Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ: Даланың атқа мінген баласымын


Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, ақын-журналист Дәулетбек Байтұрсынұлы – халықаралық «da Қазақстан» журналының бас редакторы. Осыған дейін «Халық кеңесі», «Ислам және өркениет» газеттерінде тілші, Қазақстан Жазушылар одағынан шыққан «Әдебиет айдыны» газетінде бас редактордың орынбасары, «АнАрыс» баспасында бас редактордың орынбасары болып жұмыс істеді. Өлеңдері 1988 жылдан мерзімді баспасөзде жарияланып тұрады. «Жас толқын» топтамасына енген. «Күнәсіз мекен», «Мәңгілік мекен», «Ләтипа лүпілі» жыр жинақтары жарық көрген кейіпкеріміз «Әріптестер әлемінің» бүгінгі қонағы.

– Ғасырлар қойнауына көз жүгіртер болсақ, менің туған жерім де қазақ даласының айырылмас бір бөлігі. Шығыс пен батысқа көсіліп жатқан Тянь-Шань тауының бөктері. Қытай Халық Республикасының Іле қазақ облысы Монғолкүре ауданында 1964 жылы 8 наурызда өмір есігін ашқанмын. Туған жерім – 2000 жыл бұрынғы Үйсін мемлекетінің ту тігіп, орда салған Шаты қаласының ежелгі жұрты. Ес білгенде көргеніміз – қаз-қатар тізілген үйсін обалары, қираған қаланың қиқымдалған қалдығы. Бабалар рухы көңілге медет болған шығар, «жат өлкеде жаралыппын» деп өкінген емеспін. Қазақстан деген елдің бар екенін байыптап өссек те ораламыз деген ой үш ұйықтасақ, түсімізге кірген емес. Тек 1991 жылғы 16 желтоқсан оқиғасы заманды да, саясатты да, шекараны да түбірінен өзгертті. Сонымен бірге жан-дүниеміз жаңарып, көзқарасымыз күрт өзгеріп, күркешеден шығып, күллі әлемге қарайтын қасиетке ие болдық.
Мен негізі бұзықтар мен қиқарлардың санатынан емеспін. Табиғатым жуас болғандықтан, тәртіпті тәрк еткен кезім болған жоқ шығар. Кәдімгі көшпенді қазақтың көлік мініп, көсіліп шапқан бір баласымын. Малды ауылдың, қайнаған қазақы өмірдің ортасында өскендіктен, ат мініп, мал қайырудан басталған әуесқойлық шабандоз болып, бәйге атына мініп, аламан жарыстың қою шаңынан сытылып шығып, алға ұмтылған сәттерге жалғасты. Әкемнің бажасы Хамидулла ақсақалдың баптаған жүйрік аттарына мініп, әлденеше рет жүлделі орындарға жеткенім бүгінгідей көз алдымда. Мені өзіне ілестіріп, дала заңына тәрбиелеген нағашы ағам Бекмұхамет өзімен бірге көкпардың додасына да, қуғынына да көп салды. Жалпы, балалығым ат үстінде жорға мен жүйріктің тізгін ұшында өтті.
2-сынып оқып жүргенде, бір күні өрістен мал айдап келе жатыр едім, ши түбінен пыр етіп ұша жөнелген торғайдан тор құнаным жалт беріп, үркіп кетті. Абайсыз келе жатқан мен толқып барып, құнанның бір қапталына ауып кеттім. Аяғым үзеңгіден өтіп кетіп, құнанның қапталына салақтап, малмен бірге үйге келіппін. Құдай сақтағанда, құнан тепкілемей, аман қалғанымның өзі сенер-сенбестей. Осы оқиғаны досым Құл-Керім Елемеске егжей-тегжейлі айтып берген едім, ол кісі балаларға арнап, «Тәңір сыйы» деген әңгіме жазып, «Балдырған» журналына жариялады. Сондағы бала кейіпкер мен едім.
Ендігі бір естен кетпейтін оқиға, бір жолы дода десе, арқасы қозатын ағалар көкпарды топтан шығарып, менің алдыма өңгертті. Жүйрік Қарагермен ойқастап жүрген мен көкпар қолға тиісімен ауыл қайдасың деп аңыраттым-ай келіп… Жүздеген кісіні артқа тастап, суырылып шығып, жүйткіген қызыққа еліріп кеткен болуым керек, алдымдағы Жіңішкесудың жарына тура келгенімді бір-ақ көрдім. Бұра тартуға аттың басы көнбейді. Тоқтауға екпіні ерік бермейді. «Нар тәуекел» деп тізгінді қымтай ұстап, қамшыны осып жібердім. Арғы жағаға дік ете түстім де, ердің басына қыса ұстаған көкпарымнан айырылмаған күйімде ауылға тарта бердім. Артыма бір қарағанымда, жұрттың бәрі өткел іздеп екіге жарылып, жағада шауып жүр екен. Сонда ғана ат қарғытқан жерімнің арнасының кең екенін сезгендей болдым.
Бірнеше жыл бұрын Жамбыл ауданы Көкбастау бәйге алаңында ақындар Бауыржан Жақып, Мұрат Шаймаран үшеуіміз алдымыздан шауып бара жатқан жүйріктерді сынағанымыз бар. Бір қызығы, сол жолы мен белгілеген 13-нөмірлі Тарғаптың тор аты бірінші келді. Соны көрген Бақытжан Майтанов сияқты үлкен кісілер дәл менің атым озып келгендей қол беріп, құттықтап еді.

ЖАНБОЛАТТЫҢ МЕКТЕБІ

– Біздің балалық шағымыз Қытайдың мәдениет төңкерісіне тұспа-тұс келді де, ертегі-әңгіме, қисса-дастандар, ұлттық жәдігерлер шектеуге ұшыраған кез еді. Әкем Байтұрсын «Нүсіпқан зарлы», «Қыз Жібек», «Сайрам аңызы» секілді жыр-дастандарды қолдан көшіріп әкеліп, отбасында өлеңдетіп бізге оқып беретін. Үйге сыр шашпайтын көне көз қариялар, сыйлас ағайындар, құда-жекжаттар келгенде, әлгі дастандарды қайталап оқудан жалықпайтын. Біз де қанша рет оқыса, сонша рет тыңдай беретінбіз. Ести-ести жаттап та алған кезіміз болды. Енді ойласам, ертегі-аңыздарды шешем айтатын да, дастан-толғауларды әкем оқып беретін. Мектептен бұрынғы әдебиеттегі ұстазымыз осы кісілер секілді.
Бастауышта көшпелі мектепте оқығандықтан, мұғалімдер көп ауысты. Дегенмен еңбегі сіңіп, есімнен шықпайтыны – Батырбай және Сатыбалды деген ұстаздарым. Ылғи да сағынышпен еске алатыныма қарағанда, оңды тәрбиелеп, ойландырған сәттері көп болған шығар.
Ал әдебиетке ақын ретінде келгендіктен, алғашқы өлеңім 9-сыныпта оқып жүрген кезде жазылған сатиралық туынды. Сын-сықақ, мінеу, шенеу сипаты басым еді. Олай болатыны хат танығаннан бастап, қолдан-қолға көшірілген Көдек Маралбайдың өлеңдері өнерге деген қызығушылығымды оятып, поэзия әлеміне құмар етті. Көдек жырлары көркем және сыншылдығы басым болатын. Менің өлеңдерімде ол кісінің үлгісі көрініс таба беретіні сондықтан. Алайда батылым жетпеді ме, өзіме сенбедім бе, өлеңдерімді басылымдарға 24 жасымда ғана ұсына бастадым. Ал жоғары оқу орнын физика мамандығы бойынша бітіргенмін. Қытайда жүргенде 30 жасыма дейін физика пәні бойынша ұстаздық міндеттер өтеп келдім. Ол жақта газет-журналда істеу ойда болғанымен, қолым жетпеді. Алайда өлеңдерім, кейіндеп мақалаларым үздіксіз жарияланып тұрды. Бірте-бірте қимасам да, физикадан алыстап, әдебиетке жақындай бердім. 1994 жылы Қазақстанға өткен күннен бастап, үзілді-кесілді шешім қабылдап, бұл жақта мұғалім болмауға, тек қана газетте жұмыс істеуге ниет еттім. «Шын жыласа, соқыр көзден жас шығады» дегендей, позициямды айқындап алғандығымнан белімді бекем будым. Менің журналистикаға келуіме сол кездегі «Ауыл» газетінің бас редакторы Ділдар Мамырбаева әпкеміздің себебі күшті болды. Алла қолдап, «Халық кеңесі» газетінің бас редакторы Жұмабек Кенжалин, бірінші орынбасары Жанболат Аупбаев, жауапты хатшы Қыдырәлі Қойтаев ағалар алдымнан кездесіп, қол ұшын берді. Бүгінде ««Егемен Қазақстанның» елге белгілі бас редакторы Жанболаттың мектебінен өткем» деп айтып жүремін. Бұл кездердің сабағы менің кейінгі «Әдебиет айдыны» газетінде бір кісідей жұмыс істеп кетуіме үлкен пайдасын тигізді. Оның үстіне мейірімді, жылы жүректі жазушы Талаптан Ахметжанға кез келуім «жақсымды асырып, жаманымды жасырып» қолдаушылық танытты.
Жұбайым екеуіміз 5 жастағы ұлымыз Өркен мен 3 жастағы қызымыз Нұркенді жетелеп, шекарадан өткеміз. Одан бері де 17 жыл… Өркен жоғары оқу орнын бітіріп, жігіт болды. Қызым КазҰУ-дың студенті. Олар мен секілді жартылай адам емес, Тәуелсіз Отанның өз түлегі ретінде өсіп келеді. Таза қазақы тәлім-тәрбиемен қазақ мектебін оқып бітірді, сонымен бірге менің тісім батпаған орысшаны меңгеріп алды. Осыларды сезінген сәттерімде алғашқы қиын кезде елге жеткенімді мақтаныш сезінемін.
КҮНДЕЛІККЕ СЫР АЙТҚАН КҮНДЕР
– Жұртқа жария ете бермейтін сүйікті ісім – 30 жылдан бері күнделік жазып келемін. Күнделік жазу менің қаламнан, қағаздан алыстап кетпеуіме септігін тигізіп, жазушылық деген жағалауға байлап ұстады. Ол нағыз көркем әдебиет болмағанымен, көңіл түкпіріндегі көп ойдың ортаға шығуына себепші. Күнделік арқылы іш босатып, жүрекке түскен салмақтан жеңілдеп отырдым. Өзгелерге өсек айтып кетуден сақтанып, ақ қағазбен сырласып, алдағы күндерден үміт күттім. Соңғы кезде сол күнделіктерден «арғы бет пен бергі бетті» толғайтын 25 дәптерді реттеп, қайта тергізіп қойдым. Қарап отырсам, небір қызық оқиғаларға кездескенімді енді білім жүрмін. Бұл күнделігім алыстағы ағайынның Отан құшағына оралудағы арман-тілектері, бұралаң жолдары, кездескен қиындықтары, шектелген шекарадан өткен өмір іздері екен. Тәуелсіз елге табан тіреген алғашқы сәттердің әурелеңі, орыс тілін білмей опынған кездер, баспанасыз жатақхана жағалап жан сақтаған сәттер көрініс тапқан екен. Әлем тілдері университетінің сол кездегі ректоры, бүгінгі мәжіліс депутаты Әділ Ахметовтің жылы қабағы мен сияқты сергелдеңге түскен сегіздің басына пана болған кездері де күнделік бетінен көрінеді…
КӨРКЕМ МІНЕЗ – АДАМДЫҚТЫҢ АЙНАСЫ

– Оңашада болсын, көптің арасында болсын, бір ғана ой – адам боп, келген соң, адам боп өмір сүру, құл екенімді мойындап, бір құдайға құлшылықтан танбау. Алғашқы кезде жазған бір шумақ өлеңім есіме түсіп тұр:
– Тарта берем, мен алға, тартып келем,
Ажал атты қорғанға қамалғанша.
Ел тағдыры жолында артық көрем –
Өмір сүру, өлуді адамдарша…
Аллаға мың шүкір, бастан қандай бір істердің өткеніне қарамастан, өкінішім жоқ. Алла өмір берді, өсірді, ойлаған ойға, жүрген жолға жеткізді. Осының өзі – баға жетпес байлық. Әрбір атқан күнді көру, мынау ғажайып дүниенің хикметін сезіну, иемді танып, иелігіне кіргенім – сарқылмас қуаныш.
– Ақын деген – ағыл-тегіл төгілу,
Қажет болса, қан майданда тіліну.
Адамдардың көңілінде көмілу,
Әрбір атқан таңдар сайын тірілу!
Бес күндік сынақ өмірде сақтаушымның назарынан тыс қалмауға бекіндім. Біреу мені жақсы көрсін десем, алдымен оны жақсы көруім керектігін, біреу мені сыйласын десем, алдымен оны өзім сыйлауым керектігін түйдім. Өзгеге өзіңе тілегендей жақсылық тілемейінше, шынайы сүйіспеншілік ешқашан қалыптаспайды. Ынтымақ пен ырыстың бастау көзі – көркем мінезде, ал көркем мінез – адамдығымыздың айнасы.

Қаншайым Байдәулетова

Шыңғыс Айтматов шуағы (Аға-дос туралы эсселер)

Мұхтар Шаханов   

Сексенбай мен Тоқсанбай тудыру проблемасы

2007 жылдың мамыр айында Малайзия мемлекетіне жүргелі тұрғанымда Бельгиядан Шікең телефон соқты.

Жолсапарға шыққалы жатқанымды білген соң: «Егер мүмкіндік тапсаң ол елдің қазір зейнетте жүрген бұрынғы Премьер-министрімен жолығуға тырыс. Өте парасатты адам. Қазір өзің жиі көтеріп жүрген ұлт, тіл проблемасын ол кісінің қалай шешкеніне назар аударып көрші», – деді.
Екі күн бұрын Астанада, Парламенттегі қабылдау бөлмеме жасы 83-ке көтерілген бір қарт кісі келген-ді. Қала маңындағы шаруашылықтардың бірінде тұрады екен. Маған әкелген қымыз толы месін парламенттің жіті көз сақшылары өткізбей жатқандықтан, ақсақалдың өтініші бойынша оларға телефон соғуыма тура келді. Қарт өте әбжіл қимылды, ұлтжанды адам екен. «Бәйбішем жеті жыл бұрын қаза тапты, – деп ол әңгімесін бастады. – Шыңғыс Айтматов екеуіңіз жазған кітапта Сіз жүзге жақындаған Жамбыл ақынның үйленбекші болғанын, оған облыс, республика басшылары қарсы шығып мүмкіндік бермей қойғанын, кейіннен Жамбыл ауырып қалғанда көңілін сұрай барған әлгі басшылардың өздері бір ыңғайсыз жағдайда қалып, өкінгенін суреттейсіз. Менің де денсаулығыма қарап, құрақ ұшқан келіндерім жоқ емес, бірақ әр қарт адамда науқастанған шағында тек жұбайы ғана араласа алатын мәселелер болады. Тура соған жақын оқиға өз басымнан өтті. Не керек, ері қазаланып, жесір қалған бір келіншекпен тағдыр қостым. Жылға жетер жетпес уақытта, қошқардай Шыңғыс атты ұлды дүниеге әкелді. Біреулер «бұл сексеннен асқанда көрген перзентіңіз, сондықтан нәрестенің аты «Сексенбай болсын» деген де ұсыныс айтты. Көнбедім. Жұбайым менен 46 жас кіші. Бірақ, құдайға шүкір, өзін менімен өте бақытты санайды. Алғашында әйелім егіз ұл туса бірінің атын Шыңғыс, бірінің атын Мұхтар қоямын деп жүргенмін. Келесі ұлымның аты сөз жоқ Мұхтар болады. Мұны Шыңғыс екеуіңізге деген үлкен құрметімнің белгісі деп қабылдағайсыздар. Ал, сонша жерден қымыз көтеріп әкелген себебім, күні бүгінге дейін терең мән берілмей келе жатқан қымыздың дара қасиетін сізге ұқтыра түссем деген ой еді. Өйткені ұлт, тіл жөнінде туған халқының ұлтсыздарымен кескілескен күрес жүргізіп жатқан адам, өзінің денсаулығы жағынан да қарсыластарынан әлдеқайда биікте тұруы керек деп есептеймін».
Шікең екеуіміздің есімімізді дүниеге жаңа келген егіз ұлдарына қатар қою Қырғызстанда да, Қазақстанда да бірнеше дүркін кездесті. Ол жөнінде газеттер де жарыса жазысты. Тіпті бір қырғыз ақынының:

«Екі халық достассын,
Қазақ пенен қырғыздай.
Екі жігіт достассын,
Мұхтар менен Шыңғыздай» деген жыры да қырғыз жұртына белгілі. Әрине, бұл арада Айтматовтың бүкіл әлемді мойындатқан дара даңқы, ал менің қазақ пен қырғыз арасындағы елдік, ұлттық мүдделерге дамылсыз ден қойғандығым әсер етсе, екіншіден, екеуміздің ел арасына кең тарап кеткен, бір-бірімізге деген шынайы бауырластық, достық ықыласымыз сеп болса керек.
Малайзияға жүрер алдында өзіммен сапарға бірге шығатын Марат Сәрсенбаев деген Қазақстандағы «Халал» комитетінің төрағасына, қымызды өзінің күнделікті тағамына айналдырып, 83 жасында Шыңғыс атты ұл тудырған қарт туралы айтып ем, ата-салтымызға ерекше құрметпен қарайтын ол Малайзиядағы Қазақстанның Елшісі боп қызмет атқаратын Мұхтар Тілеубердинге он литр қымыз ала барыпты. Өкінішке орай, біз Малайзияда болған шақта Шікең айтқан экс-премьер-министр шет елде жүр екен. Әйтсе де Малайзияның королімен және оның жұбайымен кездесуімнің, тіпті олармен Жетпісбайлар, Сексенбайлар тудыра алатын қымыз құдіреті жайлы әзілдесудің де сәті түсті. Енді сол кездесуіміздің негізінде қарттықты мойындамауға үндейтін, Малайзиядан оралғаннан кейін іле-шала жазылған «Қымыз және қарттық шақ, Малайзия королінің жұбайы немесе Айтматов неге өкпеледі?» деген әзіл өлеңді назарларыңызға ұсынайын:

«Бізбен жарқын амандасты Малайзия королі,
Қимылынан байқалғандай іскерлігі өрелі.
Ал әйелі ұшқын шашқан көзінен,
Әлдеқайда жастау екен өзінен.
Ұлттық тағам әрбір ұлттың мақтан тұтар еншісі,
Екеуіне қымыз құйды Қазақстан Елшісі.
Әдетінше биліктегі сан тәкәппар серінің,
Қымызды олар шетке ысырды, сәл тигізіп ерінін.

Мұндай сәтте ұзақ үнсіз, тілсіз қалу мәнді ме?
Екеуіне қарап тұрып бастадым мен әңгіме:
– Король мырза, біздің қазақ елінде,
Жолы дархан, орын алған сенім, құрмет төрінде
Жетпісбайлар, Сексенбайлар, Тоқсанбайлар тіптен көп.
Содан талай қартымыздың жастық-шағы біткен жоқ.
Шын еркектік көп қанатты, көп санатты, жоталы,
Ері сексен, тоқсан жасқа келген кезде тоқалы
Ұл туса оған Сексенбай деп, Тоқсанбай деп ат берген
Ұлтымыздың шалдарына құдай сондай бақ берген.
Бұл жағынан еліңізде үлгі етердей ғасырға,
Еркек бар ма ұл туғызған сексен-тоқсан жасында? –
Деп сұрап ем, екеуі де жарыса бас шайқады.
– Міне, – дедім, – мына қымыз басқаша әуен айтады.
Қымыз алпыс ауруға ем, дене мұңнан аршылар
Қымыз жалқау шалдардың да еркектігін қамшылар!..

Осы сәтте маған күле, оймен қарап шынайы,
«Кәне, іш» деп ерін түртті корольдің жас жұбайы.
Біраздан соң екеуі де үзгендей бір шідерді,
Қымыз толы нән кесені тартып-тартып жіберді…

Өмір – жарыс, болсын әркез шаттық ұзақ, мұң қысқа.
Қымыз, король жайлы айтып ем аға-досым Шыңғысқа:
– Сен қымыздың елден-ерек құдіретін сұрапыл,
Жетпісбайлар, Сексенбайлар тудыра   алар қуатын
Неге есіме салмағансың жеңгең  жастау кезінде?..
Енді ол істі жалғау жағын  қалдырамын өзіңе.
Қартаймауда жатыр біздің шын еркектік бағамыз, –
Деп көзінен жас аққанша  күлген еді ағамыз.

Жастық рухты сақтап қалу ерлікпен тең ұққанға,
Көп жыл бұрын  Айтматов жетпіс жасқа шыққанда:
– Шалым, қарттық-шақпен,  міне, келіп тұрсыз бетпе-бет –
Деп ем, үш күн сәлемдеспей жүрді маған өкпелеп.

Иә, қарттықты мойындамау ердің басты құралы,
Жастық кімде?  Бақыт соған қайсар мойнын бұрады.
Қайсар, шыншыл еркек қана елдік мүдде шынары.
Өмір мені Айтматовқа іні етіп сынады.
Қазір жасым ұлғайса да, сөнбей өрлік құмары,
Біреу «шал» деп айта ма деп  зәрем ұшып тұрады…»
Алматыда бір топ қонақтармен қымыз ішіп отырып және олардың қолқалауымен осы өлеңді оқығанымда, Шікең:
– Сен менен 14 жас кіші болсаң да қарттықты мойындамау идеясы ортақ мақсатымыз боп қала бергей. Ал мына жырың жұрттың қымызға деген ықыласын бұрынғыдан әлденеше есе арттыра түсіп, Жетпісбайлар мен Сексенбайлардың дүниеге келуін көбейтсін. Өлеңде айтылған ойымды қайталайын. Енді менен қайран жоқ. Бірақ келіндердің рұқсатымен қымызқұмар, қарттықты мойындамайтын қайсар еркектерге жол ашылғай! – деп әзілдеп еді. Сосын ол Бішкекте кейбір қымызқұмар қалталы кәсіпкерлердің едәуір бөлегі екі әйел алуды модаға айналдыра бастағанына тоқталды.
– Мәселен мен біздің Отырардан шыққан, қазір Шымкент қаласында тұратын Байбосын Зұлпыхаров деген жігітті білемін, – дедім оған. – Қайбір жылы өзіңіз Шымкентте болғанда сол азаматпен таныстырғым-ақ келді. Сәті түспеді. Жансұлу, Неля атты екі жұбайы бар. Екеуі де Байбосынға өлердей ғашық. Бір ғажабы екі әйелі де бір-бірін ерекше сыйлайды. Әрқайсысының жеке-жеке отауы болса да, бірінің үйіне Байбосын қонақ ертіп келсе, екіншісі сол арадан табылады және зыр жүгіріп қызмет етеді. Екі әйелден өрбіген перзенттерінің де бір-біріне деген ықыласы, құрметі ерекше. Өзім талай рет екі келіннің өз күйеуіне және ол қадірлеген, сыйлаған адамдарға, тіпті ол ұнатқан заттарға, тамаққа дейін жан сүйсінтер риясыз көңілін көріп риза болдым. Қалай десек те екі әйелдің бір еркекке жарыса ғашық болуы, оған еркек жүрегіндегі жауап сезім жаңғырығының үндесуі, әрі осы қуаттардың бір шаңырақ астында күш жинауы, әлі терең зерттелмеген сала.
– Қап, маған ол жігітті бекер таныстырмаған екенсің, – деп таңдана жымиды Шікең. – Бұл арада екі келіннің өзара ішкі достығы, бірлік қуатына деген ортақ мүддесі салтанат құруы ғажап емес. Екінші жағынан жігіттің өз жанұясын үйлестіру, бірлестіру идеясы іске жақсы қосылған сияқты. Әйтпесе әйелдер табиғатында дәл осындай бірлік өте сирек ұшырасатын жәйт.
– Мен сізге, өзімді таң-тамаша қалдырған бір оқиғаны әңгімелейін, – дедім Шікеңе. – Қызылордада бір еркектің, бір шаңырақ астында, бір-бірімен ерекше татулықта тұратын үш әйелі бар екен.
– Бұл әңгімең сәл-пәл қиял-ғажайып ертегіге ұқсап барады, – деді Шікең күлімсіреп.
– Әңгіменің ерекшелігі де сол қиял-ғажайып ертегіге ұқсауында, – дедім мен. – Нақ осы дәуірде үш әйелді қабат алу және оларды бір шаңырақ астында бірлікте, татулықта ұстап отыру мүмкін емес екені айдан анық. Әлгі жігіт мұндайда бірден алдыңғы қатарға шығатын әйел өзімшілдігі мен пенделігін тұқыртатын мынадай дөрекілеу әдіс қолданыпты. Алғашқы күннен-ақ үш әйелдің бірі күйеуіне өз күндесінің үстінен арыз айтады. Жігіт оны үнсіз тыңдап алады. Сосын үш әйелін қатар отырғызады. Арыз иесінің пікірін қалған екеуінің құлағына жеткізеді. Домбырасын қолына алып Құрманғазының «Кісен ашқан» күйін желдірте орындайды да, «Бірлікке тас ату – сатқындық» деген өзінің қанатты сөзін күй ырғағымен үстемелете қайталап, қамшымен үш әйелін бірдей сықпырта сабап шығады. Келесіде тағы да бір әйелі өзіне ұнамаған күндесінің бірін, немесе екеуін қатар жамандап арыз айтқанда, жігіт тағы да әлгі тәсілді қолданады. Негізінен арыз иесі айыпты болғанымен, қалған екеуінің сол тұста күнәсі жоқ қой. Бұл тек біреуі арыз айтса бітті, «Кісен ашқан» күйінің ырғағымен «Бірлікке тас ату – сатқындық» дей отырып, үш әйелін бірдей қамшының астына алады. Басты идея мынау: Жұбайлары қандай жағдайда болсын бір-бірін жамандап арыз айтпауы керек. Ақырында үш әйел қызғанудан, пендауи көре алмаушылықтан сап тиылып, бір-бірінің адамгершілігіне, рухани парасатына, басқа да жақсы қырларына назар аударып, өзара тату-тәтті күн кеше бастайды. Міне, осындай жанұя бүгінгі таңда Қызылорда қаласында ғұмыр кешіп жатыр. Бұған не дейсіз?
– Кейде қара күштің де бірлікке, ізгілікке, кейде тіпті махаббатқа да қызмет етер кезі болатынын мойындамасқа шараң жоқ, – деп ойлана жымиды Шікең. – Екеуміз бірлесіп жазған кітаптың «Біздің өміріміздегі әйелдер…» атты бөлімінде әлемнің түрлі-түрлі жерінде жұбайлық өмірдегі сан қилы толқулар мен шалқуларға тоқталмадық па? Бәлкім, өмір осындай қайталанбас қызықтарымен мазмұнды шығар… (Бұл арада кітаптың сол Шікең нұсқаған бөлімінен үзінді келтіргенді дұрыс көріп отырмын):
«Айтматов. …Махаббаттың басты тұғыры – тұрақтылық десек, оны өткен ғасырларда әр ұлт пен ұлыс өз түсінігі мен нанымының, діни сенімінің деңгейінде бағалаған. Бағзы дәуірлерден қалған жылнамалар мен тас, қағаз бетіне салынған гравюралардан, қара жер қойнынан табылған саркофагтерден ері өлген жесірлердің өз еріктерімен отқа өртеніп, махаббат құрбандығына айналғанын көреміз.
Тас ғасырының мұндай жантүршігерлік салты жер шарының қай ендігінде де болған. Мәселен, Қытайдың Гайнан аралының тұрғындары қайтыс болған ер-азаматтың үстін жібекпен немесе жылқы, сиыр, қой терілерімен бүркеп, жанына әйелін тірідей таңып, астынан от қойған. О дүниеге жұбайлар бірге қадам басса, жер бетіндегі бақытты тірлігі сол қалпы жалғасады деп сенген.
Мұндай таңғаларлық фактілерді Геродоттың және басқа да көне ғасырлық тарихшылардың жазбаларынан жиі кезіктіреміз.
Көп әйелі бар еркек өлсе, күйеуімен бірге о дүние есігін сүйікті әйелі ашу керек деген ұғым салтанат құрған. Сол үшін де жесірлерінің арасында бір-бірімен бет жыртысуға дейін барған дау-жанжал басталады екен. Өлген адамның достары марқұм тірлігінде қай әйелін қандай дәрежеде сүйіп, құрметтегенін дереу сарапқа сала қояды. Ақыры, таңдау бір әйеліне түседі. Ол әйелдің қуанышы қойнына симай, зор мақтанышқа кенеледі. Сол сәтте әлгі әйелді жақын туысқанының бірі өлтіріп, күйеуінің жанына жерлейді. Өзге тірі қалған жесірлер қызғаныштан іштері күйіп, пұшайман халге түседі. Өйткені оларға күйеуінің соңында тірі қалудан асқан қорлық жоқ болып саналған.
Ежелде Жаңа Зеландия тұрғындарының көсемі қайтыс болса, жиналған ел-жұрт бәйбішесінің қолына арқан ұстатады екен. Ол міндетті түрде орманға барып, өз еркімен асылып өлуге тиіс. Бұл оның махаббатқа деген адалдығын көрсетеді.
Осы тәрізді түсінік пен «ғашықтығын дәлелдеу» салты ертедегі скифтерде, гректер мен литвалықтарда да кеңінен өріс алғанын білеміз.
Ал Сүлеймен аралында тұратын тайпа басшысы көз жұма қалса, қарамағындағы халық оның әйелін тұншықтырып өлтірген. Сонымен қатар басшының жақын тұтқан ағайындары, қызметшілері жедел түрде улы өсімдіктің сөлін ішіп, есеңгіреп, басшы моласының жанына барып, асылған. Өйткені ел ардақтаған сыйлы адамды о дүниеге жалғыз жіберуге болмайды деген түсінік үстем түсіп отырған.
Тіпті кейбір тайпаның бойжеткендері болашақ күйеулері өле қалса, әзір тұрсын деп, тұрмысқа шықпас бұрын мойнына жіп орап жүрген. Ал Фиджи аралындағы сомо-сомо тайпасының атақты қолбасшысы Рамбити теңіз апатына ұшырап, суға кеткенде, соңында қалған он жеті жесірі түгелдей өлтірілген. Намен елді мекенінде біреудің сексен әйелі бірдей құрбандыққа шалынып, айнала қызыл қанға бөккенін жылнама беттері айғақтайды.
Шаханов. Бұл арада, сірә, махаббаттан гөрі, мистикалық консерватизм мен жан дүниенің көрсоқырлығы жайында айтқан жөн шығар, әрі өзі – жан шошырлық нәрсе ғой. Ертеде Африка тайпаларында көсемі, не көсемінің сүйікті әйелі өлсе, қызметші құлдарын да қоса көметін дәстүр болған. Құрбандыққа бас тіккен олар мұны өзіміздің қасиетті парызымыз деп білген. Осындай бір жабайы салт орындалар кезде қапияда жолыққан еуропалықтар өлгелі түрған құлдарға араша түседі. Сонда құлдар: «Көсемімізді о дүниеде кім күтіп-бағады?» – деп, ақ адамдарға наразылық білдіріпті.
Үндістанның найар атты көне тайпасының жұбайлық өмірі өзгелерден тіптен бөлек. Жігіт үйленгенмен, жұбайымен бір шаңырақ астында тұрмайды. Күйеу өз отбасында, әйелі де сол сияқты әке-шешесімен бір үйде тұра береді. Күйеуімен жолығысар сәтті зарыға тосқан әйелі жыл сайын бірнеше күнге ғана балаларын ертіп келіп, ер-азаматының қасында болып қайтуға еркі бар. Ал жиі кездесуге тайпаның дәстүрі, салты жол бермейді. Тіпті бұл масқарашылық болып есептелінеді. Және жұбайлар өмір бойы бір-біріне материалдық жағынан жауапкершілік жүктемейді. Әркімнің күнкөрісі өзінде. Бір қызығы, тайпада айырылысу деген өте сирек кездесетін құбылыс екен. Бәлкім, бұл ұзақ жылдар бір шаңырақтың астында тұрып, жұбайлық өмірдің күнгейлі-көлеңкелі шақтарын бастарынан жиі кешпегеннің әсері шығар.
Сол сияқты даяктардың үйленуі мен ажырасуы да өзгелерден ерекше. Бұл халықтың өмірін жете зерттеген Пьер Пфеффер былай деп жазады: «Мұнда еркектермен қатар әйелдер де ажырасамын деп талап қоюға ерікті. Бұл даяктар өмірінде ешқандай драма туғызбайды».
Бір таңғаларлығы, ерінен айырылысқан әйел екінші мәрте тұрмыс құрса, алғашқы күйеуі олардың құрметті қонағына, тіпті әйелдің кейінгі жарының досына, туған ағасына айналатын көрінеді.
Міне, шуда жіптей шатасқан әртүрлі наным, түсініктің төңірегінде қаншама ұлт пен ұлыстың жұбайлық ғұмыры, азапты махаббаты жасырынып жатыр!»
– Бірақ бір мәселе жөнінде пікіріміз айқын болуы шарт – деп әңгімесін жалғастырды Шікең. – Кейде біреулердің екі немесе үш әйел алғанына үдере қарағанымызбен олардан өрбіген, яғни ата-анасының мейірімін сезініп өскен сәби мен тастанды, ата-анасының мейірімін мүлде сезінбей есейген бүлдіршіннің арасында жер мен көктей айырмашылық болатынын терең пайымдай бермейміз. Бір мысал келтірейін. Жамбыл малдәрігерлік техникумында оқып жүрген кезім. «Коневодство» пәнінен сабақ беретін, Ленинградтан келген қарт ұстазымыз қала сыртына алып барды. Қалың ағаш арасындағы шағын көкорай алаңда арқандаулы тұрған бие мен құлынның табиғатына байланысты сұрақ жауап өрбітті. Сонан кейін демалыс сағаты жарияланды. Бір кезде жақын маңнан мысықтың жан ұшыра, булыға шыңғырған ащы дауысы естілді. Солай қарай бұрылсақ, бір курстас жігітіміз жабайы мысықты ұстап алып, төрт аяғын түгел матап, мойнынан қылқындыра тұзақтап, имек ағашқа асып қойыпты. Әрі өзі соған шаттана, масаттана қарап тұр екен. Қасымдағы бала қалтасынан бәкісін алды да: «Тіршілік иесіне осыншама азап беруге бола ма?» деді де жіпті кесіп жіберді. Мысық топ етіп жерге құлады. Жігіт көзі ақилана ызаланып, қасымдағы баланың алқымына қолын салып: «Бұл сенің әкеңнің мысығы емес қой. Біреудің ішкі шаруасына араласуға қандай хақың бар? Білгің келсе айтайын, кез-келген тірі жәндіктің азап шеккенінен өз басым ләззат аламын» деді. Мен ара түспегенде олардың бұл жағаласуы төбелеске айналып кетуі мүмкін еді. Кейіннен әлгі жітіттің «кез-келген тірі жәндіктің азап шеккенінен өз басым ләззат аламын» деген сөзі бізді сан-салалы ойға жетеледі. Сөйтсек ана жігіт ата-ана мейірімінен мүлде бейхабар, анасы ойнастан туып, көшеде қалдырып кеткен, қашан есейгенше жетім балалар үйінде тәрбиеленген адам болып шықты. Міне, ата-ана мейірімін көрмей өсудің осындай өзіндік қасіреті мен өшпенділігі қатар жүретініне сол жолы тұңғыш рет көз жеткіздім.
– Кеңестер Одағының кезінде мейрімсіздік пәрмені мемлекеттік саясатқа қызмет етті – дедім мен. – Новосибирск қаласында кілең ата-ана мейірімін білмей өскен, мүмкіндігінше тастанды балалардан құрылған әскери топ салтанат құрды. Әрі мұндай қаныпезер топтың бар екендігі жұрт назарынан мүлде жасырын ұсталды. 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы кезінде, билік «Метель» операциясын сынап көру мақсатында осы қаныпезер топты жасырын түрде енгізген еді. Алаңға қарусыз жиналған жастарды аяусыз соққыға жыққан да, олардың едәуір бөлігінің жанын жаһаннамға аттандырған да, қолға түскен жігіттер мен қыздарды алаң шетінде 20 градус аязда, мұз үстіне бірнеше сағат бойына етбетінен жатқызып қойған да, кейіннен оларды бірі шашынан, бірі аяғынан ұстап, үсті ашық мәшинеге, отынға әзірленген ағаш сияқты лақтырған да осы топ болатын. Ата-анасының жүрек жылуын, шуақты мейірімін көріп өскен солдаттар қанша жерден тапсырма алғанымен шектен шыққан зұлымдық қимылға бармайтыны белгілі. Ал мына топ керісінше, ондай жантүршігерлік қимылдан ләззат алады. Отыздан астам мәшинеге сықай тиелген жастарды қаладан 30-40 шақырым жерге алып барып, жігіттерді шетінен соққыға жығады. Есін жинаған еркектердің аяқ киімін шештіріп, кейбіреулерін тырдай жалаңаш күйінде 20 градустық аязда үйіне жалаңаяқ қайтуға рұқсат береді. Қыздарды түгелдей зорлап, «болашақта бала көтермесін» деген ниетпен бірнеше сағат бойына іш киімсіз мұз үстіне отырғызып қояды. Мұндай зұлымдық харекетке кезінде Гитлердің фашистері де бармаған. Себебі, олардың қарамағында Желтоқсанның рухани көтерілісі кезінде өз бетпердесін толық түрде ашқан, ата-ана мейірімінсіз, шуағынсыз, сәулетінсіз ержеткен, кілең жетімдерден құралған арнаулы топ жоқ еді. Қаншама ғасырлар бойына адам баласы онша мән бермей келген, әркімнің жеке шаруасы боп есептелетін, ата-ананың балаға деген мейірім шуағы төңірегінде осындай үлкен қауіпті мүдде бой тасалап жатады деп кім ойлаған?!
2008 жылдың желтоқсан айында Үрімші тұрғындарының шақыруына орай Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр автономиясында болып, үш мың адамдық үлкен залда поэзия кешін өткіздім. Жұрттың айтуынша билет жетпеген тағы сонша адам сыртта қалып кетіпті. Қытай полициясы лек-легімен ентелей ұмтылған жанкүйерлер арасымен әйелім Қаншайым екеумізді қонақ үйге апаратын көлікке дейін әзер алып барды. Үрімші қазақтарының поэзияма деген ықыласы таң қаларлық екен. Олардың арасынан бір емес бірнеше поэмамды сағаттап жатқа соғатын адамдарды кездестірдім. Тіпті поэзиядан хабары жоқ деген жұрттың арасынан бір шумақ жырымды жатқа білмейтін адам табу қиын сияқты. Келесі күні таң елең-алаңда, сағат 7-ге жақындағанда есік қағылды. Ашсам, есік алды топырлаған жұрт. «Аға, біз Қытайдың алыс аудандарынан келген 200-ден астам адам, кеше өзіңізге жақындау мүмкін болмағандықтан, қолтаңбаңызды алып кетейік деген үмітпен, түні бойы ұйықтамай, оянар шағыңызды күтіп тұр едік» деді біреуі. Жасыратыны жоқ, мұндай көзсіз ықыласты еш жерден, тіпті өзімнің туған ауылымнан да көрген емес едім. Амалсыздан поэзия жанкүйерлерін мені ертіп жүрген адамдар бір-бірлеп бөлмеге кіргізіп отырды. Көпшілігінің қолында Үрімшіде бірнеше дүркін басылған «Жаңа қазақтар», «Дәуір дастандары» атты өлең жинақтарым мен Шыңғыс Айтматовпен бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты сырласу кітабы. Бұл кітап мұнда алты рет басылып шығыпты. Кейбір басылымдары тіпті жүз мың данамен тарапты. Жанкүйерлер арасында екі-үш ұйғыр бауырлар да бар екен. «Құз басындағы аңшының зарының» ұйғыр тіліндегі аудармасын тұңғыш рет солардың қолынан көрдім.
Шікеңнің қаза болғанына 5 айдан аса уақыт өткен. Қолтаңба алушылардың басым көпшілігі: «Айтматов ағаңыз әрі досыңыз еді ғой, иманы саламат болсын. Ол кісіні жоғалту бәріміз үшін үлкен қайғы» деп көңілін білдіріп жатты. Шікеңнің барлық шығармалары қытай тілінде әлденеше рет басылыпты және осындағы өзге халықтардың тіліне де молынан аударылыпты. Бұл елде Айтматовты білмейтін адамды іздеп табу едәуір күшке түседі екен. Бір жоғарғы оқу орнындағы кездесуде екі-үш қытай ғалымы жолығып өзінің Айтматов шығармалары төңірегінде диссертация қорғағанын мақтанышпен айтты. Үрімшідегі аға-досыма деген риясыз құрметтің бүгінгі таңда ұлтсыздануға, рухсыздануға бет бұрған қырғыз жеріндегі ынта-ықыластан әлдеқайда жоғары екеніне көз жеткіздім.
Жергілікті халқы 21 миллионнан асатын Шыңжаң Ұйғыр автономиясы өлкелік саяси кеңесінің төрағасы Асхат Керімбайұлы мен Халық Үкіметі төрағасының орынбасары Тілепалды Әбдірешитұлының қабылдауынан кейінгі қонақасыда Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер вице-министрі қымыз толы кесемен қасыма келіп: «Мұхтар мырза, жұмыс барысында араласып жүретін бір-екі қазақ пікірлесім болса да олар маған қымыздың мынандай дара қасиетін айтқан емес. Сіздің өлеңіңіз менің қымызға деген мүлде жаңа құлшынысымды оятты» деді де менімен кесесін соғыстырды.
Өзім қызмет істейтін «Жалын» журналына бір қария келді.
– «Жас Алаш» газетіне жарияланған өлеңіңізді оқыдым. Мен де қымызшылмын, әрі сіздің аға-досыңыз Шыңғыс Айтматов сияқты біреу шал десе өкпелейтін адаммын, – деді ол қулана жымиып. – Жасым сексенге мінсе де жақында нәрестелі болдым. Соны сізге айтып мақтанайын деп әдейі келген бетім еді.
Журнал редакциясында белгілі қаламгер Құдияр Біләл екеуміз Шакизада Сүлейменова деген ұлтжанды қарындасымыздың қолымен қарияға арнап дастархан жайдырдық, нәрестеге «жол болсын» айттық.
– Аға, – дедім біраздан соң қарияға бұрылып. – Қарттар арасында Сексенбайлар, Тоқсанбайлар тудыру дәстүрі кейінгі жылдары шегініске түсіп тұр. Асанәлі Әшімов деген атақты әртіс ініңіз осыдан екі-үш жыл бұрын бір Жетпісбайды дүниеге әкеліп еді, соның өзі еркектер арасындағы үлкен жетістік санала жаздады. Бірақ біз жуырда ол ініңіздің алдына Сексенбай тудыру міндетін қойдық. Енді Сізге де қояр талабымыз бар.
– Егер қолымнан келсе орындауға әзірмін, – деді қария құлшынып.
– Келеді, – дедім мен сеніммен. – Сіз, міне Сексенбайды дүниеге әкелдіңіз. Біздің қазақта Жүзбай деген де есімдер аз кездеспеген. Оның не үшін қойылғанын өзіңіз жақсы білесіз. Енді Сізге жүктелер талап, Сексенбаймен шектеліп қалмай, тоқсан жасыңызда Тоқсанбайды дүниеге әкелсеңіз, сол қуанышқа арналған үлкен тойыңыздың шығынын түгелдей мен көтерер едім.
– Әйелім қаза болғаннан кейін үйленген жеңгең, яғни Сексенбайдың анасы – қазір 36-да. Он жылдан кейін 46-ға шығады, – деді қария басын сипап ойланып. – Бәлкім, жарап қалар. Келістік!
Сөйтіп екеуміз қол алыстық.
Әттең, Шікең тірі тұрғанда ризалықтан әрі шаттықтан бұл әңгімеге көзінен жас аққанша күлер еді.

«…Құдай сақтасын, Қырғызстанның президенті боп кете жаздадым»

Мұхтар ШАХАНОВ   

1991 жыл. Мәскеуден Шыңғыс Айтматов телефон соқты.
– Құдай сақтады, – деді ол амандық-саулықтан соң. – Сәл болмағанда Қырғызстанның Президенті боп кете жаздадым. Қазат досың айтты ма?


– Иә, айтты. Бүкіл Парламент бір жарым сағат бойы Сіздің келісіміңізді күтіп тұрыпты. Мақұл дегеніңізде Қырғыз Республикасының Президенті боп шыға келер едіңіз. Бұл шешіміңізбен Сіз әсіресе маған көп залал жасадыңыз, – дедім мен өкпелегендей дауысымды қатайтып.
– Неге, қалай? – деді ол ештеңеге түсінбей.
– Қалайша түсінбейсіз? Сіз мені қырғыз еліне барғанда Қырғыз Президентінің іні-досымын деп шалқып жүру бақытынан айырдыңыз. Енді қырғыз бен қазақта ғана емес, бүкіл әлемде Сіз сияқты Президенттіктен нақ бір жылан көргендей үркіп, бойын ала қашатын адам табылмасы айқын, – дедім бағзы әзілқойлығыма басып.
– Мүмкін. Бірақ әркім өзінің елдік, ұлттық, халықаралық мүмкіндігін есептеуі керек қой, – деді ол.
– Қайдағы мүмкіндікті айтасыз? Қазіргі көсемсымақтар арасында елдік, ұлттық рухани парасаттан жұрдай, тек қарын мүддесі үшін қызмет етіп жатқандар аз ба? Бәлкім, Сіз жиырмасыншы ғасырдың пендешіліктен ада, материалдық жеке мүдде қазанының күйесі жұқпаған ең таза Президенті болар едіңіз. Тым құрыса, осы жағынан үлгі көрсетуіңіз әбден мүмкін еді…
– Жоқ, сен бір мәселені есепке алмай отырсың, – деді ол сабырмен. – Қазіргі рухсызданған дәуір талабы басқаша мінез қалыптастырды. Ашқарақтанбаған, қанағатсызданбаған, ұлтсызданбаған және шындығы өтіріктенбеген адам толыққанды Президент бола алмайды…
Енді қырғыздың дарынды жазушысы, сол жылдардағы Қырғызстан демократиялық партиясының төрағасы Қазат Ақматовтың естелігіне жүгінелік:
«Жаныма Төлеміш Өкеев пен Барпы Рыспаевты алып, Шікеңе хабарласып ем, үйінде екен.
Айтқан жаңалығымды әбден тыңдап алған Айтматов: – Менің Президент болуға дайындығым да, ықыласым да жоқ. Ниеттеріңе мың да бір рақмет, бұл – өте жауапты әрі мәртебелі орын. Сондықтан оған экономист, заңгер немесе ауыл шаруашылығының маманы лайық. Жазушылық өнерімді лауазымға айырбастағым келмейді. Ойымда жүрген көптеген дүниелерім бар, соны іске асырсам да, жетер, – деп азарда-безер болды. Келісіміңізді берсеңіз бітті, Президент болып сайланып тұрсыз дедік. Расында да, бұл сөзімізде үлкен шындық жатыр еді. Егер Айтматов: «Жарайды, өздерің біліңдер», – дегенде, парламенттің оны Президент етіп сайлайтынына титтей де күмән жоқ.
– Өзіңіз кімді ұсынар едіңіз? – дедік, ақыры көнбейтініне көзіміз анық жеткен соң.
– Бәрекелді, жөнге енді келдіңдер, – деді ол жұмсарып. – Мысалы, мен президенттікке Асқар Ақаевтың кандидатурасын ұсынар едім.
– Сіздің атыңыздан парламентке осылай деп ұсыныс түсіруге бола ма?
– Иә, парламентке менің атымнан сәлем айтыңдар. Асқарды сайласа, елге де, өздеріңе де дұрыс болады.
Сөйтіп… Асқар Ақаев Қырғыз Республикасының тұңғыш Президенті боп сайланды».
1996 жылғы сәуір айының басы. Бельгияға, Шікеңе телефон соғып:
– Біріккен Ұлттар Ұйымының болашақ Бас хатшысына жалынды сәлем! – деп әзілдедім.
– Осы қауесетті кім шығарып жүргенін білдің бе? – деді ол таңданғанын жасыра алмай.
– Оған ренжуге болмайды. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының босаған орнына әр ел өз арыстандарын ұсынып жатыр. Ал Қырғызда әлемдік деңгейде мойындалған Сізден үлкен арыстан бар ма? – дедім мен. – Кеше кілең Елшілер бас қосып едік, олардың көпшілігі өз мемлекеттерінің Сіздің кандидатураңызды қолдайтынын әңгімеледі. «Мақұл» деп ықылас білдірсеңіз бүкіл жер шарына билік жүргізетін көсем боп шыға келуіңіз әбден мүмкін.
– Әзіліңді қоя тұршы, – деді Шікең дегбірсізденіп. – Бұл қауесет бүкіл Қырғызстанға тіпті шетелдерге де тарап кетіпті ғой. Әркім көрпесіне қарай көсілуі керек емес пе? Осы өсекті қалай тоқтатамыз?
– Президент болудан бас тартқа­ныңыз сияқты ғаламдық деңгейдегі көсем болғыңыз келмесе өзіңіздің Сыртқы істер министріңізге телефон соғыңыз немесе Ақаевқа айтыңыз.
– Бұл идеяң дұрыс екен – деді Шікең.
Арада екі-үш күн өтпей-ақ «Слова Кыргызстана» газетінде (11 сәуір, 1996 ж.) Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы У.Ботобековтың мынадай мәлімдемесі жарияланды:
«В последнее время в обществе усиливаются слухи, что кандидатуру известного писателя, посла Кыргызской Республики в Королевстве Бельгия Чингиза Айтматова собираются выдвинуть на пост генерального секретаря ООН. Некоторые народные депутаты с высокой трибуны парламента заявили об этом, даже внесли в повестку дня очередного заседания Совета народных представителей Жогорку Кенеша.
Как пресс-секретарь МИДа Кыргызской Республики я уполномочен заявить, что эти высказывания не соответствуют действительности. У нашего известного земляка нет никакого намерения и желания баллотироваться на пост генерального секретаря ООН. По словам самого Ч.Айтматова, он никогда и нигде не высказывал таких намерений, и это не входит в его жизненные планы».

Міне, нағыз Айтматовтық мінез, яғни Айтматовтың адами, табиғи феномені.

Бөрілі менің айбарым

 Берік Аташ

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы  

Халқымыздың арғытектік тарихына көз жіберсек, ғұндар империясынан бастау алып, Қасым ханның тұсына дейін жалғасқан әлемге ықпал етудің айқын көрінісін түркілік этноцентризм деп атауға болады. Мұның тылсым деңгейдегі құдіретті күші – ұлттық рухқа келіп тоғысады.

Бұл Рух кейде айтылмайтын қастерлі тыйым, терең түйсікті сана-сезім, заттық түрде айқындалмайтын руханилық күш  ретінде – ұлтжасампаздықтың, этникалық өміршеңдіктің түпкі іргетасы болып келгендігі де түсінікті жайт. Рухты өмірлік күш-қуаттың дара ықпалы,  кеңістік пен уақытқа тәуелсіз мәңгілік шексіздіктің орталық түсінігі деп те пайымдауға болады. Ол белгілі бір жерде, географиялық ортада, аймақта орналаспайтын, одан тыс кеңістіктің қай түкпірінде болсын ықпал ете алатын және уақыттың қай кезеңінде, қай дәуірінде болмасын өзінің күшін жоймайтын тұңғиық тылсымдықты жамайды.

Осы тұтас Рухтың жігері мен қуаты, айбары мен ықпалының тарихи шығу тегіне тоқталсақ, оның діни негіздерін ашып көрсетуге ұмтылсақ ілкі замандардағы бастапқы тиым салулардан тамыр тартқандығын аңғаруымызға болады. Біздіңше, бұл ғұндар дәуіріндегі көк бөрі төтемінен тамыр тартады. Төтем, яғни белгілі бір ұлттың шығу тегін хайуанмен қандық-туыстық жағынан байланыстырып, оны қастерлеу болса, «бөрі» біздің арғытектік ата-бабамыздың қадір тұтқан жануары. 
Бөрі – көне түркілер дәуіріндегі әпсаналық оқиғаларда жиі көрініс табатын орталық түсініктердің бірі, кейде ер жынысты, кейде әйел жынысты, кей кезде адам кейіптенген, ал кейбір оқиғаларында табиғи биологиялық таза қалпын сақтағандығын көптеген этнограф зерттеушілеріміз атап көрсетіп жүр.  Бөріні құрмет тұту жігерлі Рухтың түпнегізін құраушы емес, дәйекті жалғастырушы аралық буыны, заманауи шынайы қажеттіліктерден туындаған ұлтжасампаздықтың ақиқаты, әрі нанымдық-сенімдік сипат алатын  образдылық, ишаралы көрініс деп пайымдай аламыз. Осыған орай, бөрі мен ұлттық жігерлі Рухтың арасындағы байланыстарды былайша анықтап алуымызға болады.  Бөрі көбіне жалғыз жортатын, оқшаулық пен даралықта шыңдала түсетін хайуан. Сондықтан ол  түркі даласындағы оқшауланған өмірі арқылы – өзіне сенімділіктің, өзін-өзі даланың қатал заңдарындағы сынау тәжірибесінің образдық түрдегі жалқы өкілі. Сонымен қатар жалығу мен қорқуды, шаршау мен демалуды, шегініс пен жеңілісті түбегейлі түрде теріске шығаратын  «биороботтық» сипаттағы хайуан  екендігі де шындық.
Оның қасиеттерін халық рухы құп көріп, өзіне тасымалдаған,  тіршіліктік болмысын ұқсатқан, «өзінен – бөріні, бөріден – өзін» көре білудің бейнесін құрастырып, сайын далада тіршілік етудің өзіндік үлгісін қалыптастырған. Сондықтан қасқырдың қазақтарда бөрі, итқұс, құрт т.б. бірнеше тыйым салушылық баламалық атаулары қалыптасқан.
Бөрінің рухтан­дыру­шылық күші – ұлттық Рухтың түпнегізінің  өзін-өзі қайтадан тануында, қашанда өзін-өзі үнемі қайталауында қанағат сезімдерін туғызып отырған. Жігерлі, айбарлы, жаугершіл халық рухы бөрі хайуанының «психикасымен үндескен». Ол  қуатты Рухты реттеушілік,  толықтырушылық, келісімділік қызмет­тер де атқарған.  Яғни бөрі мен Рух өзара кіріктірілген-біріктірілген тұтас құрылым арқылы ұлттық болмысты «қайталады». Міне, осы бөрі мен ұлттық рухтың үндестігінің айбарлы күші арқылы  көшпенділік өркениет пен түркі халқының ғасырлар бойы әлемге қалай үстемдік жүргізгенін, неліктен жарты әлемді билей алғандығын оңай түсінуге болады.
«Бөрі идеясы» халқымыздың байырғы дәуірлерден бергі қалыптасқан философия­сы мен рухы түрінде фольклорда, жазба әдебиетінде, өнерімізде үнемі айшықты орын алып келген болатын. Оның Кеңес заманындағы соңғы көріністерінің бірі – Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» туындысы.  Ол көркем шығарма болғандықтан, көпмәнді түсіндірмелі мәтін. Сондықтан оны толығырақ аша түсуімізге болады. Танымдық-зерделік тереңдік бойынша бірінші сатыда: «Бөрі – жауыз хайуан, адамға зұлымдық әкелуші».  Екінші сатыда тұспалды терең ой бар – «бөрі де, бала да «өзі», демек, бөрі де – төтемдік қазақ образы, кейіпкерлер де – шынайы қазақ, екеуі бірегей сәйкес құбылыс.  Үшінші сатыда – бөрі шынайы генофоны сақталған таза қазақ, кейіпкер орыстанған-отарланған, ұлттық рухы семіп бара жатқан «жартылай қазақ», сондықтан осы тұста шынайы түркілік болмыс рухы орыстанған қазаққа риза еместігін әйгілейді. Бұл ұлттық идея – оқиғадағы кәрі ананың: «қасқырдан қорықпа, қасқырдан бетер адам бар, содан сақ бол!» деген елеусіз ғана айтылған тұжырымымен дәйектеледі. Оқиғаның шиеленісуі бөрінің балаға шабуылымен аяқталады. Демек, коммунистік идеологиялық түсінік бойынша «бөрі мен қазақ» арасында қайшылық қалыптасады.
Ал «Оғызнаме» мен «Қорқыт ата кітабында» қасқыр адам кейпіне енгізілген жағымды бейне, демек, ол исламға, моңғол-татар шапқыншылығына, Ресей­дің отарлаушылығына дейінгі сенім. Оның Тәңіршілдікпен қатынасы байырғы күрделі құрылым елесін береді. Мәселен,  «Иттің иесі болса, Бөрінің Тәңірісі бар» деп тұжырымдалған даналық идеясын  талдап түсіндіріп өтуімізге болады.
Біріншіден, Тәңірінің адамнан жоғары­лығы арқылы бөріні асқақтандыру көрінісі. 
Екіншіден, Бөрінің иесіз емес, табиғи-биологиялық жаратылыстың заңды дамуының нәтижесіндегі белгілі бір қажеттілік екендігін әйгілейтін далалық үйлесімділіктің нышанын сездіреді.
Үшіншіден, Тәңіршілдіктің көкпен тұтасқан, оған теңескен  сипаты арқылы бөріге қамқорлық тым абстрактылы, нақтылы емес.  Олай болса, бір қырынан алғанда, «бөрі  ешкімнің қамқор­лығында емес» болып шығады.  Сондықтан паналауды, қамқорлық күтуді қажет етпейтін өміршеңдік пен эволюциядағы жетілгендіктің ишарасын білдіріп тұр.
Төртіншіден, Бөрі сүйенері мықты, Тәңірлік жаратылыспен бірге болса, ендеше «адамның да Тәңірісі бар» деген белгілі діни жоба ұсынсақ, Бөрі мен адам  ғаламдық жазықтықта өзара теңеседі.
Бесіншіден, Бөрі табиғи таңдаулы әлемдік жүйедегі қадірлі «тұлғаға» өтеді. Бұл «Тәңір асыраған тоқтыны бөрі жемейді» деген халық даналығымен қайтадан  дәйектеледі.
Қазіргі замандағы қазақ ұлдарының Әлем және Олимпиадалық спорттық ойындар­да көбіне жекпе-жек бәсеке­лестікте де, әсіресе бокс, күрес салаларында жетістіктерге жетуі – осы жаугершілік архетип пен бөрілік рухтың заңды биологиялық-генетикалық жалғастығы, өміршеңдіктің мәдени-әлеуметтік шынайы көрінісі.
Қасқырдың көшпенділік өмір салты мен туыстық төтемдік белгісі бірігіп, тұтас арналас сипаттағы бейнені әйгілейді.  Қасқыр далада жалғыз жортуы арқылы – әлемде де жалғыз, оқшауланған, үнемі шынайы қатал өмірмен бетпе-бет кездеседі, оған үнемі «шекаралық жағдайлы» өмір тағайындалған. Бұл сипаттар шындап келгенде, «даладағы жалғыз жортқан атты қазақтың» бейнесіне сәйкестеніп, әсемдік-асқақтықты елестетеді.
Қазіргі заманғы Қазақстандағы «барыс» рәмізі отаршылдық сана қалдықтары арқылы құрастырылған  бөрінің жұмсартылған, келісімді, аралық деңгейі болуы ықтимал, дегенмен ол «жаңашаланған бөрі» ретінде оның қызметтерін толықтыра түсетін қазіргі заманғы тың нышан екендігі де сөзсіз.
Бөрі төтемінде әпсаналық мағынадағы көпмәнділік жамалған, ақиқатында, дала қазағы мен шынайы бөрі сыйыспайды.  Бөрінің шабуылшылдық болып (агрессиялы) сипатталуының мәні: дала қазағына үнемі сақтық пен жауынгерлікке дайындықты, күш пен қуаттылықтың табиғи қажеттілігін, күрескерлік психологияның мәңгілігін ескертіп отыратындай қызметтерді үстемелей түсуімен айшықталады.  Сонымен қатар даланың қатал заңдары мен табиғаттың дүлей күштерін қазақ ұрпақтарына ұғындыратын және бөрі соның өзіне айналатын жаттығулық (тренингтік) сипатты да қамтып отырады.
Қазіргі заманға дейін келіп жеткен, төтемдік сенімдердің элементтерінің бірі – қасқырдың аяғын нәрестенің бесігіне байлап қою дәстүрі. Сөз жоқ, көнеден сақталып келе жатқан байырғы ырым. Бұл құбылыс қоғамдық қарапайым санада: «баланың қорықпауы үшін» деп түсіндіріледі. Бірақ «неден», «қалай» екендігі нақты емес. Біздіңше, бұл Бөрінің рухтандырушылық архетипінің айғағы тәрізді.
Бұдан «қазақ халқы қалай-да тек қасқыр рухты жыртқыш болған екен» деген түсінік тумауы керек. Бөрілік рух – ұлттың өзін-өзі сақтауының ғасырлар бойы сабақтасқан қорғаныш тетігі, географиялық орналасуына қарай  қауіпті көрші мемлекеттерден сақтанудың тұрақтылығын, мәңгілігін айшықтайтын «ырықты-ырықсыз» түрдегі ұлттың тұтас тағдырына тағайындалған түрткі. Яғни байырғы қазақ амалсыздан «бөріленген» деп тұжырымдай аламыз. Ол да өз кезегінде, өз дәуірінде қажетті, маңызды сенім көрінісі болған, өз қызметін, сөйтіп, мүлтіксіз атқарған.
Сонымен қатар, аққуды қастерлейтін – әсемдік, киікті құрмет тұтатын – этика, қыранды қадірлейтін – асқақтық, жыланды құрметтейтін – даналық, жылқы жануарын бағалайтын – өмірмәнділік тәжірибелік-қимылдық  т.б. да хайуанаттардың төтемдік үлгілерінің елесін береді.

Жалғыздық биі

Аягүл МАНТАЕВА   

– Үйден жалғыздықтың исі шыға ма екен?
– Гүлдің және француз әтірінің исі шығады.   
– Жігіттен соңғы рет қашан гүл алғанымды ұмытып қалыппын. 
Көзіне түскен кекілін қайтарып, суық жымиды. 

 

Оның өз сұлулығын мақтан ететінін сезем.
– Жігіттердің жабайы сезімін салқынқандылығым үркітсе керек. 
– Жаңбыр астында жалаңаяқ жүгіреміз бе?
–Жылы жаңбыр емес. Суықтап қаласыз.
– Түсінесіз бе, көктемнің  келгенін сезінбей жазды өткердім.
– Шаршасаңыз, билейік.
– Музыкасыз қалай билейміз?
– Естисіз бе, сіздің де, менің де жүрегімде  жалғыздық ән салады.
Екі қолымнан ұстаған актриса шыр көбелек айналдыра бастады.
–  Егер қараңғылық құшағында мүлгіген әр түнде «Жалғыздық биін» билеп жүрген адам сұлбасын байқасаңыз, ол – менмін. Түнді жаңғыртып, біреу­ді жоқтаған адамдай  жылаған қыз даусын естісеңіз –  ол да мен.    
Оның сөзін ары қарай естімедім. Көз алдым қарауытып, басым айналды.
«Жалғыздық биін» билеуден шаршады білем, қасыма келіп, терезеден жаңбырлы далаға көз салды.  
– Өткеннен есімде ештеңе жоқ. Өзіме қол жұмсамақ болғаным, ажалмен бетпе-бет келгенде, адамның бір тамшы да көз жасына тұрмайтын жалған өмірді қия алмай, жанталасқаным еміс-еміс есімде. Сонда не себепті өлгім келгенін де білмеймін.   
– Өзіңізді өлімге не үшін қиғаныңыздың себебін білесіз, тек оны іштей болса да мойындау өте ауыр.       
– Пәтерден пәтерге көшіп жүрген кезімде жалғызбасты кемпірдің құжырасын паналадым. Қазымыр кемпірдің өлімін мысықтілеумен күттім. Ұйықтап жатқан кемпірді жастықпен тұншықтырып өлтіргім келетін. Кемпірмен бірге дастарқан басында шай ішіп отырғанда да оны өлтіру туралы ой басымнан шыққан емес. Байғұс кемпір өз ажалымен өлді. Сол күні кемпірді емес, өзімді өзім жоқтап жыладым. Америкадан немере қызы мен негр күйеу баласы келіп, пәтерді сатты. Немересі әжесінің зиратының басына да барған жоқ. Сіз болсаңыз, қоқыстан утопия іздеп, қиялмен өмір сүресіз. Шынайы өмірде ойлағаныңыз іске аспай, жаныңыз қиналады, –  деп мұңлы жымиды.
–  Күзді ұнатам. Күзде мен де, сіз де, ол да бетпердесін шешеді.
– Қарапайым өмірді сіз секілділер тым күрделендіріп жібереді. Сосын өзіңізді-өзіңіз адастырып, «Мен күзбін!» деп мұңаясыз. Мұңнан арылғыңыз келсе, өлім жайлы ойлаңыз. Өз ажалыңызбен өлесіз бе, әлде, қастандықпен ажал құшасыз ба, қысқасы, қалай өлетініңіз туралы ойланыңыз.
– Далада аппақ қар жауып тұрған кезде ұйықтап жатып оянбай қалам. Тәнім ұйықтап, жаным аппақ қардың ұлпасына шомылып, рухым мәңгілікпен сұхбаттасып жатады.
– Сіз ажалыңызды күліп қарсы ала алмайтын өте әлсіз жансыз, –  деп мысқылдай күліп, темекісін тұтатты. – Сіздің жүйкеңізбен «психологиялық соғыс ойынын» ойнаған қызық екен.
Темекісін құшырланып сорып, түтінін маған қарай үрледі. Ызам келді.
–  Сіз өзіңізді тым ақылды санайды екенсіз.
Ол мүләйімси күлді.
–  Темекі шекпейсіз бе?
Темекісі құрғырға әуестігім болмаса да ол ұсынған бір талын тұтатып, түтінін жай үрлеп тұрдым. Түтінін аузыма толтырып, екі-үш рет жұтып жібергенде қақалып-шашалып, басым айналды. 
– Сіз тіпті темекіні қалай ұстауды да білмейсіз ғой. Күрделілікке ұмтылып, қарапайымдылықты ұмыт қалдырыпсыз, – деп мүсіркей қарап, жымиды.
– Өмірде кімнің рөлін ойнауды білмей жүрген адам сахнада ешқашан шынайы образ жасай алмайды. Себебі…
–  Себебі, мен рухани мүгедекпін. Сүйгенімді қиялыммен өлтіріп, бетіне мүсіркей қарадым. Бірде бір аяғын тізеден кесіп, мүгедек, мүсәпір етіп,  оны аяп, көзіме жас алдым. Түсінесіз бе, ол маған сол мүгедек қалпымен де қымбат еді. Сіздің мөлдір әлеміңізді кірлетіп жібермедім бе? –  деді мысқыл араласқан мұңлы үнмен. 
–  ?..
–  Үндемейсіз. Жанарыңызда бір үрей бар.  
– Сіз маған шынайылығыңызбен ұнай бастадыңыз. 
– Шынайылық? Қайдағы шынайылық? Менің бүкіл болмысым тек қана жасандылықтан тұрады.
Көзінен мөлт-мөлт жас аққан ол ерекше сұлуланып кетті.
– Алғаш рет он алты жасымда әкеме өлім тіледім. Әкем өлсе, біздің отбасы бақытты өмір сүретіндей көрінді. Жиырма жасымда болашаққа деген үмітімді сөндірген анамды жек көрдім. Себебін сұрамайсыз ба? – деп көз жасын сүртті.
– Маған адамдар құпиялығымен ұнайды. Құпиясын ашып қойған адамдардан тез жалығып кетем.
– Күнделік жазбаймын. Көзімнен аққан жас күнделігімді сарғайтып жібергеннен кейін жазуды доғарғам. Жүрегіме сурет салған қасірет пен үміттің  айқасы күнделігімде бейнеленді. Бала кездегі армандарым тізілген тырналарға айналып, биікке қарай қанат қаққанымен, әлі күнге дейін жылы мекендерін таба алмай адасып жүр, –  деп күрсінді.
–  Балаға ең алғашқы әділетсіздік ата-анасы тарапынан жасалады.
–  Уақытты айтпайсыз ба?
Сағат тақпайтын болған соң сөмкемнен ұялы телефонымды іздедім.
– Сізде мен секілді уақытты сағынасыз, білем ғой. Уақытпен бет-бет келсеңіз, оны үркітіп алмаңызшы, – деді сыбырлай сөйлеп.  
Онсызда күңгірт бөлме ішін қараңғылық құшағына орады.
Пальтомды киіп, қолшатырымды алып, онымен қоштастым.
– Қайда асығасыз? 
– Автобус тоқтап қалады.
–Уақытпен жүріп, уақыттан бәрібір қалып қойдық. Кафеге барайықшы, еңсемізді басқан мұңнан сергіп қайтамыз.
Ол менің келісімімді алмастан, киіне бастады. 
– Біздің үйге «Алтын бұзау» жақын.
Оның ұсынысынан бас тарта алмадым. Бүгін жалақымды алғанмын. Мардымсыз ақша. Қарыздарымды қайтардым. Ертең пәтерақысын төлейтін күн.
Актриса секілді мен де күнделік жазбаймын. Егер күнделік жазып, құпиямды ішіне бүккен дәптер  әлдекімнің қолына түсе қалса, «ақшадан қиналдым» деген жазуды көзі жиі шалар еді.
– «Алтын бұзау»… алтын құлын… Бала кезімде қазақ ертегілерін көп оқитынмын. Бір ертегіде патшаның жыл сайын алтын құлын табатын биесі болады. Бие құлындағанда төлін белгісіз бір алып күш иесі әкетіп қала береді. Биенің құлындайтын күні жақындағанда патша: «Алтын құлынды құтқарған ұлыма тағымды мұра етем», – деп шарт қояды.
– Түнгі күзетте тұрған патшаның үлкен екі ұлы қалғып кетеді. Кіші ұлы да өзін қанша күштегенімен көзі жұмыла бастайды. Бір кезде аспаннан түскен дүлей күштің алтын құлынды әкетіп бара жатқанын көріп, құйрығынан ұстап үлгергенімен құтқара алмайды. Патша ұлының қолында үзілген алтын құйрық қалып қояды.
– Бұл ертегіні сіз де оқыған екенсіз ғой, – деп күлімсіреді. – Ертегінің соңында патшаның кіші ұлы үйіне бір үйір алтын жылқымен оралып, ай десе – аузы бар, күн десе – көзі бар сұлуға үйленіп, бақытты ғұмыр кешеді. Шынымды айт­сам, ертегінің соңын ұмытып қалыппын. Бірақ ертегі осылай аяқталуға тиіс. Себебі, ертегі ғой.  
– Біздің әрқайсысымыздың өміріміз – ертегі.  
Екеуміз кафеге кіріп, терезеге таяу орынға жайғастық.
Актриса:
– Шарап ішесіз бе? –  деп бетіме сұраулы жүзбен қарады. 
– Қызыл шараптан ұрттап отыруға қарсы емеспін.
Ол қызыл шарапты қанағат тұтпай, коньякқа тапсырыс  берді.  
–Табиғатымнан жезөкшемен ұқсастық байқаған ба, кинорежиссер «түнгі көбелектің» рөлін ұсынды. Мен жезөкшеге ұқсаймын ба? – деп қол айнасына өзін жаңа көргендей үңілді. 
–  Голливудттық әйгілі актриса Джулия Робертс  те «Сұлу бикеш» фильмінде жезөкшенің образын сомдайды.
–  Біз – күнә мен қателіктің жемісіміз. Біздің әрқайсысымыздың болмысымыз  –  жалаңаш. Тек жалаңаш болмысымызды «киіндіргіміз» келетіні күлкілі.  
Күлгенде көзінің астындағы ұсақ әжімдер тіпті қалыңдап кетеді екен.
– Сізге болмысыңызды ақ түспен киіндірген ұнайды екен, – деді сайқал күлкі иесі.
Бойымды мұң басып, әңгімеге зауқым соқпады. 
– Билейік, – деді ол.
– Билегім келмейді. 
– Өзімді тобырдың ортасында ғана бақытты сезінем, – деді шаттанып.  
Ол жеңіл ырғақты ағылшын әніне иықтарын жұлқылап билеп жүрген топқа барып қосылды. Қас-қағым сәтте қысқа қызыл көйлекті актрисадан көз жазып қалдым.
Терезені жаңбыр сүйіп жатты. Өзімнің сезімсіз жүрегімді аяп, жылағым келді. Жалғыздық мұңына қамалып, торыққан жанымды тек қана жаңбыр түсінетіндей. 
– Көп күттің бе?
Қылымсыған актриса тақырбас жігітіне төрден орын ұсынып, өзі қатар отырды. Қысық көз жігіт сөзге тым сараң екен. Есесіне қомағайлау. Кәуапты таусып, балықтан жасалған салатты сүйсініп жеп отырған тақырбас айналасында адам барын ұмытқан секілді.
– Сіз бизнеспен айналысамын дедіңіз бе?
– Иә.
– Құпия болмаса, қандай бизнес?
– Көтерме бағамен жеміс-жейдек сатамын.
Актриса сызданып, үнсіз қалды.
Бизнесмен балық салаты салынған ыдысты босатып, қызанақ салатына қол салды.
Актриса тақырбасқа қарап:
– Тағам мен салатқа тапсырыс берейік пе? – деді.
– Қалауларыңыз білсін, – деген ол актрисаның алдындағы қарыннан жасалған салатқа қол созды.    
– Сіздің кететін уақытыңыз болмады ма? – деді актриса тақырбастың жанарына жанарын қадап.
– Сізді үйіңізге шығарып саламын, – деді тақырбас еш абыржымастан.
– Рақмет! Үйімді сізсіз де таба аламын.
Тақырбас орнынан тұнжырай тұрып, көңілсіз езу тартып, қоштасты.
Тақырбасты көзімен шығарып салған актриса: – Ұятсыз! – деді тістеніп. – «Бизнесменмін» дейді ғой. Өтірікші. Қалтасында көк тиыны жоқ. Жеміс-жейдек сатушы.
– Болмысыңызды қара түспен киіндіргенде өзіңіз ғана жапа шегесіз.
– Театрға оралып, Қаралы сұлудың бейнесін сомдауды армандаймын, – деді ол. – Қаралы сұлу күйеуі өліп жесір қалса, мен сүйгенімді қиялымда көміп тастап, өзімнің ар-ұятыммен арпалысып келемін.
–?..
– Сізді жалықтырып жібердім бе? Кешіріңіз, менің өмірім –  сіздің өміріңіз емес екенін ұмытып кетіппін. Біздер бір-біріміздің өмірімізге соншалықты немқұрайлы қарайтындықтан бақытсызбыз, –  деді ол зілді үнмен.
– Керісінше, біздер бір-біріміздің өмірімізге жиі араласатын себепті көп-көп қателікке жол беріп жатамыз.
– Әр адамның болашағын өткені қалыптастырады. Өмірде құрақ көрпе секілді, өзіңнің қайғың мен қуанышыңды үйлесімді етіп, құрастыруың керек.
–  Бұл кафеде бал қосылған көк шай бар ма екен?
– Мен даяшы емеспін, – деп жасанды жымиды. –Кинорежиссермен кездесетінімді ұмытып кетіппін. Кешір,  кетуім керек.
Ол асығыс жиналып, кафеден шығып кетті. Даяшымен есеп айырысып, қалтамдағы тиын-тебенімді санасам, сексен бес теңге ғана қалыпты.
Көңілім құлазулы. Бірақ мені ренжіткен күз емес еді…

%d bloggers like this: