берді. Ал, ақ сұр шал отырған орынынан қыбыр еткен жоқ. Келіні ұсынған кесеге де тіп-тік бойын имей қол созады.

  1.              Мына жігіт…— деп жолаушы тағы бір сауалдың шетін шығарып еді, аржағын шал өзі іліп әкетті.
  2.              Е, бұ да бір ағайын. Ныспысы — Әурен. Осы елдің ат үстіндегі азаматтарының бірі. Қалада қызмет атқарады. Еліне демалысқа келіп жатыр екен, маған көрісе келіпті,— деді.

            Сыртта ит үрді. Ат дүрсілі шықты. Тап іргеге кеп тоқтады.
            —  Мынау Қойбағар ғой. Тамақтанып кетейін деп соққаны шығар, — деді бәйбіше.
            Келін ақ құманға үстеме шай салды. Есіктен түйе жүн шекпенді, түлкі тымақты біреу кірді. Ерінін болар-болмас жыбырлатты. Онысы сәлемдескені болса керек. Босағада тұрып белін шешті. Белбеуін күрс еткізіп шай құйып отырған әйелдің сыртына тастай салды. Түлкі тымақты босағаға іліп, шекпенін шешіп отынның үстіне тастады. Табалдырықтың алдына қолын жуды. Сосын шай құйып отырған әйелден жоғарырақ кеп отырды. Шашын тықырлатып алған жылтыр басын сипап, аузын ашып есінеп алды. Шанаш құлағынан күн көрінгендей. Қонақтармен ісі болған жоқ. Шайға бас қойды. Шүңқиген кішкене беті кесе көлегейлеп көрінбей қалды.
            —  Аманшылық па?— деді бәйбіше, бұл келгелі орнай қалған тыныштықты бұзып.
            Шанаш сары кесесін сарқып, қайта ұсынып жатып:
            —  Аманшылық,— деді естілер-естілмес қып. Сосын сонау түптен сығалаған індігеш көзін қара мұрт пен бұған бір-бір салып өтті. Тағы да алдына кесе келді. Шүңкиген беті тағы да ғайып болды.
            Қара мұртты ішіп болдым дегенді ишаралап, кесесінің аузын басты. Шайға бұ да онша құмар емес еді. Кесесінің ернеуінен бұ да қақты.
            Шал ішіп отырған кесесін сарқып:
            —  Болдым, — деп дастарқанның шетін қайырды.
            Шай құйып отырған әйел құманын толтырып ап, шәйнегін оттан шығарды. Дастарқанның күйеуі жақ бұрышын ғана қалдырып, қалғанын жиып алды. Ақ сұр шал: «Я, алла»,— деді де біраз уақ үнсіз қалды. Мұртты қара да қолын тарақтап, құс жастығына шалқайды. Оттағы шырт-шырт жанған бұтадан ба, әлде қазанның әбден ыстанған қақпағынан ба — бір күлімсі иіс бар. Қазанның ауызынан ұшқан бозамық буалдыр түндіктің саңылауына дейін барып, аржағында қап-қара түнге сіңіп, зымқайым жоғалады. Шай құйған әйел босаған кеселерді сүртіп, жия бастады. Үй-ішінде үн жоқ. Көк ала кесенің аржағынан шанаш сарының жұтқыншағы ғана қылқ-қылқ етеді.
            — Жолаушым, мынаны босқа арқалап жүрмеген шығарсың,— деді ақсақал, іргеге сүйеулі домбыраны меңзеп.— Құдай айдап тап болдың, өнеріңді көріп қалалық, шерте отыр.
            Жолаушы домбырасының қабын сыпырды. Қалтасынан тиек ап, қондырды. Құлағын бүрап, жол соқты боп шылдырлап қалған домбыраның күйін келтірді. Әр шекті жеке-жеке шертіп, құлағына тосып, ыңын байқады. Бірте-бірте түзеліп келеді. Жолаушы астындағы төсек көрпенің бұрышын түріп жіберіп, көнетоз тақыр кілемге әуелі оң қолың сосын перне басатын сол қолын үйкеп-үйкеп алды. Дыбыс қуалап, пернелерді бойлап, жоғары-төмен бір-екі рет сырғытып өтті. Таң атқалы тізгін ұстап ісініп алған саусақтары икемге әлі келмей жатыр. Үй-іші енді домбыраға қарапты. Мұртты қара шалқалап жатқан жерінең құс жастығын шынтақтап қырын аударылып түсті. Бәйбіше дастарқан жинала бере, қолына қоңыр топатайын алып, шәйнекте қалған жылы судан құйьш, түз салып, нан илеуге оңтайланып еді. Кебеженің төр жағындағы тырсиған ала қапқа бұрыла бере, домбыраның үнін естіп, табағын былай қоя салды. От жағып отырған бала қолына көсеу алған күйі ауызы ашылып аңырайыпты да қалыпты. Шай құйған келіншек алдына түскен жаулығының ұшын кейін серіпкен болып, аласы мол нұрлы жанарымен күйшінің жүзін бір шарпып өтті. Тек Шанаш сары ғана мұздаңқырап қалған қанжылым шайын дүрс-дүрс жұтады, маңдайына опыр-топыр шыға келген көп тамшыны қарымен бір сыпырып алды. Манадан бері маңдайшадан көз алмай отырған ақ сұр шал да жүзін бұрды.
            Нән ошаққа нығыздана жайғасқан тай қазаннан бір исі әдемі бу ұшады. Сол иіс, таңатқалғы жаққан оттың табы жайылып, үй-іші бір түрлі көңілді көрінді. Күбірсіген тыныш тірліктің иіс-лебі. Жолаушының есіне жаңағы жол үстінде туған жаймақоңыр әуез түсті. Ұзын-ұзын салалы саусақтары перне бойын қармалап жүріп, ақыры тапты. Әншейіндегідей қыжыртып қаққан жоқ. Үн былқып шықты. Баппен басталған бала майсаң әуез баппен өрлеп келеді. Ұйықтай қоймаған тентек немереге кәрі әже айтатын көйгөйдей жаныңды жайбарақаттыққа шақыратын қоңыр әуез. Құлағыңды құнықтырып, көкірегіңді күмбірлетіп барады. Аспан ашық, маңайың құлпырып гүл-гүл жайнаған әсем күнде алыс жолға шыққандайсың. Қунақ жортып, жайсаң жаратылысқа, әдемі әуенге, астыңдағы аршынды атыңа қуана қарайсың. Төңірегіңнен тек рахат көріп, тек ләззат табасың. Мынау да сондай сергек күй. Біраз жүргеннен соң айналаңа алақтап қарай беруге де жалығып, рахат ортасында келе жатқаныңа онсыз да кәміл сеніп, көзіңді жұмып ап, бір тұңғиық бейжай ойға шомбаймысың? Есіңе қайдағы-жайдағы түседі. Өткеннің өкінішті өксігі де қылаң береді. Бірақ бәрі артта. Бәрі өткен. Соның бәрін көріп, бәріне төзіп, бәрін өткерген бұл бас. Бәрінің де қыжылы өткен, өшкен. Енді, міне, тағы да рахат ортасындасың. Мына өмір деген жарықтық жауың түгіл, сенің өзіңнен де пейілді екен, кең екен. Оның сарқылар, таусылар күні жоқ. Рахаты мен ләззатын қашан да таба алады екен. Ендеше емешегі үзіліп елжіреп тұрған өмірді қайтып сүймессің, қайтып талақ етпексің.
            Өне бойыңа шым-шым сіңіп, шымырлата тараған тәтті әуез сорғалап-сорғалап келіп, ақыры там-тұмдап, тамшылап таусылды. Қара домбыра күйшінің тізесіне сылқ құлады. Ешкімде үн жоқ. Манадан бері оттың табында тұрып кеуіп қалған құсқанбас қана сытыр-сытыр жанады. Кенет күлдің шеті шырт ете қалды. Жұрт басын көтерді. Иегі  бұлт- бұлт еткен шанаш сары алақанындағы насыбай жұғынын тізесіне сүйкеп, жантая кетті.

  1.             Күйім-ақ екен, — деді сүйқылт сақалының ұшын саусағына орап ап, тапжылмай тыңдаған ақ сұр шал.
  2.             Құлағыңды қыдықтайды,— деп мұртты қара ұйып қалған оң шынтағын ұстап, құс жастыққа шалқалай ауып түсті.

            От жағып отырған бала қолындағы көсеуге көзі енді түсіп, қазанның астына әрлі-берлі сүңгітіп-сүңгітіп алды.
            Келіншек екі қолын тізесіне салып, домбыраға қараған боп, бір қырын бұрылып, бар ыждаһатымен тыңдаған екен. Ақ сұр шал көрпесінің астынан мүйіз шақшасын алып:
            — Келін, отыңда изеннің, жапақтың күлі жоқ па?— дегенде ғана бойын шүғыл жиып, отқа бұрылды. Атасының дауысын естігенде-ақ шай көйлегі дір ете қалды. Жалма-жан шымшуырдың ұшына іліп бірер шөкім күл алды, оны төңкерулі кесенің түбіне салып, атасына ұсынды. Ақсары жүзіне қан ойнапты. Мол пішілген сусыма көйлектің жеңі күл ұсынғанда аппақ білегін жалтыратып, шынтағынан аса кейін сырғып кетті. Борықтай жұп-жұмыр білектен көзі жақұт күміс білезік жарқ етті. Күйші жалма-жан домбырасына жабысты.

  1.              Жаңағы күйдің аты не?— деген ақ сүр шалдың сауалына:
  2.              Алатау,— деп асыға жауап берді, домбырасының құлағын қайта бұрап жатып.

            Есіне елде жүргенде бір қызға тартқан күйі түсті. О да тап мына келіншектей ақсары еді, о да бұған шай ұсынып жатып, шәйі көйлектің жеңі сусып, жұмыр білегі жалаңаш қалғанда, жүзі ду ете қалған. Соңына сөз еріп, шетқақпай жүргенде түскен бейтаныс үйдің сұлу қызы құйған шайға көңілі өсіп, күй шығарып еді. Адал көңіл, тәтті шайға шыққан күй де тәтті болсын деп атын «Балқаймаң» қойған. Мына келіншек елден кеткелі жадына түспей, ұмыт бола жаздаған сол күйді есіне сап еткізді. Көрікті келіншекке көз жүгірте беруге именіп, мойнын төрге қарай бұрып алды. Балқаймақ десе балқаймақ дейтіндей тағы бір тәтті әуез төгіле жөнелді. Жұрт тағы да бұған құлақ тосқан. Күйшінің көзі өзінен жоғары құс жастықта шалқайып жатқан қара мұрттыға түсті. Екі қолын тарақтап апты. Кішкентай қозы қарыны тырсиып, арқасындағы құс жастықты рахаттана жаншиды. Әдемі иілген қара қасын сәнмен керіп, ұзын кірпігі көлегейлеген дөңгелекше қой көзін келіншек жаққа тігіпті. Әлі әукелене қоймаған бір тілім бұғағында білінер-білінбес  бүлкіл бар. Маңдайы да торсық шекеленген жып-жылтыр. Қара торы беті тепсініп, ісініп тұр. Сызданған сырбаз неме? Құдай-ау, кім еді? Иә, о да тап осы құсап, қақ төрде құс жастықта шалқайып жатқан. Оның мұрты мынандай келте қайтқан емес, шалғылылау. Талай ат шаптыртып алдыра алмай қойған тентек күйші өзі кіріп келгенде, үй-ішіндегілер жапырыла сәлемдесіп, төрден орын қаузаған. Қозғалмаған тек сол. Қарнының үстіне қолын тарақтап салып, тырп етпей жатып алды.  бұлтиған-бұлтиған етті еріндері де қыбыр еткен жоқ. Тек тырсиған бетіндегі зілді ашу тарап, езуінде масаттанған күлкі тұрды. Ашынып келген күйші еркек шора мырзаның мына нығыздығына қаны қайнап, домбырасына жармасты. Жолдағының бәрін кие жарып, шалжиған төренің тап қасына барды. Қара домбыраны шалып-шалып жіберіп, бір күй бастады. Мына қара мұрт та тап сол Ақбайдың ұлы Әубәкірден аумайды.
            Күйші тартып отырған күйімнен жаңылармын деп тістеніп алды. Екі самайынан тер бұрқ етті. Әдемі күйдің аяғы қату шықты. Күйші домбырасын тағы да тізесіне тастап, сүлгі алып, терін сүртті. Жұрт тәтті әуезден әлі айыға алмай отыр. Шанаш сарының да насыбайы бір ұртында  бұлтиып қапты.

  1.              Есіміңіз кім?— деп сұрады ақ сұр шал.
  2.              Құрманғазы.

            Қара мұрт ондай да күйші бар ма еді дегендей, ақ сұр шалдың ауызына елеңдей қарады. Шал онысын байқамаған боп, күйшіге ұмсынған қалпын бұзбады.
            Күйші домбырасын қайтадан қолына алды. Жоғарғы екі пернені басып еді, жаңағы жайбарақат маңдайы қыртыс-қыртыс боп, жиырылып кетті. Қолындағы домбырасын емес, сырттан тың тыңдап отырған кісіше мойнын іргеге салып, теріс айналып еді, шықшытының астынан білем-білем тамыр ойнап шықты. Желп еткізіп көтеріп алған жалбыр қабақ та енді жығылмай, тікірейіп-тікірейіп тұрып алды. Бет алдының бәрі шиыршық атып тұр. Тек ішекті қаққан ұзын саусақтар ғана керенау. Аспай-саспай зілмен ұрады. Мұң шаққан әуез. Бірақ, егіліп төгілмейді. Бір түрлі өрекпіген өр күңіреніс. Ақ сұр шалдың сол сұғына тыңдаған қалпы. Күйдің осы арасын баяғыда Әубәкір біраз жерге дейін тыңдап ап, тісін ақситып сылқ-сылқ күлген. Қара мұрт шаңыраққа қарап енжар жатыр. Бәйбіше нан илеуге кірісіпті. Келіншек қолына көсеу ап, қазанның астынадғы отты түзеді. Шанаш сары маңдайын отқа төсеп жығылған екен, бетін келіншегіне беріп бұқшиып апты. Тыңдап жатқаны, ұйықтап жатқаны белгісіз. Бала күйшіден көзін алмайды. Төрдегі еңгезердей қара сақалды адам бетін көлегейлеп жылап отырған сияқты. Қабырғаңды қайыстыра бебеулеген әуез. Бай-байлап ыңыранады. Ойыңды ойрандап, кекірегіңді тіліп-тіліп барып, тіс қайрағандай кіжініп қайтады. Ақ сұр шалдың тіп-тік мойыны да иіліпті. Көзін қазан астындағы отқа тігіп, сақалын уыстап, иегін уқалай береді. Әуелі шағынып шыққан назалы саз барған сайын зығырданы қайнап төне түседі. Дәу саусақтар домбыраның сағағына шүйліккенде ызалы әуен ышқына буырқанады. Жүректі шымырлатып оянған ащы жас ыршып көзді теуіп, алқымға кері лықсығандай. Күйші жалт бұрылып еді, көзінде жас жоқ. Ұп-ұзын қайқы кірпіктері қадала шаншылыпты. Көзі қып-қызыл. Кенет оң жағынан біреу қор ете түсті. Шанаш сарының жылтыр басы білегіне сылқ құлапты. Екі аяғын бауырына тартып, бір шөкім боп ұйықтап кетіпті. Бәйбіше келініне қақпақ көтертіп, қазанына нан салып жатыр. Қара мұрттың көзі әлі шаңырақта.
            Күйші домбырасын жеделдете ұрды. Әлгі ызың дедектеп кетті. Саусақтары перне бойын жөңки қуалады. Әубәкір осы жерге келгенде басын жастығынан жулып ап, қанын ішіне тартып, сұрланып алған. Жаңағы қабырға қайыстырар әуезге қайрат біткен. Делебе қоздырып дік-дік етеді. Желпініп барады. Ақсұр шал көкірегіне түсіп кеткен басын көтеріп алды. Жүзін домбырыға бұрып бір мырс етті. Құптады ма, мошқады ма — аңғартқан жоқ. Қайтадан бойын тіктеді. Әлгі бір күрсініс саз қайта естілді. Күйшінің саусақтары тағы да сүлесоқ. Күй бітті. Бұл жолы ешкім үндемеді. Атын да сұрамады. Ақ сур шал маңдайшаға қарап ойға шомған. Тек отынның шетінде отырған ақсары бала күйшіге бір, қалғандарға бір жалтақ-жалтақ қарай береді.
            Күйші домбырасын қаптап, іргеге сүйеді. Бәйбіше қазанын түсірді. Келіншек шылапшын әкеп қолға су құйды. Қара мұрт тұрып отырды. Шанаш сары да басын көтерді. Ортаға үйме табақ кеп тұрды. Шанаш сары белбеуіндегі қыннан пышақ ап, құманның шүмегіне тосып шайып, табаққа ұмтылды. Жұрттың көзі енді соның қолында.
            Еттен кейін шанаш сары қайтадан түйе жүн шекпенін, түлкі тымағын киді. Босағада тұрып белбеуін буынды.
            Бәйбіше:
            — Түнекке барасың ба? Мә, қойшыларға ала бар,— деп, табақтан алып қалған бірер омыртқа, қабырғаны шүберекке түйіп, баласына ұсынды. Шанаш сары шешесі берген түйіншекті бұлтитып қойнына тығып, шығып кетті.
            Төсек салынып жатқанда күйші атының ерін алды. Ауылдан былайырақ жетелеп барып отқа жіберді. Сосын атын жағдайлап жүрген боп, далада ұзақ тұрды. Көзге түртсе көрінбейтін тас қараңғы. Тек ортадағы боз үйдің шаңырағында ғана саңылау бар. Тұрып-тұрып көнілі қоңылтақсып үйге аяңдады. Төсек салыныпты. Келіншек оң жақтағы төсекті мегзеп, аяқ жағына көрпе тастады. Шығап бара жатып, сықырлауықты жаба бере, көзін бұған тағы да бір тастап өтті. Сырттағы шолпы үні күн шығыс жақтағы үйге беттеді. Отауы сол болғаны ғой.
            Күйші ертеңіне ерте оянды. Қара ат ауылдан онша ұзай қоймапты. Алып келіп ерттеп, үйдің сыртына қаңтарып қойды. Бәйбіше тұрып, келініне шай қайнаттырыпты. Шай үстінде келіншек  бұл жаққа бір рет те мойын бұрған жоқ. Дастархан жиылып, қоштасарда да күл төккен боп, сыртқа шығып кетті.
            Ауылдан былай шыға бере күйшінің көңілі қайта бұзылды. Тұрмеден құтылғалы жағасы жайлау боп келе жатып, бүгін тағы құлазып қалды. Төңірегіне қарап еді, тұлдыр дала. Бір жалдан аса бере алдынан қоян қашты. Ту қоян ырғыған сайын таңы жарқылдайды.
            «Әттең осындайда бөрі де жолықпайды-ау»,—деп ойлады күйші. Есіне елде жүргенде жігіттерге қосылып бөрі қуғаны түсті. Әуелі қиқарланып қиялай шапқан көк жұлын қиқу көбейгенде бытпылға тартады. Сатырлаған көп тұяқтан құлағы түнып, қарсы желден көзі жасаурап, бұ да еміне шабады. Басқалардан ала бөтен қызынып, қуғынның алдын бермей өзеурейді. Қырдың қиқар аңы даланың жайбасар тірлігі бір жолата өшіре жаздаған қайдағы бір қалғып кеткен кәрі аруақты қоздыратын. Арланды ақыры сойылға жығып, атқа өңгергендегі жігіттердің қау-қауы бұның құлағын қыдықтайды. Әншейінде қалай болса солай ашылып-шашылып жүре беретін жайбарақат жандардың тас түйін түрлерінен көзін ала алмайтын. Тап қазір мына топ нені болса да тапап кететіндей. Бұларды осынша желпінткен кек беріге разы боп, қасқыр өнгерген жігітпен қатарласып, ер артындағы ауызы ырсиған арланның селтиген серек құлағын құшырлана бұрайтын. Көмейі үнге тұншығып, кеу-кеулеген көп сойылдың алдына шығып, езінін «Аш бөрісін» бастайтын.
            Аш бөрі, жүрген жерім қанды майдан,
            Шыққан жоқ атқан аңым терең сайдан.
            Қазақта талай қатын ұл туғанмен,
            Дәл мендей ұл табатын қатын қайдан!
            Бөрінің дуылы бірер күнге созылып, о да басылатын. Жігіттер сойылдарын тастап, таяғын, қауғасын арқалап, малын қаузайды, шаруасын жайлайды. Күйші тағат тауып жата алмай, атына мініп, ел аралап кетеді. Айдалада жаңғыз келе жатып, анда-санда қотанына тиіп, бөрліктіріп тұратын бөрі болмаса мына даланың селт ететін түрі жоқ-ау деп ойлайтын.
            Күйші  бұл жолы да өз-өзінен ширығып, алабұртып келеді. Тып-тыныш күн. Ең болмаса шөп басын қозғар леп те жоқ. Түске таман сонадайдан аран сай көрінді. Бұрылып барып, бір құйрығынан бұ да құлады. Шегі, шеті жоқ шектей шұбалған қарнау. Қолқат-қолқат, ұшпа-ұшпасын тіміскілеп шықты — ештеңе жоқ. Бұл даланың бөрі екеш бөрісі де құрып кеткен. Иә, бәрі жойылып кеткен. Иә, мына жайбарақат түздің аңына дейін тойынып, жортудан қалған.
            Күйшінің есіне бүгінгі қонып шыққан үйі түсті. Қазір түндегі қара мұрт тағы бір жалдың астындағы ауылға түсіп, қонағасы жеп жатыр. Шанаш сары қойдың шетінде күзгі отқа жалмаңдай шүйілген бір қоңыр саулықтың ауызына қарап мәз-мәйрам. Ақ сұр шал қақ төрде қазық жұтқандай қақшиып, көзін маңдайшадан алмайды. Ойында — баяғыда өзі төрелік айтқан бір сарт-сұрт салғылас. Анда-санда өз-өзінен бір мырс етіп қояды. Бәйбіше үйдің куншуақ бетінде ұршығын тоқтата қойып, ауық-ауық ауызын ашып: «Я, алла, бергеніңе шүкір»,— деп есінеп алады. Ақсары бала соңына күшік ертіп төбенің басында жүр. Айналаға ауалана қарайды. Келіншек отауында қыбыр-қыбыр шаруадан жалығып, қос тізесін құшақтап апты.
            Күйші аунап түсті. Төңірекке бүгіндікке құлағын енді салды. Анадай жерде індігеш бар екен. Шөп басындағы дәннің бәрін ін түбіне сықап алған дала тышқандары ақырғы шуаққа арқасын төсеп, бір-біріне масаттана үн қосады.
            Күйші көзі боталап көкжиекке қарап еді, даланы қан-жоса қып батып бара жатқан күнді көрді. Орнынан тұрып, қолына домбырасын алып, атына барды. Қоңырлыққа құныға тиіскен қара ат басын керенау көтерді.
            Күйшінің көкірегінде тағы бір тосын саз қордаланып келеді.
            

Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары

Қалайда халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген ақын айналып келгенде, ұлы Абай тапқан соқпақ, орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойынсынады. Бұрынғы ескі-ертегі, химия үлгілері емес, енді жаңа өлеңдік форма мысал арқылы, көшпелі елдің жақсы білетін стихиясы – жан-жануар өмірінен алынған шығармалар арқылы әлеуметтік ойға ықпал ету мақсатымен Иван Андреевич Крылов туындыларын аударып, “Қырық мысал” деген атпен 1909 жылы Петербургтен бастырып шығарды.

Бір жағынан қызықты форма, екінші жағынан ұғымды идея, үшінші жағынан, қазақ тұрмысына ет-жақын суреттер ұласа келіп, бұл өлеңдерді халықтың төл дүниесіндей етіп жіберді.

 Жүк алды шаян, шортан, аққу бір күн,

Жегіліп тартты үшеуі дүркін-дүркін,

Тартады аққу көкке, шаян кейін

Жұлқиды суға қарай шортан шіркін.

Аудармада мін жоқ, мүдірмей, тұтықпай, есіліп-төгіліп тұр. Ендігі кезең оқырманына қатысты жаңа ой, соны пікір, толғаулы сөзді ақын өз жанынан қосады.

Жігіттер мұнан ғибрат алмай болмас.

Әуелі бірлік керек болса жолдас.

Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей

Істеген ынтымақсыз ісің оңбас, —

деп елді тұтастық, ынтымақ  жалауының астына шақырады.

 Елдің азып-тозуына байланысты сарындарды Ахмет Байтұрсынов жұмбақтап, тұспалдап жеткізеді, кейде ашық, дәл айтылатын ойлар да бар:

Қасқырдың зорлық болды еткен ісі.

Ойлаймын оны мақтар шықпас кісі

Нашарды талай адам талап жеп жүр

Бөріден артық дейміз оның ісін.

Алуан-алуан ойға жетелейтін “Қайырымды түлкі”, “Ала қойлар”, “Үлес”, “Қартайған арыстан”, “Өгіз бен бақа”, “Қайыршы мен қыдыр”, “Ат пен есек” мысалдарында әлеуметтік-қоғамдық жағдайларды мегзейтін оқиғалар, адамдар психологиясымен сарындас әуездер, тағылымды, ғибратты тұжырымдар мол орын алған. Аудармашы негізгі түпнұсқа тексіне орайластырып, көркем ойға ой, суретке сурет қосып, пікірді ұштап, жаңа сарын – әуез қосып отырады. “Қартайған арыстан” мысалына:

Бақ қонса, сыйлар алаш ағайын да,

Келе алмас жаман батып маңайыңа.

Басыңның бақыт құсы ұшқан күні

Құл-құтан басынады, малайың да, —

деген жалғасты түйін жасайды. Бірнеше кісі тіл таба алмай, берекесі кетіп, өртке шалдығып, үлестен құр қалады. Осы “Үлес” өлеңінің түйінінде ақын өз позициясын ашық көрсетіп:

Ойласақ оқиға емес болмайтұғын,

Ел қайда өзін жаудан қорғайтұғын.

Қазіргі пайдасына бәрі жетік,

Адам аз алдын қарап болжайтұғын.

Аңдыған бірін-бірі жаудан жаман

Байқасақ ел белгісі оңбайтұғын.

Бұл белгі табылып жүр біздің жұрттан

Таласып бір-бірінің жүзін жыртқан.

Алданып арқадағы дау-шарына

Кәтерден кәпері жоқ,

келер сырттан, —

деп терең маңызы бар әлеуметтік ой толғайды.

Мысал жанрының қазақ әдебиетіне бойлап ену құбылысы әлемдік көркемдік дәстүрлердің типологиялық ұқсастығын көрсетеді. “Дала уалаяты” газетінде 1894 жылы 14 тамызда И.Крыловтың “Инелік пен құмырсқа” (аударған А.Құрманбаев) мысалының жариялануы – қазақ әдебиеті үшін жаңа бір арнаның басы еді.

Крыловтан Абай – 14, Спандияр Көбеев – 37, Бекет Өтетілеуов – 12 мысал аударған. Бір мысалдың бірнеше рет аударылғаны да бар. Мәселен: “Аққу, шортан һәм шаян”, “Ат пен есек”, “Қасқыр мен тырна”, “Шал мен ажал (өлім)”, “Айна мен маймыл”, “Маймыл мен көзілдірік” мысалдарын Ахмет Байтұрсынов та, Спандияр Көбеев те аударған. “Ала қойлар”, “Есек пен қамыс (шілік)”, “Бақа мен өгіз” мысалдарының Абай нұсқасы да, Ахмет нұсқасы да бар.

Абай аудармалары Крылов түпнұсқасымен көбіне-көп дәлме-дәл келеді, Спандияр Көбеев 8 мысалды қарасөзбен баяндаған. Ал Ахмет Байтұрсынов аудармаларында сюжет сақталғанмен, еркіндік басым, қазақ тұрмысына жаңа идеялар, заман тынысын танытатын жаңа ойлар айтылады. Түп негізі Федрдан алынған Крыловтың он жолдық “Шымшық пен көгершін” мысалы Ахмет Байтұрсынов аудармасында отыз екі жолдан тұратын жаңа шығарма. “Өгіз бен бақа” орысшада – 17, қазақшада – 36 жол, “Қасқыр мен тырна” орысшада – 19, қазақшада – 76 жол, “Арыстан, киік һәм түлкі” орысшада – 35, қазақшада – 56 жол, “Қасқыр мен қозы” орысшада – 37, қазақшада – 68 жол, “Ағаш” орысшада – 31, қазақшада – 56 жол. Бұл фактілер қазақ ақыны дәстүрлі оқиға, қалыпты бейнелерді ала отырып, ойға ой, суретке сурет қосып, жаңа, ұлттық төл туынды жасағанын көрсетеді. Бұрын емеурін, ишара, мегзеу, астар, мысалмен берілген ойлар “Маса” кітабында ашық, анық, дәлді, нақты айтылады. Мұнда Ахметттің өз басынан кешкен қиын-қыстау күндер, ауыр жолдар, қуғын-сүргін, жетімдік-жоқтық, бірталай өлеңдерге арқау болады; ел тағдыры, халық қамы, бостандық арманы – басты сарын.

Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,

Бітпейтін жүрегімде бар бір жарам.

Алданып жегеніме оны ұмытсам,

Болғандай жегенімнің бәрі қарам, —

деген жолдардың нақты өмірлік материалы әкесі Байтұрсынның 15 жылға Сібірге айдалып, қуғын көруі, бала жүректің тілім-тілім жаралануы. Ал, “Жиған-терген” өлеңіндегі:

Қазағым, елім,

Қайқайып белің,

Сынуға тұр таянып.

Талауда малың,

Қамауда жаның,

Аш көзіңді оянып –

деген сөздерді патша цензурасы кезінде жібермей тастаған. Ақын ашынып сөйлейді, тартыстар, қайшылықтарды көрсетеді.

Бұл бір сөз қасірет айтып хатқа жазған,

Қалмаған түк қасиет қазақ азған.

Байға мал, оқығанға шен мақсат боп,

Ойлайтын жұрттың қамын адам азған.

Күрес идеясы, келешек қамы үшін арпалысу, ел болу мақсаты бар тілектен жоғары қойылады:

Мен бұқтым, жаттым,

Сен бұқтың жаттың,

Кім істемек қызмет?

Ауызбен айтып,

Істерде қайтып,

Жоламасақ не міндет?

Тек жүрсе тоқ жүрмекті

Қиын деме білмекті.

Қазір әлем поэзиясындағы ділмар сөз – афоризм боп кеткен түрік ақыны Назым Хикметтің:

Мен жанбасам лапылдап,

Сен жанбасаң лапылдап,

Біз жанбасақ лапылдап

Аспан қалай ашылмақ, —

деген жолдарының Ахмет Байтұрсынов өлеңімен әуендестігі кісіні таң қалдырады.

“Маса” кітабына енген өлеңдерде жеке бастың мұң-шері, тұрмыс-салт суреті емес, негізінен әлеуметтік, қоғамдық ойлар, азаматтық идеялар айтылады. Өзін-өзі күйттеген, байлық үшін, мансап үшін ар- абыройын сатқан “жақсылығы өз басынан артылмаған”, “бос белбеу, босаң туған бозбала”, “бір тойғанын ар қылмаған шалдар”, “қайырсыз кеще сараң байлар”, “мәз болып құр түймеге жарқылдаған оқығандар” сыналады. “Туысыма”, “Досыма хат”, “Қазақ қалпы”, “Қазақ салты”, “Көк есектерге”, “Жұртыма”, “Қарқаралы қаласына” өлеңдерінде ұлы Абай сатирасын еске түсіретін сарындар, ойлар, образдар бар. “Анама хат”, “Жауға түскен жан сөзі” – қорлық-зорлыққа мойымаған, бостандық, еркіндік жолында бәріне көнген қайратты ерлер тұлғасын мүсіндеген жырлар. “Масада” Пушкиннен аударылған “Қыздыр дейсің мәжілісті, жан дейсің”, “Ат”, “Данышпан Аликтің ажалы”, “Балықшы мен балық”, “Алтын әтеш”, Крыловтан аударылған “Сорлы болған мұжық”, “Қаздар” шығармалары да берілген.

Қинамайды абақтыға жапқаны,

Қиын емес дарға асқаны, атқаны.

Маған ауыр осылардың бәрінен

Өз ауылымның иттері үріп қапқаны, —

деген жолдарда өз уақытының сыры айтылса:

Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,

Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.

Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,

Ел бір күншіл, менікі ертеңгі үшін, —

деген уақытта ақын болашақпен сырласқандай, өлместігіне сенеді.

Екі жинақ – “Қырық мысал”, “Маса” – қазақ әдебиетін жаңа тақырыптармен, идеялармен, ойлармен, өрнектермен байытты; Абайдың ақындық дәстүрі ілгері жалғасты, заман талабына сай жігерлі поэзия туды, бұдан кейін талантты ақындардың жаңа буыны тарам-тарам жүлгелерді тереңдетіп, жалғастырып әкететін болады.

Әр түрлі  оқиғаларға, халықаралық жағдайға, заң, құқықтану, жер мәселесіне, отарлауға, ғылым-білімге, педагогикаға арналған “Тағы да народный сот хақында” (1911), “Қазақ һәм ІҮ Дума” (1912), “Земство” (1913), “Жер жалдау жайынан” (1913), “Көшпелі һәм отырықшы норма” (1913), “Уақ қарыз” (1913), “Бұ заманның соғысы” (1914), “Жәрдем комитеті” (1915), “Закон жобасының баяндамасы” (1914) (осы мақала үшін Ахмет Байтұрсынов штраф-айып төлеген), “Қазақ халқын билеу туралы 1868 жылы шыққан уақытша положение” (1914), “Губернатор өзгертілуі” (1914), “Соғысушы патшалар” (1914), “Қазақ жерін алу турасындағы низам” (1913), “Қазаққа ашық хат” (1916), “Бастауыш мектеп” (1914), “Қазақ арасында оқу жұмыстарын қалай жүргізу керек” (1923), “Партия һәм кеңес құрылысындағы рушылдық әсері” (1926) сияқты көптеген мақалалар публицист Ахмет Байтұрсыновтың көзқарасы эволюциясын, тарихи білігін, ойшылдық деңгейін, журналистік қарымын көрсетіп, рухани даму кезеңдерімізден мол хабар береді.

Ал ғалымның тілші, әдебиетші ретінде жазған еңбектері бірнеше том боларлық мол дүние, бұлардың ішінде 1913 жылы жазылған “Қазақтың бас ақыны” еңбегі – оқшау, дара тұр.

Абайдың тарихи миссиясы, рухани болмысымыздағы орны, көркемдік-эстетикалық сипаттар дұрыс көрсетіліп, терең талданып, алғаш рет қазақ оқырманының алдына тартылды. Өмірдің сан алуан көкейкесті мәселелерін арқау етіп жазған Ахмет Байтұрсынов мақалалары алдымен “Айқап” журналында, 1913-1918 жылдар арасында өзі редакторлық еткен “Қазақ” газетінде, кейін кеңес баспасөзінде жарияланған.

Мақалалар саны көп, олар мерзімді басылым бетінде шашылып жатыр, бұларды жинап, сұрыптап, ой елегінен өткізіп, жүйелеп бастырып шығару арқылы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-тарихи зердеміздің қазір ойсырап, үңірейіп тұрған беттерін толтыратын боламыз. Қазіргі қолда бар материалдардың негізіне сүйенгенде қаламгер – оқу-ағарту, оқулықтар жасау, әліппе, емле, грамматика, жер иегері, кәсіп істеу, халықаралық қатынастар, тарих, құқықтану, заң, философия, қоғамдық күрестер, мәдениет, әдебиет, эстетика проблемаларын тереңнен қозғап, өз кезіндегі қоғамдық-әлеуметтік ойға мұрындық, ұйытқы болған пікірлер айтып, тұжырымдар жасаған. 1917-19 жылдар арасында әр қиянды шиырлаған кездерін автордың өзі де мойындаған.

Автордың “Қазақ өкпесі” мақаласында (“Айқап”, 1911, № 2) тарихи мәселелерге объективті, ғылыми тұрғыдан қарайтындығы көрінеді, қазақ хандығы неліктен құлады, өз алдына дербес мемлекет болып тұра алмаудың себебі, Ресейге қосылудың негізгі жағдайлары деген проблемалардың жауабы айтылады. “Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты”, дей келіп, ел мен елді, ұлт пен ұлтты теңгеретін ғылым, өнер екенін айтып, оқуға, ағартушылыққа ден қояды.

Бұл бағытта жазылған, бірі-бірімен сабақтас мақалалар өте көп. “Оқу жайы” (“Қазақ”, 1913, № 11) мақаласында өз кезіндегі мектептер ісін тиянақтай отырып, сол тұстағы Қостанай уезіндегі сауаттылық мәселелерін қозғайды, әрбір жүз кісіден 6 еркек қазақша, әрбір мың кісіден 6 еркек орысша, әл әрбір үш жүз кісіден 1 әйел қазақша, төрт мың кісіден 1 әйел орысша хат таныды деген дерек келтіреді. “Қазақша оқу әлі бір белгілі тәртіпке келіп жеткен жоқ, кемшілігі есепсіз көп. Қазақша оқу кітаптары жаңа ғана көрініп келеді. Тәртіппен оқытарлық мұғалімдер аз, оқу программасы жоқ, белгілі оқу жолы жоқ, салған мектептер жоқ, мұғалімдерге арналған айлық жоқ, оқытудың қазақша оқуды аймаққа бірдей жеткілікті ететін жасалған өрнек жоқ, оқыту ғылымын үйрететін даримұғалимун (педучилище) жоқ” деп күйзеледі. Мұның үстіне автор қазақша, орысша, екі тілде білім алу жүйесін ерекше қолдап, “жалпақ жұрттың қолы орысша оқуға түгел жетсін, оқымаған жан қалмасын” деп дәл қазіргі күндегі тәуелсіздік шарттары алға міндет етіп қойып отырған терең білім беру принциптерімен үндес тұжырым жасайды.

Ал, революциядан бұрын жазған еңбектердің басым көпшілігінің негізгі идеясы ағартушылық, демократтық, прогрестік биік нысана, олар біздің азаматтық, рухани  дамуымыздағы маңызды, мәнді кезеңдер шындығын ашады, бірқыдыру ойлар, пікірлер дәл қазіргі уақытқа қызмет ететінін көруге болады.

%d bloggers like this: