Archive for the ‘ұлт таныу’ Category

Бөрілі менің айбарым

 Берік Аташ

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы  

Халқымыздың арғытектік тарихына көз жіберсек, ғұндар империясынан бастау алып, Қасым ханның тұсына дейін жалғасқан әлемге ықпал етудің айқын көрінісін түркілік этноцентризм деп атауға болады. Мұның тылсым деңгейдегі құдіретті күші – ұлттық рухқа келіп тоғысады.

Бұл Рух кейде айтылмайтын қастерлі тыйым, терең түйсікті сана-сезім, заттық түрде айқындалмайтын руханилық күш  ретінде – ұлтжасампаздықтың, этникалық өміршеңдіктің түпкі іргетасы болып келгендігі де түсінікті жайт. Рухты өмірлік күш-қуаттың дара ықпалы,  кеңістік пен уақытқа тәуелсіз мәңгілік шексіздіктің орталық түсінігі деп те пайымдауға болады. Ол белгілі бір жерде, географиялық ортада, аймақта орналаспайтын, одан тыс кеңістіктің қай түкпірінде болсын ықпал ете алатын және уақыттың қай кезеңінде, қай дәуірінде болмасын өзінің күшін жоймайтын тұңғиық тылсымдықты жамайды.

Осы тұтас Рухтың жігері мен қуаты, айбары мен ықпалының тарихи шығу тегіне тоқталсақ, оның діни негіздерін ашып көрсетуге ұмтылсақ ілкі замандардағы бастапқы тиым салулардан тамыр тартқандығын аңғаруымызға болады. Біздіңше, бұл ғұндар дәуіріндегі көк бөрі төтемінен тамыр тартады. Төтем, яғни белгілі бір ұлттың шығу тегін хайуанмен қандық-туыстық жағынан байланыстырып, оны қастерлеу болса, «бөрі» біздің арғытектік ата-бабамыздың қадір тұтқан жануары. 
Бөрі – көне түркілер дәуіріндегі әпсаналық оқиғаларда жиі көрініс табатын орталық түсініктердің бірі, кейде ер жынысты, кейде әйел жынысты, кей кезде адам кейіптенген, ал кейбір оқиғаларында табиғи биологиялық таза қалпын сақтағандығын көптеген этнограф зерттеушілеріміз атап көрсетіп жүр.  Бөріні құрмет тұту жігерлі Рухтың түпнегізін құраушы емес, дәйекті жалғастырушы аралық буыны, заманауи шынайы қажеттіліктерден туындаған ұлтжасампаздықтың ақиқаты, әрі нанымдық-сенімдік сипат алатын  образдылық, ишаралы көрініс деп пайымдай аламыз. Осыған орай, бөрі мен ұлттық жігерлі Рухтың арасындағы байланыстарды былайша анықтап алуымызға болады.  Бөрі көбіне жалғыз жортатын, оқшаулық пен даралықта шыңдала түсетін хайуан. Сондықтан ол  түркі даласындағы оқшауланған өмірі арқылы – өзіне сенімділіктің, өзін-өзі даланың қатал заңдарындағы сынау тәжірибесінің образдық түрдегі жалқы өкілі. Сонымен қатар жалығу мен қорқуды, шаршау мен демалуды, шегініс пен жеңілісті түбегейлі түрде теріске шығаратын  «биороботтық» сипаттағы хайуан  екендігі де шындық.
Оның қасиеттерін халық рухы құп көріп, өзіне тасымалдаған,  тіршіліктік болмысын ұқсатқан, «өзінен – бөріні, бөріден – өзін» көре білудің бейнесін құрастырып, сайын далада тіршілік етудің өзіндік үлгісін қалыптастырған. Сондықтан қасқырдың қазақтарда бөрі, итқұс, құрт т.б. бірнеше тыйым салушылық баламалық атаулары қалыптасқан.
Бөрінің рухтан­дыру­шылық күші – ұлттық Рухтың түпнегізінің  өзін-өзі қайтадан тануында, қашанда өзін-өзі үнемі қайталауында қанағат сезімдерін туғызып отырған. Жігерлі, айбарлы, жаугершіл халық рухы бөрі хайуанының «психикасымен үндескен». Ол  қуатты Рухты реттеушілік,  толықтырушылық, келісімділік қызмет­тер де атқарған.  Яғни бөрі мен Рух өзара кіріктірілген-біріктірілген тұтас құрылым арқылы ұлттық болмысты «қайталады». Міне, осы бөрі мен ұлттық рухтың үндестігінің айбарлы күші арқылы  көшпенділік өркениет пен түркі халқының ғасырлар бойы әлемге қалай үстемдік жүргізгенін, неліктен жарты әлемді билей алғандығын оңай түсінуге болады.
«Бөрі идеясы» халқымыздың байырғы дәуірлерден бергі қалыптасқан философия­сы мен рухы түрінде фольклорда, жазба әдебиетінде, өнерімізде үнемі айшықты орын алып келген болатын. Оның Кеңес заманындағы соңғы көріністерінің бірі – Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» туындысы.  Ол көркем шығарма болғандықтан, көпмәнді түсіндірмелі мәтін. Сондықтан оны толығырақ аша түсуімізге болады. Танымдық-зерделік тереңдік бойынша бірінші сатыда: «Бөрі – жауыз хайуан, адамға зұлымдық әкелуші».  Екінші сатыда тұспалды терең ой бар – «бөрі де, бала да «өзі», демек, бөрі де – төтемдік қазақ образы, кейіпкерлер де – шынайы қазақ, екеуі бірегей сәйкес құбылыс.  Үшінші сатыда – бөрі шынайы генофоны сақталған таза қазақ, кейіпкер орыстанған-отарланған, ұлттық рухы семіп бара жатқан «жартылай қазақ», сондықтан осы тұста шынайы түркілік болмыс рухы орыстанған қазаққа риза еместігін әйгілейді. Бұл ұлттық идея – оқиғадағы кәрі ананың: «қасқырдан қорықпа, қасқырдан бетер адам бар, содан сақ бол!» деген елеусіз ғана айтылған тұжырымымен дәйектеледі. Оқиғаның шиеленісуі бөрінің балаға шабуылымен аяқталады. Демек, коммунистік идеологиялық түсінік бойынша «бөрі мен қазақ» арасында қайшылық қалыптасады.
Ал «Оғызнаме» мен «Қорқыт ата кітабында» қасқыр адам кейпіне енгізілген жағымды бейне, демек, ол исламға, моңғол-татар шапқыншылығына, Ресей­дің отарлаушылығына дейінгі сенім. Оның Тәңіршілдікпен қатынасы байырғы күрделі құрылым елесін береді. Мәселен,  «Иттің иесі болса, Бөрінің Тәңірісі бар» деп тұжырымдалған даналық идеясын  талдап түсіндіріп өтуімізге болады.
Біріншіден, Тәңірінің адамнан жоғары­лығы арқылы бөріні асқақтандыру көрінісі. 
Екіншіден, Бөрінің иесіз емес, табиғи-биологиялық жаратылыстың заңды дамуының нәтижесіндегі белгілі бір қажеттілік екендігін әйгілейтін далалық үйлесімділіктің нышанын сездіреді.
Үшіншіден, Тәңіршілдіктің көкпен тұтасқан, оған теңескен  сипаты арқылы бөріге қамқорлық тым абстрактылы, нақтылы емес.  Олай болса, бір қырынан алғанда, «бөрі  ешкімнің қамқор­лығында емес» болып шығады.  Сондықтан паналауды, қамқорлық күтуді қажет етпейтін өміршеңдік пен эволюциядағы жетілгендіктің ишарасын білдіріп тұр.
Төртіншіден, Бөрі сүйенері мықты, Тәңірлік жаратылыспен бірге болса, ендеше «адамның да Тәңірісі бар» деген белгілі діни жоба ұсынсақ, Бөрі мен адам  ғаламдық жазықтықта өзара теңеседі.
Бесіншіден, Бөрі табиғи таңдаулы әлемдік жүйедегі қадірлі «тұлғаға» өтеді. Бұл «Тәңір асыраған тоқтыны бөрі жемейді» деген халық даналығымен қайтадан  дәйектеледі.
Қазіргі замандағы қазақ ұлдарының Әлем және Олимпиадалық спорттық ойындар­да көбіне жекпе-жек бәсеке­лестікте де, әсіресе бокс, күрес салаларында жетістіктерге жетуі – осы жаугершілік архетип пен бөрілік рухтың заңды биологиялық-генетикалық жалғастығы, өміршеңдіктің мәдени-әлеуметтік шынайы көрінісі.
Қасқырдың көшпенділік өмір салты мен туыстық төтемдік белгісі бірігіп, тұтас арналас сипаттағы бейнені әйгілейді.  Қасқыр далада жалғыз жортуы арқылы – әлемде де жалғыз, оқшауланған, үнемі шынайы қатал өмірмен бетпе-бет кездеседі, оған үнемі «шекаралық жағдайлы» өмір тағайындалған. Бұл сипаттар шындап келгенде, «даладағы жалғыз жортқан атты қазақтың» бейнесіне сәйкестеніп, әсемдік-асқақтықты елестетеді.
Қазіргі заманғы Қазақстандағы «барыс» рәмізі отаршылдық сана қалдықтары арқылы құрастырылған  бөрінің жұмсартылған, келісімді, аралық деңгейі болуы ықтимал, дегенмен ол «жаңашаланған бөрі» ретінде оның қызметтерін толықтыра түсетін қазіргі заманғы тың нышан екендігі де сөзсіз.
Бөрі төтемінде әпсаналық мағынадағы көпмәнділік жамалған, ақиқатында, дала қазағы мен шынайы бөрі сыйыспайды.  Бөрінің шабуылшылдық болып (агрессиялы) сипатталуының мәні: дала қазағына үнемі сақтық пен жауынгерлікке дайындықты, күш пен қуаттылықтың табиғи қажеттілігін, күрескерлік психологияның мәңгілігін ескертіп отыратындай қызметтерді үстемелей түсуімен айшықталады.  Сонымен қатар даланың қатал заңдары мен табиғаттың дүлей күштерін қазақ ұрпақтарына ұғындыратын және бөрі соның өзіне айналатын жаттығулық (тренингтік) сипатты да қамтып отырады.
Қазіргі заманға дейін келіп жеткен, төтемдік сенімдердің элементтерінің бірі – қасқырдың аяғын нәрестенің бесігіне байлап қою дәстүрі. Сөз жоқ, көнеден сақталып келе жатқан байырғы ырым. Бұл құбылыс қоғамдық қарапайым санада: «баланың қорықпауы үшін» деп түсіндіріледі. Бірақ «неден», «қалай» екендігі нақты емес. Біздіңше, бұл Бөрінің рухтандырушылық архетипінің айғағы тәрізді.
Бұдан «қазақ халқы қалай-да тек қасқыр рухты жыртқыш болған екен» деген түсінік тумауы керек. Бөрілік рух – ұлттың өзін-өзі сақтауының ғасырлар бойы сабақтасқан қорғаныш тетігі, географиялық орналасуына қарай  қауіпті көрші мемлекеттерден сақтанудың тұрақтылығын, мәңгілігін айшықтайтын «ырықты-ырықсыз» түрдегі ұлттың тұтас тағдырына тағайындалған түрткі. Яғни байырғы қазақ амалсыздан «бөріленген» деп тұжырымдай аламыз. Ол да өз кезегінде, өз дәуірінде қажетті, маңызды сенім көрінісі болған, өз қызметін, сөйтіп, мүлтіксіз атқарған.
Сонымен қатар, аққуды қастерлейтін – әсемдік, киікті құрмет тұтатын – этика, қыранды қадірлейтін – асқақтық, жыланды құрметтейтін – даналық, жылқы жануарын бағалайтын – өмірмәнділік тәжірибелік-қимылдық  т.б. да хайуанаттардың төтемдік үлгілерінің елесін береді.

%d bloggers like this: