Шыңғыс Айтматов шуағы (Аға-дос туралы эсселер)

Мұхтар Шаханов   

Сексенбай мен Тоқсанбай тудыру проблемасы

2007 жылдың мамыр айында Малайзия мемлекетіне жүргелі тұрғанымда Бельгиядан Шікең телефон соқты.

Жолсапарға шыққалы жатқанымды білген соң: «Егер мүмкіндік тапсаң ол елдің қазір зейнетте жүрген бұрынғы Премьер-министрімен жолығуға тырыс. Өте парасатты адам. Қазір өзің жиі көтеріп жүрген ұлт, тіл проблемасын ол кісінің қалай шешкеніне назар аударып көрші», – деді.
Екі күн бұрын Астанада, Парламенттегі қабылдау бөлмеме жасы 83-ке көтерілген бір қарт кісі келген-ді. Қала маңындағы шаруашылықтардың бірінде тұрады екен. Маған әкелген қымыз толы месін парламенттің жіті көз сақшылары өткізбей жатқандықтан, ақсақалдың өтініші бойынша оларға телефон соғуыма тура келді. Қарт өте әбжіл қимылды, ұлтжанды адам екен. «Бәйбішем жеті жыл бұрын қаза тапты, – деп ол әңгімесін бастады. – Шыңғыс Айтматов екеуіңіз жазған кітапта Сіз жүзге жақындаған Жамбыл ақынның үйленбекші болғанын, оған облыс, республика басшылары қарсы шығып мүмкіндік бермей қойғанын, кейіннен Жамбыл ауырып қалғанда көңілін сұрай барған әлгі басшылардың өздері бір ыңғайсыз жағдайда қалып, өкінгенін суреттейсіз. Менің де денсаулығыма қарап, құрақ ұшқан келіндерім жоқ емес, бірақ әр қарт адамда науқастанған шағында тек жұбайы ғана араласа алатын мәселелер болады. Тура соған жақын оқиға өз басымнан өтті. Не керек, ері қазаланып, жесір қалған бір келіншекпен тағдыр қостым. Жылға жетер жетпес уақытта, қошқардай Шыңғыс атты ұлды дүниеге әкелді. Біреулер «бұл сексеннен асқанда көрген перзентіңіз, сондықтан нәрестенің аты «Сексенбай болсын» деген де ұсыныс айтты. Көнбедім. Жұбайым менен 46 жас кіші. Бірақ, құдайға шүкір, өзін менімен өте бақытты санайды. Алғашында әйелім егіз ұл туса бірінің атын Шыңғыс, бірінің атын Мұхтар қоямын деп жүргенмін. Келесі ұлымның аты сөз жоқ Мұхтар болады. Мұны Шыңғыс екеуіңізге деген үлкен құрметімнің белгісі деп қабылдағайсыздар. Ал, сонша жерден қымыз көтеріп әкелген себебім, күні бүгінге дейін терең мән берілмей келе жатқан қымыздың дара қасиетін сізге ұқтыра түссем деген ой еді. Өйткені ұлт, тіл жөнінде туған халқының ұлтсыздарымен кескілескен күрес жүргізіп жатқан адам, өзінің денсаулығы жағынан да қарсыластарынан әлдеқайда биікте тұруы керек деп есептеймін».
Шікең екеуіміздің есімімізді дүниеге жаңа келген егіз ұлдарына қатар қою Қырғызстанда да, Қазақстанда да бірнеше дүркін кездесті. Ол жөнінде газеттер де жарыса жазысты. Тіпті бір қырғыз ақынының:

«Екі халық достассын,
Қазақ пенен қырғыздай.
Екі жігіт достассын,
Мұхтар менен Шыңғыздай» деген жыры да қырғыз жұртына белгілі. Әрине, бұл арада Айтматовтың бүкіл әлемді мойындатқан дара даңқы, ал менің қазақ пен қырғыз арасындағы елдік, ұлттық мүдделерге дамылсыз ден қойғандығым әсер етсе, екіншіден, екеуміздің ел арасына кең тарап кеткен, бір-бірімізге деген шынайы бауырластық, достық ықыласымыз сеп болса керек.
Малайзияға жүрер алдында өзіммен сапарға бірге шығатын Марат Сәрсенбаев деген Қазақстандағы «Халал» комитетінің төрағасына, қымызды өзінің күнделікті тағамына айналдырып, 83 жасында Шыңғыс атты ұл тудырған қарт туралы айтып ем, ата-салтымызға ерекше құрметпен қарайтын ол Малайзиядағы Қазақстанның Елшісі боп қызмет атқаратын Мұхтар Тілеубердинге он литр қымыз ала барыпты. Өкінішке орай, біз Малайзияда болған шақта Шікең айтқан экс-премьер-министр шет елде жүр екен. Әйтсе де Малайзияның королімен және оның жұбайымен кездесуімнің, тіпті олармен Жетпісбайлар, Сексенбайлар тудыра алатын қымыз құдіреті жайлы әзілдесудің де сәті түсті. Енді сол кездесуіміздің негізінде қарттықты мойындамауға үндейтін, Малайзиядан оралғаннан кейін іле-шала жазылған «Қымыз және қарттық шақ, Малайзия королінің жұбайы немесе Айтматов неге өкпеледі?» деген әзіл өлеңді назарларыңызға ұсынайын:

«Бізбен жарқын амандасты Малайзия королі,
Қимылынан байқалғандай іскерлігі өрелі.
Ал әйелі ұшқын шашқан көзінен,
Әлдеқайда жастау екен өзінен.
Ұлттық тағам әрбір ұлттың мақтан тұтар еншісі,
Екеуіне қымыз құйды Қазақстан Елшісі.
Әдетінше биліктегі сан тәкәппар серінің,
Қымызды олар шетке ысырды, сәл тигізіп ерінін.

Мұндай сәтте ұзақ үнсіз, тілсіз қалу мәнді ме?
Екеуіне қарап тұрып бастадым мен әңгіме:
– Король мырза, біздің қазақ елінде,
Жолы дархан, орын алған сенім, құрмет төрінде
Жетпісбайлар, Сексенбайлар, Тоқсанбайлар тіптен көп.
Содан талай қартымыздың жастық-шағы біткен жоқ.
Шын еркектік көп қанатты, көп санатты, жоталы,
Ері сексен, тоқсан жасқа келген кезде тоқалы
Ұл туса оған Сексенбай деп, Тоқсанбай деп ат берген
Ұлтымыздың шалдарына құдай сондай бақ берген.
Бұл жағынан еліңізде үлгі етердей ғасырға,
Еркек бар ма ұл туғызған сексен-тоқсан жасында? –
Деп сұрап ем, екеуі де жарыса бас шайқады.
– Міне, – дедім, – мына қымыз басқаша әуен айтады.
Қымыз алпыс ауруға ем, дене мұңнан аршылар
Қымыз жалқау шалдардың да еркектігін қамшылар!..

Осы сәтте маған күле, оймен қарап шынайы,
«Кәне, іш» деп ерін түртті корольдің жас жұбайы.
Біраздан соң екеуі де үзгендей бір шідерді,
Қымыз толы нән кесені тартып-тартып жіберді…

Өмір – жарыс, болсын әркез шаттық ұзақ, мұң қысқа.
Қымыз, король жайлы айтып ем аға-досым Шыңғысқа:
– Сен қымыздың елден-ерек құдіретін сұрапыл,
Жетпісбайлар, Сексенбайлар тудыра   алар қуатын
Неге есіме салмағансың жеңгең  жастау кезінде?..
Енді ол істі жалғау жағын  қалдырамын өзіңе.
Қартаймауда жатыр біздің шын еркектік бағамыз, –
Деп көзінен жас аққанша  күлген еді ағамыз.

Жастық рухты сақтап қалу ерлікпен тең ұққанға,
Көп жыл бұрын  Айтматов жетпіс жасқа шыққанда:
– Шалым, қарттық-шақпен,  міне, келіп тұрсыз бетпе-бет –
Деп ем, үш күн сәлемдеспей жүрді маған өкпелеп.

Иә, қарттықты мойындамау ердің басты құралы,
Жастық кімде?  Бақыт соған қайсар мойнын бұрады.
Қайсар, шыншыл еркек қана елдік мүдде шынары.
Өмір мені Айтматовқа іні етіп сынады.
Қазір жасым ұлғайса да, сөнбей өрлік құмары,
Біреу «шал» деп айта ма деп  зәрем ұшып тұрады…»
Алматыда бір топ қонақтармен қымыз ішіп отырып және олардың қолқалауымен осы өлеңді оқығанымда, Шікең:
– Сен менен 14 жас кіші болсаң да қарттықты мойындамау идеясы ортақ мақсатымыз боп қала бергей. Ал мына жырың жұрттың қымызға деген ықыласын бұрынғыдан әлденеше есе арттыра түсіп, Жетпісбайлар мен Сексенбайлардың дүниеге келуін көбейтсін. Өлеңде айтылған ойымды қайталайын. Енді менен қайран жоқ. Бірақ келіндердің рұқсатымен қымызқұмар, қарттықты мойындамайтын қайсар еркектерге жол ашылғай! – деп әзілдеп еді. Сосын ол Бішкекте кейбір қымызқұмар қалталы кәсіпкерлердің едәуір бөлегі екі әйел алуды модаға айналдыра бастағанына тоқталды.
– Мәселен мен біздің Отырардан шыққан, қазір Шымкент қаласында тұратын Байбосын Зұлпыхаров деген жігітті білемін, – дедім оған. – Қайбір жылы өзіңіз Шымкентте болғанда сол азаматпен таныстырғым-ақ келді. Сәті түспеді. Жансұлу, Неля атты екі жұбайы бар. Екеуі де Байбосынға өлердей ғашық. Бір ғажабы екі әйелі де бір-бірін ерекше сыйлайды. Әрқайсысының жеке-жеке отауы болса да, бірінің үйіне Байбосын қонақ ертіп келсе, екіншісі сол арадан табылады және зыр жүгіріп қызмет етеді. Екі әйелден өрбіген перзенттерінің де бір-біріне деген ықыласы, құрметі ерекше. Өзім талай рет екі келіннің өз күйеуіне және ол қадірлеген, сыйлаған адамдарға, тіпті ол ұнатқан заттарға, тамаққа дейін жан сүйсінтер риясыз көңілін көріп риза болдым. Қалай десек те екі әйелдің бір еркекке жарыса ғашық болуы, оған еркек жүрегіндегі жауап сезім жаңғырығының үндесуі, әрі осы қуаттардың бір шаңырақ астында күш жинауы, әлі терең зерттелмеген сала.
– Қап, маған ол жігітті бекер таныстырмаған екенсің, – деп таңдана жымиды Шікең. – Бұл арада екі келіннің өзара ішкі достығы, бірлік қуатына деген ортақ мүддесі салтанат құруы ғажап емес. Екінші жағынан жігіттің өз жанұясын үйлестіру, бірлестіру идеясы іске жақсы қосылған сияқты. Әйтпесе әйелдер табиғатында дәл осындай бірлік өте сирек ұшырасатын жәйт.
– Мен сізге, өзімді таң-тамаша қалдырған бір оқиғаны әңгімелейін, – дедім Шікеңе. – Қызылордада бір еркектің, бір шаңырақ астында, бір-бірімен ерекше татулықта тұратын үш әйелі бар екен.
– Бұл әңгімең сәл-пәл қиял-ғажайып ертегіге ұқсап барады, – деді Шікең күлімсіреп.
– Әңгіменің ерекшелігі де сол қиял-ғажайып ертегіге ұқсауында, – дедім мен. – Нақ осы дәуірде үш әйелді қабат алу және оларды бір шаңырақ астында бірлікте, татулықта ұстап отыру мүмкін емес екені айдан анық. Әлгі жігіт мұндайда бірден алдыңғы қатарға шығатын әйел өзімшілдігі мен пенделігін тұқыртатын мынадай дөрекілеу әдіс қолданыпты. Алғашқы күннен-ақ үш әйелдің бірі күйеуіне өз күндесінің үстінен арыз айтады. Жігіт оны үнсіз тыңдап алады. Сосын үш әйелін қатар отырғызады. Арыз иесінің пікірін қалған екеуінің құлағына жеткізеді. Домбырасын қолына алып Құрманғазының «Кісен ашқан» күйін желдірте орындайды да, «Бірлікке тас ату – сатқындық» деген өзінің қанатты сөзін күй ырғағымен үстемелете қайталап, қамшымен үш әйелін бірдей сықпырта сабап шығады. Келесіде тағы да бір әйелі өзіне ұнамаған күндесінің бірін, немесе екеуін қатар жамандап арыз айтқанда, жігіт тағы да әлгі тәсілді қолданады. Негізінен арыз иесі айыпты болғанымен, қалған екеуінің сол тұста күнәсі жоқ қой. Бұл тек біреуі арыз айтса бітті, «Кісен ашқан» күйінің ырғағымен «Бірлікке тас ату – сатқындық» дей отырып, үш әйелін бірдей қамшының астына алады. Басты идея мынау: Жұбайлары қандай жағдайда болсын бір-бірін жамандап арыз айтпауы керек. Ақырында үш әйел қызғанудан, пендауи көре алмаушылықтан сап тиылып, бір-бірінің адамгершілігіне, рухани парасатына, басқа да жақсы қырларына назар аударып, өзара тату-тәтті күн кеше бастайды. Міне, осындай жанұя бүгінгі таңда Қызылорда қаласында ғұмыр кешіп жатыр. Бұған не дейсіз?
– Кейде қара күштің де бірлікке, ізгілікке, кейде тіпті махаббатқа да қызмет етер кезі болатынын мойындамасқа шараң жоқ, – деп ойлана жымиды Шікең. – Екеуміз бірлесіп жазған кітаптың «Біздің өміріміздегі әйелдер…» атты бөлімінде әлемнің түрлі-түрлі жерінде жұбайлық өмірдегі сан қилы толқулар мен шалқуларға тоқталмадық па? Бәлкім, өмір осындай қайталанбас қызықтарымен мазмұнды шығар… (Бұл арада кітаптың сол Шікең нұсқаған бөлімінен үзінді келтіргенді дұрыс көріп отырмын):
«Айтматов. …Махаббаттың басты тұғыры – тұрақтылық десек, оны өткен ғасырларда әр ұлт пен ұлыс өз түсінігі мен нанымының, діни сенімінің деңгейінде бағалаған. Бағзы дәуірлерден қалған жылнамалар мен тас, қағаз бетіне салынған гравюралардан, қара жер қойнынан табылған саркофагтерден ері өлген жесірлердің өз еріктерімен отқа өртеніп, махаббат құрбандығына айналғанын көреміз.
Тас ғасырының мұндай жантүршігерлік салты жер шарының қай ендігінде де болған. Мәселен, Қытайдың Гайнан аралының тұрғындары қайтыс болған ер-азаматтың үстін жібекпен немесе жылқы, сиыр, қой терілерімен бүркеп, жанына әйелін тірідей таңып, астынан от қойған. О дүниеге жұбайлар бірге қадам басса, жер бетіндегі бақытты тірлігі сол қалпы жалғасады деп сенген.
Мұндай таңғаларлық фактілерді Геродоттың және басқа да көне ғасырлық тарихшылардың жазбаларынан жиі кезіктіреміз.
Көп әйелі бар еркек өлсе, күйеуімен бірге о дүние есігін сүйікті әйелі ашу керек деген ұғым салтанат құрған. Сол үшін де жесірлерінің арасында бір-бірімен бет жыртысуға дейін барған дау-жанжал басталады екен. Өлген адамның достары марқұм тірлігінде қай әйелін қандай дәрежеде сүйіп, құрметтегенін дереу сарапқа сала қояды. Ақыры, таңдау бір әйеліне түседі. Ол әйелдің қуанышы қойнына симай, зор мақтанышқа кенеледі. Сол сәтте әлгі әйелді жақын туысқанының бірі өлтіріп, күйеуінің жанына жерлейді. Өзге тірі қалған жесірлер қызғаныштан іштері күйіп, пұшайман халге түседі. Өйткені оларға күйеуінің соңында тірі қалудан асқан қорлық жоқ болып саналған.
Ежелде Жаңа Зеландия тұрғындарының көсемі қайтыс болса, жиналған ел-жұрт бәйбішесінің қолына арқан ұстатады екен. Ол міндетті түрде орманға барып, өз еркімен асылып өлуге тиіс. Бұл оның махаббатқа деген адалдығын көрсетеді.
Осы тәрізді түсінік пен «ғашықтығын дәлелдеу» салты ертедегі скифтерде, гректер мен литвалықтарда да кеңінен өріс алғанын білеміз.
Ал Сүлеймен аралында тұратын тайпа басшысы көз жұма қалса, қарамағындағы халық оның әйелін тұншықтырып өлтірген. Сонымен қатар басшының жақын тұтқан ағайындары, қызметшілері жедел түрде улы өсімдіктің сөлін ішіп, есеңгіреп, басшы моласының жанына барып, асылған. Өйткені ел ардақтаған сыйлы адамды о дүниеге жалғыз жіберуге болмайды деген түсінік үстем түсіп отырған.
Тіпті кейбір тайпаның бойжеткендері болашақ күйеулері өле қалса, әзір тұрсын деп, тұрмысқа шықпас бұрын мойнына жіп орап жүрген. Ал Фиджи аралындағы сомо-сомо тайпасының атақты қолбасшысы Рамбити теңіз апатына ұшырап, суға кеткенде, соңында қалған он жеті жесірі түгелдей өлтірілген. Намен елді мекенінде біреудің сексен әйелі бірдей құрбандыққа шалынып, айнала қызыл қанға бөккенін жылнама беттері айғақтайды.
Шаханов. Бұл арада, сірә, махаббаттан гөрі, мистикалық консерватизм мен жан дүниенің көрсоқырлығы жайында айтқан жөн шығар, әрі өзі – жан шошырлық нәрсе ғой. Ертеде Африка тайпаларында көсемі, не көсемінің сүйікті әйелі өлсе, қызметші құлдарын да қоса көметін дәстүр болған. Құрбандыққа бас тіккен олар мұны өзіміздің қасиетті парызымыз деп білген. Осындай бір жабайы салт орындалар кезде қапияда жолыққан еуропалықтар өлгелі түрған құлдарға араша түседі. Сонда құлдар: «Көсемімізді о дүниеде кім күтіп-бағады?» – деп, ақ адамдарға наразылық білдіріпті.
Үндістанның найар атты көне тайпасының жұбайлық өмірі өзгелерден тіптен бөлек. Жігіт үйленгенмен, жұбайымен бір шаңырақ астында тұрмайды. Күйеу өз отбасында, әйелі де сол сияқты әке-шешесімен бір үйде тұра береді. Күйеуімен жолығысар сәтті зарыға тосқан әйелі жыл сайын бірнеше күнге ғана балаларын ертіп келіп, ер-азаматының қасында болып қайтуға еркі бар. Ал жиі кездесуге тайпаның дәстүрі, салты жол бермейді. Тіпті бұл масқарашылық болып есептелінеді. Және жұбайлар өмір бойы бір-біріне материалдық жағынан жауапкершілік жүктемейді. Әркімнің күнкөрісі өзінде. Бір қызығы, тайпада айырылысу деген өте сирек кездесетін құбылыс екен. Бәлкім, бұл ұзақ жылдар бір шаңырақтың астында тұрып, жұбайлық өмірдің күнгейлі-көлеңкелі шақтарын бастарынан жиі кешпегеннің әсері шығар.
Сол сияқты даяктардың үйленуі мен ажырасуы да өзгелерден ерекше. Бұл халықтың өмірін жете зерттеген Пьер Пфеффер былай деп жазады: «Мұнда еркектермен қатар әйелдер де ажырасамын деп талап қоюға ерікті. Бұл даяктар өмірінде ешқандай драма туғызбайды».
Бір таңғаларлығы, ерінен айырылысқан әйел екінші мәрте тұрмыс құрса, алғашқы күйеуі олардың құрметті қонағына, тіпті әйелдің кейінгі жарының досына, туған ағасына айналатын көрінеді.
Міне, шуда жіптей шатасқан әртүрлі наным, түсініктің төңірегінде қаншама ұлт пен ұлыстың жұбайлық ғұмыры, азапты махаббаты жасырынып жатыр!»
– Бірақ бір мәселе жөнінде пікіріміз айқын болуы шарт – деп әңгімесін жалғастырды Шікең. – Кейде біреулердің екі немесе үш әйел алғанына үдере қарағанымызбен олардан өрбіген, яғни ата-анасының мейірімін сезініп өскен сәби мен тастанды, ата-анасының мейірімін мүлде сезінбей есейген бүлдіршіннің арасында жер мен көктей айырмашылық болатынын терең пайымдай бермейміз. Бір мысал келтірейін. Жамбыл малдәрігерлік техникумында оқып жүрген кезім. «Коневодство» пәнінен сабақ беретін, Ленинградтан келген қарт ұстазымыз қала сыртына алып барды. Қалың ағаш арасындағы шағын көкорай алаңда арқандаулы тұрған бие мен құлынның табиғатына байланысты сұрақ жауап өрбітті. Сонан кейін демалыс сағаты жарияланды. Бір кезде жақын маңнан мысықтың жан ұшыра, булыға шыңғырған ащы дауысы естілді. Солай қарай бұрылсақ, бір курстас жігітіміз жабайы мысықты ұстап алып, төрт аяғын түгел матап, мойнынан қылқындыра тұзақтап, имек ағашқа асып қойыпты. Әрі өзі соған шаттана, масаттана қарап тұр екен. Қасымдағы бала қалтасынан бәкісін алды да: «Тіршілік иесіне осыншама азап беруге бола ма?» деді де жіпті кесіп жіберді. Мысық топ етіп жерге құлады. Жігіт көзі ақилана ызаланып, қасымдағы баланың алқымына қолын салып: «Бұл сенің әкеңнің мысығы емес қой. Біреудің ішкі шаруасына араласуға қандай хақың бар? Білгің келсе айтайын, кез-келген тірі жәндіктің азап шеккенінен өз басым ләззат аламын» деді. Мен ара түспегенде олардың бұл жағаласуы төбелеске айналып кетуі мүмкін еді. Кейіннен әлгі жітіттің «кез-келген тірі жәндіктің азап шеккенінен өз басым ләззат аламын» деген сөзі бізді сан-салалы ойға жетеледі. Сөйтсек ана жігіт ата-ана мейірімінен мүлде бейхабар, анасы ойнастан туып, көшеде қалдырып кеткен, қашан есейгенше жетім балалар үйінде тәрбиеленген адам болып шықты. Міне, ата-ана мейірімін көрмей өсудің осындай өзіндік қасіреті мен өшпенділігі қатар жүретініне сол жолы тұңғыш рет көз жеткіздім.
– Кеңестер Одағының кезінде мейрімсіздік пәрмені мемлекеттік саясатқа қызмет етті – дедім мен. – Новосибирск қаласында кілең ата-ана мейірімін білмей өскен, мүмкіндігінше тастанды балалардан құрылған әскери топ салтанат құрды. Әрі мұндай қаныпезер топтың бар екендігі жұрт назарынан мүлде жасырын ұсталды. 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы кезінде, билік «Метель» операциясын сынап көру мақсатында осы қаныпезер топты жасырын түрде енгізген еді. Алаңға қарусыз жиналған жастарды аяусыз соққыға жыққан да, олардың едәуір бөлігінің жанын жаһаннамға аттандырған да, қолға түскен жігіттер мен қыздарды алаң шетінде 20 градус аязда, мұз үстіне бірнеше сағат бойына етбетінен жатқызып қойған да, кейіннен оларды бірі шашынан, бірі аяғынан ұстап, үсті ашық мәшинеге, отынға әзірленген ағаш сияқты лақтырған да осы топ болатын. Ата-анасының жүрек жылуын, шуақты мейірімін көріп өскен солдаттар қанша жерден тапсырма алғанымен шектен шыққан зұлымдық қимылға бармайтыны белгілі. Ал мына топ керісінше, ондай жантүршігерлік қимылдан ләззат алады. Отыздан астам мәшинеге сықай тиелген жастарды қаладан 30-40 шақырым жерге алып барып, жігіттерді шетінен соққыға жығады. Есін жинаған еркектердің аяқ киімін шештіріп, кейбіреулерін тырдай жалаңаш күйінде 20 градустық аязда үйіне жалаңаяқ қайтуға рұқсат береді. Қыздарды түгелдей зорлап, «болашақта бала көтермесін» деген ниетпен бірнеше сағат бойына іш киімсіз мұз үстіне отырғызып қояды. Мұндай зұлымдық харекетке кезінде Гитлердің фашистері де бармаған. Себебі, олардың қарамағында Желтоқсанның рухани көтерілісі кезінде өз бетпердесін толық түрде ашқан, ата-ана мейірімінсіз, шуағынсыз, сәулетінсіз ержеткен, кілең жетімдерден құралған арнаулы топ жоқ еді. Қаншама ғасырлар бойына адам баласы онша мән бермей келген, әркімнің жеке шаруасы боп есептелетін, ата-ананың балаға деген мейірім шуағы төңірегінде осындай үлкен қауіпті мүдде бой тасалап жатады деп кім ойлаған?!
2008 жылдың желтоқсан айында Үрімші тұрғындарының шақыруына орай Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр автономиясында болып, үш мың адамдық үлкен залда поэзия кешін өткіздім. Жұрттың айтуынша билет жетпеген тағы сонша адам сыртта қалып кетіпті. Қытай полициясы лек-легімен ентелей ұмтылған жанкүйерлер арасымен әйелім Қаншайым екеумізді қонақ үйге апаратын көлікке дейін әзер алып барды. Үрімші қазақтарының поэзияма деген ықыласы таң қаларлық екен. Олардың арасынан бір емес бірнеше поэмамды сағаттап жатқа соғатын адамдарды кездестірдім. Тіпті поэзиядан хабары жоқ деген жұрттың арасынан бір шумақ жырымды жатқа білмейтін адам табу қиын сияқты. Келесі күні таң елең-алаңда, сағат 7-ге жақындағанда есік қағылды. Ашсам, есік алды топырлаған жұрт. «Аға, біз Қытайдың алыс аудандарынан келген 200-ден астам адам, кеше өзіңізге жақындау мүмкін болмағандықтан, қолтаңбаңызды алып кетейік деген үмітпен, түні бойы ұйықтамай, оянар шағыңызды күтіп тұр едік» деді біреуі. Жасыратыны жоқ, мұндай көзсіз ықыласты еш жерден, тіпті өзімнің туған ауылымнан да көрген емес едім. Амалсыздан поэзия жанкүйерлерін мені ертіп жүрген адамдар бір-бірлеп бөлмеге кіргізіп отырды. Көпшілігінің қолында Үрімшіде бірнеше дүркін басылған «Жаңа қазақтар», «Дәуір дастандары» атты өлең жинақтарым мен Шыңғыс Айтматовпен бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты сырласу кітабы. Бұл кітап мұнда алты рет басылып шығыпты. Кейбір басылымдары тіпті жүз мың данамен тарапты. Жанкүйерлер арасында екі-үш ұйғыр бауырлар да бар екен. «Құз басындағы аңшының зарының» ұйғыр тіліндегі аудармасын тұңғыш рет солардың қолынан көрдім.
Шікеңнің қаза болғанына 5 айдан аса уақыт өткен. Қолтаңба алушылардың басым көпшілігі: «Айтматов ағаңыз әрі досыңыз еді ғой, иманы саламат болсын. Ол кісіні жоғалту бәріміз үшін үлкен қайғы» деп көңілін білдіріп жатты. Шікеңнің барлық шығармалары қытай тілінде әлденеше рет басылыпты және осындағы өзге халықтардың тіліне де молынан аударылыпты. Бұл елде Айтматовты білмейтін адамды іздеп табу едәуір күшке түседі екен. Бір жоғарғы оқу орнындағы кездесуде екі-үш қытай ғалымы жолығып өзінің Айтматов шығармалары төңірегінде диссертация қорғағанын мақтанышпен айтты. Үрімшідегі аға-досыма деген риясыз құрметтің бүгінгі таңда ұлтсыздануға, рухсыздануға бет бұрған қырғыз жеріндегі ынта-ықыластан әлдеқайда жоғары екеніне көз жеткіздім.
Жергілікті халқы 21 миллионнан асатын Шыңжаң Ұйғыр автономиясы өлкелік саяси кеңесінің төрағасы Асхат Керімбайұлы мен Халық Үкіметі төрағасының орынбасары Тілепалды Әбдірешитұлының қабылдауынан кейінгі қонақасыда Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер вице-министрі қымыз толы кесемен қасыма келіп: «Мұхтар мырза, жұмыс барысында араласып жүретін бір-екі қазақ пікірлесім болса да олар маған қымыздың мынандай дара қасиетін айтқан емес. Сіздің өлеңіңіз менің қымызға деген мүлде жаңа құлшынысымды оятты» деді де менімен кесесін соғыстырды.
Өзім қызмет істейтін «Жалын» журналына бір қария келді.
– «Жас Алаш» газетіне жарияланған өлеңіңізді оқыдым. Мен де қымызшылмын, әрі сіздің аға-досыңыз Шыңғыс Айтматов сияқты біреу шал десе өкпелейтін адаммын, – деді ол қулана жымиып. – Жасым сексенге мінсе де жақында нәрестелі болдым. Соны сізге айтып мақтанайын деп әдейі келген бетім еді.
Журнал редакциясында белгілі қаламгер Құдияр Біләл екеуміз Шакизада Сүлейменова деген ұлтжанды қарындасымыздың қолымен қарияға арнап дастархан жайдырдық, нәрестеге «жол болсын» айттық.
– Аға, – дедім біраздан соң қарияға бұрылып. – Қарттар арасында Сексенбайлар, Тоқсанбайлар тудыру дәстүрі кейінгі жылдары шегініске түсіп тұр. Асанәлі Әшімов деген атақты әртіс ініңіз осыдан екі-үш жыл бұрын бір Жетпісбайды дүниеге әкеліп еді, соның өзі еркектер арасындағы үлкен жетістік санала жаздады. Бірақ біз жуырда ол ініңіздің алдына Сексенбай тудыру міндетін қойдық. Енді Сізге де қояр талабымыз бар.
– Егер қолымнан келсе орындауға әзірмін, – деді қария құлшынып.
– Келеді, – дедім мен сеніммен. – Сіз, міне Сексенбайды дүниеге әкелдіңіз. Біздің қазақта Жүзбай деген де есімдер аз кездеспеген. Оның не үшін қойылғанын өзіңіз жақсы білесіз. Енді Сізге жүктелер талап, Сексенбаймен шектеліп қалмай, тоқсан жасыңызда Тоқсанбайды дүниеге әкелсеңіз, сол қуанышқа арналған үлкен тойыңыздың шығынын түгелдей мен көтерер едім.
– Әйелім қаза болғаннан кейін үйленген жеңгең, яғни Сексенбайдың анасы – қазір 36-да. Он жылдан кейін 46-ға шығады, – деді қария басын сипап ойланып. – Бәлкім, жарап қалар. Келістік!
Сөйтіп екеуміз қол алыстық.
Әттең, Шікең тірі тұрғанда ризалықтан әрі шаттықтан бұл әңгімеге көзінен жас аққанша күлер еді.

Пікір қалдыру